Жаңа жыл жаңа облысқа жақсы жаңалығын ала келді. 12 қаңтардан бастап Жезқазған – Өскемен аралығында әуе қатынасы жолға қойылады.
Авиарейстерді аптаның сәрсенбі, жұма күндері qazaq air әуекомпаниясына тиесілі жаңа генерацияланған «de-Havilland Dash 8-Q400» канадалық әуе кемесі атқарады. Екі араға кететін ұшу уақыты екі сағат мөлшерінде. Бағасы да қалтаға ауырлық түсірмейді. Ересектер үшін 15 мың теңге болса, 14 жасқа дейінгі балалар 50 пайыз жеңілдікті пайдалана алады.
Қолжүгін тасымалдау нормасы – 5 кг, жолжүгі – 20 кг. Ұшу датасы мен билеттерді қайтару кезінде ақша ұсталмайды.
– Облыс ашылғаннан бері еліміздің басқа өңірлерімен әуе қатынасы да жиілей түсті. Бұрынғы Астана, Алматы, Қарағанды бағыттарына өткен жылы Шымкент бағыты қосылса, енді міне, ұлытаулықтар Шығыс Қазақстанға, олардан бізге ұшақпен қатынау мүмкіндігі туындап отыр. Егер бұрын бұл екі аралықта тікелей көлік қатынасы болмағанын ескерсек, жаңадан ашылған әуе қатынасының орны ерекше болғалы тұр, – дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Шоқан.
Ал біз өз тарапымыздан Ұлытаудан ұшатын ұшақтар саны жиілей түссе екен деген тілек қостық.
Ұлытау облысы