Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында еліміздің бүгіні мен болашағына қатысты көптеген мәселе қамтылыпты.
Ел тізгінін Қасым-Жомарт Кемелұлы алғаннан бері жаңаруға бағыт алған мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды бәріміз сезінеміз. Рас, әзірше жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды құрып тастадық деп кеудемізді қаға алмаспыз. Бірақ бағытымыз айқын, мақсатымыз биік, сол жолға түскеніміз анық. Президент айтып отырғандай, «...Осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек».
Президент Қасіретті қаңтарға қатысты сұрақтарға да әдеттегідей тура жауап беріп, қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын ашық айтып отыр. Бұл ретте сұрақ та орынды, жауап та салмақты шыққан. Өйткені әлі күнге дейін арамызда бейбіт шеру еді, билік неге қару қолданды дейтіндер бар. Оларға менің айтарым, қайдағы бейбіт шеру?
Егер Президентіміз қалыптасқан ахуалды дұрыс бағалап, тығырыққа тірелген елді, бейбіт халықты қорғаудың пәрменді шараларын қабылдап, жедел жүзеге асырмағанда алдын ала жан-жақты ойластырылған, мұздай қаруланған содырлардың сойқаны неге әкеліп соқтыратынын болжаудың өзі қиын еді. Біле білсек, Мемлекет басшысының табандылығының, ерік-жігерінің, батыл іс-қимылдарының арқасында ғана аман қалдық. Ақиқаты сол, ел басына күн туғанда, Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл жауапкершілікті мойнына алып, батыл қимылдап, өзінің нағыз көшбасшы екенін дәлелдеді.
Соңғы отыз жылда бәріміз ауызбен орақ орып, жұмақта өмір сүріп жатқандай әсерде болдық. Қазақстан байлығының жартысы санаулы адамның қолына өтіп кеткенін енді біліп жатырмыз. Президент халықтан ештеңені жасырып отырған жоқ, әр сөзінде елдегі жағдайдың күрделі екенін дәттеп, оның бәрін бірлігімізбен, ұйымшылдығымызбен, елдегі тыныштықты сақтай отырып қана ретке келтіре алатынымызды, жылдар бойы қордаланған мәселелердің бір күнде, бір айда, тіпті бір жылда шешіле қалмайтынын айтып отыр.
Сұхбаттан түйген тағы бір ой – қазір үлкен өзгеріс кезеңіндеміз. Мақсатымыз – халық сөзіне құлақ асатын мемлекет құру. Өркениет жолын таңдадық. Президент, Парламент, Үкімет әділетті қоғам орнатуға, монополияларды жоюға, саяси трансформация жасауға, еліміздің экономикалық дамуын жеделдетуге күш салып жатыр. Осы істерден қоғамның әрбір мүшесі шет қалмауға тиіс. «Баянды болашаққа да бірге қадам басуымыз қажет. Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды», дейді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлының жалпыұлттық құндылықтар, сапалы ұлт қалыптастыру жолдары туралы айтқан ойларын да қолдаймын. Расында да, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік қана бізді табысқа жетелейді.
Бәріміз де елдің болашағын ойлаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен дейміз. Ол үшін бізге ең бастысы бірлік керек.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы