• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қаңтар, 2024

Ардагерлерді алаламаса екен...

175 рет
көрсетілді

Мен 1940 жылы дүниеге келіп, есімді білгеннен соғыстан сансырап шыққан елдің еңсесін түзеуге атсалысқандардың бірімін. Әрине, қоғамға жасаған қызметімізді бұлдамаймыз. Бірақ жарты әлемді жайпаған соғыстан кейін тірлікке араласып, жұртпен бірге талай қиындықтан өткен бізге қартайғанда әлеуметтік жағдай жасалмай отыр. Мен де, осы күні қатары сиреген менің қатарластарым да осы уақытқа дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ала алмай келеміз.

2020 жылы «Ардагерлер туралы» алғашқы заң қабыл­данғанда бөркімізді аспанға атып қуанып едік. Маңызды құ­жаттың 7-бабының 4-тар­ма­ғында 1941 жылғы 22 мау­сым – 1945 жылғы 9 мамыр ара­лы­ғында кемiнде алты ай жұмыс iсте­ген (қызмет өткерген) және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР одағының орден­дерiмен және медальдары­мен наг­радталмаған адам­дардың ең­бек ардагеріне жататыны көр­сетілген. Заңның 12, 15-бап­та­­рында ардагерлерді әлеу­меттік қолдау шаралары, қол­дауды қаржыландыру туралы айтылғаны қуантып еді.

Жергілікті өкілді органдар, ұйымдардың басшылары өз құзыреттері шегінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын және емделуге жол жүру (екі жаққа), сондай-ақ ардагерлерге және осы заңның күші қол­да­нылатын басқа да адам­дар­ға ма­териалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету бойын­ша­ жеңілдіктерді белгілей алады дегенінен көп үміт күтіп едік. Бірақ соның жүзеге асуы қиын болып тұр.

Жоғарыда жазғанымдай, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген жылдары­ біз беліміз қатпай жатып ең­бек­ке араластық. Арнаулы заң қа­­былданған соң әлеуметтік қол­даудан дәмеленіп, жан-жаққа сұрау салдым. Осыдан 5 жыл бұрын Қазалыдан Қызылордаға қоныс аударғандықтан Қазалыға хабар салып, құжаттарымды түгелдедім. Тиісті орындардың бәріне барып шықтым, аяғым жетпейтін қашықтағыларына хат жаздым. Сондағы білгенім, біздің мәселемізді қала әкімі жанындағы арнайы комиссия қарайды екен. Оларға қалалық Ардагерлер ұйымы ұсыныс жасайтын көрінеді. «Жазған құлда шаршау жоқ» деп, ұйымға да бардым. Бірақ қаланың бір шетінен табаным таусылып, неше барғанда төрағасын орнынан таба алмай қатты қиналдым. Бір қалада жүріп, алты ай табылмаған төраға үстінен облыстық ардагерлер ұйымына шағымдануға мәжбүр болдым. Жарты жыл жүгірген шаруамды жарты сағатта шешкен облыстық ұйым­дағылардың ұсынысымен қала­лық ардагерлер ұйымы төр­ағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев мені ақыры қабылдады. Қа­был­дағаны бар болсын, менің көзімше мамандарға хабарла­сып, «бұл мәселе мүлдем ше­шіл­мейді» деп арызымды өзіме лақтырғаны жаныма батты. Арызыма жазбаша жауап қай­тару жөніндегі талабымды құлағына да қыстырған жоқ. Содан бері неше барсам да төраға таптырмай жүр. Осы­лай­ша, бір адамның кер­дең­дігінің ке­сірінен әлеуметтік қол­дау ізде­ген талпынысым тұйыққа тіреліп тұр.

 

Кәрім БАЙМҰРАТ,

зейнеткер

 

Қызылорда