• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Үкімет 09 Қаңтар, 2024

Даму келешегі зор аймақ

184 рет
көрсетілді

Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев сенаторлардың өңірлерге сапары аясында Атырау облысында болып, мәслихат депутаттары, жұртшылық, ақсақалдар және жастармен кездесті. Кездесулер Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру, Сенаттың өңірлерді дамытуға жүйелі қолдау көрсету және Палатаның мәслихаттармен өзара іс-қимылы мәселелеріне арналды.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету және өңірлерді дамытуға жәрдем­десу – Сенаттың мәслихаттармен бір­лескен жұмысындағы негізгі бағыт­тар. Осы орайда сенаторлар осы жыл­ды да дәстүр бойынша облыстар мен аудандардың тұрғындарымен кездесуден бастады. Өңірлерді дамыту перс­пективаларын талқылау және мұндағы өзекті мәселелерді шешу – шаралардың  негізгі мақсаты болып отыр.

М.Әшімбаев Атырау облы­сының тұрғындарымен кездесу барысында Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында белгіленген міндеттерге назар аударып, барлық отандасымызды оларды іске асыру төңірегінде күш біріктіруге шақырды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында демократиялық реформалардың жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болғанын қадап айтты. Жалпы, өткен жылы азаматтарымыз­дың конституциялық құқығының қор­ға­луы­на кепіл болатын жоғарғы ор­ган – Конституциялық сот жұмысын бас­тады. Алғаш рет азаматтарымыз аудан және облыстық маңызы бар қала әкім­­­дерін тікелей сайлады. Осы және өз­ге де жетістіктер мен бастамалар биыл да жоғары көрсеткіштерге қол жет­кізуімізге берік негіз болады деп сене­міз. Жалпы, бүгінде еліміздің алдында ауқымды мақсаттар тұр. Ол мақсаттарға бірлесіп әрекет еткенде ғана жететініміз сөзсіз», деп атап өтті Сенат төрағасы.

Сенат пен мәслихаттардың өзара іс-қимылының маңызды бағыты – заңдардың, ұлттық бағдарламалар мен жобаларды өңірлерде іске асыру сапа­сына мониторинг жүргізу. Палата төр­ағасының пікірінше, жергілікті жер­лерде проблемалар анықталған жағ­дайда қалалар мен ауылдардың ерек­ше­ліктерін міндетті түрде ескере оты­рып, барлық деңгейдегі депу­таттардың бел­сенді бірлескен жұмысы қажет бола­ды. М.Әшімбаев осыған байланысты өңір­дің әлеуетін толық ашу мен депутат­тардың осы бағыттағы күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

«Атырау облысы шетел инвестицияларын тарту бойынша елімізде көш бастап тұр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі де дәйекті түрде ұлғайып келеді. Аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының өсуі де қуантады. Дегенмен аймақта жетіс­тіктермен қоса, шешімін күткен мә­селелер де жоқ емес. Олардың қатарында тұрғындарды экология, оның ішінде ауаның ластануы және су мәс­елесі алаңдататынын білеміз. Ин­женерлік және энергетикалық инфра­құрылымды жаңғырту мәселесі де өзекті. Өңірлердегі мәселелерді шешуге Сенат тарапынан жүйелі қол­дау көрсету – негізгі міндеттердің бірі. Біз өз тарапымыздан және басқа да әріптестерімізбен бірге облыс­тың өзекті мәселелерінің шешілуіне тиіс­ті көмек көрсететін боламыз», деді М.Әшімбаев кездесуге қатысу­шыларға арнаған сөзінде. Ол сон­дай-ақ «Өңір» депутаттық тобы­ның және мәслихаттармен өзара іс-қи­мыл жөніндегі кеңестің алда­ғы отырыс­тарының күн тәртібіне тоқталды.

Сенаторлар өңірдің дарынды жас­тарымен кездесу барысында аймақты одан әрі дамыту келешегін, заң шы­ғаруды жетілдіру және жаңа жобаларды іске асыру жөніндегі идеяларды талқылады. Сенат төрағасы осыған байланысты Қазақстанда жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылатынын атап өтті.

«Қазіргі таңда елімізде өздеріңіз сияқты белсенді, білікті жастарға жү­йелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Жастардың сапалы білім алуына жағдай жасалып отыр. Сіздердің об­лыстарыңызда «Атырау жастары» ипотекалық бағдарламасы қолға алын­ғалы 100-ге тарта жас азамат баспаналы болғанын білеміз. Бұл ретте Президенттік жастар кадрлық резервін айрықша атап өткен жөн. Мәжіліс және мәслихат депутаттарының қатарын­да жастардың болуын қамтамасыз ете­тін заңнамалық нормалар да қабыл­данғанын білесіздер. Сенат тарапынан да белсенді жастарды қолдауға арналған жобалар іске асырылып келеді. Өскелең ұрпаққа үлкен сенім мен жауапкершілік жүктелетінін айтқым келеді. Жастарымыздың бойындағы сондай дұрыс ұстанымдар мемлекетіміздің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз», деп атап өтті М.Әшімбаев. Ол сонымен қатар Сенат жанындағы Талдау мектебі мен Жас сарапшылар клубының жұмысы туралы айта келіп, бұл жобалар жастардың әлеуетін ашуға және оларды Палатаның заң шығару жұмысына тартуға бағытталғанын жеткізді.

Сенат төрағасы ұлттық құндылық­тарды одан әрі ілгерілетудің, үздіксіз білім алудың және кәсіби өсу үшін жаңа дағдыларды игерудің маңыз­дылығы туралы да айтты. М.Әшім­баев Атырау об­лысының көрнекті тұлға­ларын мысалға келтірді. Олардың қатарында Әбу Сәр­сенбаев пен Хиуаз Доспанова, Салық Зи­манов пен Зей­нолла Қабдолов, Фа­риза Оңғарсынова мен Жұмекен Нәжі­меденов бар. Біртуар тұлғалардың да­ры­нымен, ержүрек­тілігімен және өжет­­тілігімен танымал болғанын атап өтті.

Сенат депутаттары сонымен қатар мүгедектігі бар балаларға арнал­ған «Айна-Like» орталығындағы тәрбие­ленушілерімен, «APEC Petro Technic» Жоғары колледжінің ұжымымен кездесті, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС жұмысшыларының қызметімен және еңбек жағдайларымен танысты. Кездесулер кезінде өңдеуші өнеркәсіпті, экономиканың жаңа салаларын дамыту және инфрақұрылым­дық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.