Мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етпей, елдік реформаларды табысты іске асыру мүмкін емес. Бұл міндетті орындауда 10 қаңтарда құрылғанына 32 жыл толатын Ішкі әскерлердің құқықтық мирасқоры – Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы зор рөл атқарады.
Ел басшылығының қолдауымен осы жылдар ішінде Ұлттық ұланды кәсіби дамыту жолында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Басқару тәсілін нығайту үшін өңірлік қолбасшылық жүйе құрылды. Әскерлердің түрлі құрамын даярлау сыннан өтті.
2014 жылы Ішкі әскерлерді Ұлттық ұланға айналдыру туралы шешім қабылданды. Бұл ұйғарым елдегі әскерлерді дамытудың маңызды кезеңі саналады. Нәтижесінде, ірі құрылымдық қайта құру үдерісі жүргізілді. Биыл көктемде осы тарихи оқиғаға 10 жыл толуының символдық мәні бар.
Таяуда «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған бағдарламалық сұхбатында Мемлекет басшысы сын сағаттағы халықтың бірлігі, кәсіби және азаматтық жауапкершілігі елдің тұрақтылығына себепші екенін атап көрсетті.
Бүгінде құқықтық тәртіп әскерлері – ішкі істер органдарының негізгі күштік құрамдас бөлігі және мемлекеттің қоғамдық қауіпсіздікке жауапты жүйесі. Кейінгі жылдары туындаған күрделі оқиғалар мен олқылықтардан біз ащы сабақ алдық, қорытындылар жасалынды.
Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатаң талабы аясында Ұлттық ұланды одан әрі дамытудың негізгі бағыттары айқындалды. Әскерлерді сапалы және сандық тұрғыда нығайту үшін Ұлттық ұланды дамытудың 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.
Әскерлердің жауынгерлік әлеуетін арттыру аясында арнайы мақсаттағы бөлімшелердің ұйымдық-штаттық құрылымын жетілдіру жөнінде шаралар қабылданды және жаңа «Бүркіт» жасақтары құрылды.
Жедел мақсаттағы жасақтар негізінде Алматы, Ақтөбе және Тараз қалаларында бригадалар құрылды, ал Павлодар, Талдықорған және Жаңаөзен қалаларында жекелеген батальондар жасақтарға айналды. Бұған қалалар мен облыстардың әкімдері көп көмек көрсетті. Әскери-көліктік және армиялық авиацияны дамыту, әскерлерді автобронетанк техникасының заманауи үлгілерімен жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар іске асырылып келеді.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңнама шеңберінде 190-ға жуық брондалған танк техникасын сатып алуға шарттар жасалды, олар қазіргі уақытта келісімдерге сәйкес әскери бөлімдерге жеткізіліп жатыр. Әскерлердің жедел іс-қимылдары үшін 2025 жылдың соңына дейін су жаңа бес әскери-көлік ұшағын сатып алу жоспарда бар. Олардың біреуі мерзімінен бұрын өткен жылдың соңында жеткізілгенін айта кеткен абзал.
Астана қаласында орналасқан 3656 әскери бөлімінің жаңа авиациялық базасының объектілерін салу жөніндегі инвестициялық жоба сәтті аяқталды. Бұл – біздің өңірде жүзеге асырылған жалғыз жоба. Бұған 2023 жылы республикалық бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық ұлан ұшқыштарының жоғары кәсібилігінің арқасында күрделі сейсмикалық жағдайлар кезінде шет мемлекеттерге гуманитарлық көмек жеткізу бойынша міндеттер жоғары деңгейде орындалды. Атап айтсақ, біздің ұшу экипаждарымыз былтыр Түркия Республикасына, Сирия Араб Республикасына және Ауғанстан Ислам Әмірлігіне гуманитарлық жүк жеткізу мақсатында бірнеше қатынас жасады.
Сонымен қатар әскери басқару органдарын жетілдіру және кәсіби шеберлікті арттыру жолында Ұлттық ұлан бөлімшелері басқа күш құрылымдарымен бірлескен оқу-жаттығуларға, сондай-ақ ҰҚШҰ шеңберіндегі халықаралық оқу-жаттығуларға тұрақты қатысып келеді. Өткен жылы әскери басқару органдары, Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен бөлімшелері өзара іс-қимыл жасайтын мемлекеттік органдармен бірге 206 оқу-жаттығуға (семинарға) қатысты. Сондай-ақ әскерлер «Антитеррор» арнайы жедел жоспары бойынша 56 жедел-тактикалық оқу-жаттығуға және ІІМ-нің арнайы жедел жоспары бойынша өзара іс-қимыл жасайтын органдармен 92 тактикалық-арнайы оқу-жаттығуға қатысты.
Ұлттық ұланның жедел және арнайы моторландырылған әскери бөлімдері мен бөлімшелері Ішкі істер органдарымен бірлесіп, еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысады.
2023 жылы патрульдік-бекеттік қызмет атқару үшін күн сайын орта есеппен 5500 әскери қызметші бөлінді. Бұл ретте патрульдік-бекеттік қызметтің бес мыңға жуық міндеті орындалды, 20 мыңнан астам құқық бұзушы ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Олардың мыңнан астамы қылмыс белгілерімен байланысты. Мемлекет есебіне жалпы көлемі 59 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді. Барлығы 135 суық және атыс қаруы алынды, сондай-ақ есірткі қылмысының 122-ден астам фактісі анықталып, жалпы салмағы 2,5 кг есірткі тәркіленді. Әскерлер мыңға жуық қоғамдық-саяси және мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатысты. Атап өтуіміз керек, 2023 жылы жеке құрам алғаш рет Қонаев және Түркістан қалаларында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау қызметіне кірісті.
Қазіргі уақытта Ұлттық ұланның қарауылдары ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесінің 40 мекемесін және өндірістік объектіні күзетеді, сотталғандар мен күзетпен ұсталатын адамдарды темір жол бойының 11 және көлік жолдың 23 бағыты бойынша айдауылдауды қамтамасыз етеді. Былтыр жауынгерлік қызмет атқару барысында ұландықтар сотталғандардың қашу әрекеті бойынша – 2, олардың ішкі тыйым салынған аймаққа өтуі бойына – 14, тыйым салынған заттарды негізгі қоршау арқылы өткізудің 158 фактісінің алдын алды. Ұлттық ұлан қарауылдарының жеке құрамы мен бақылаушыларының қырағылығының арқасында түзеу мекемелеріне заңсыз кіргізілмек болған 1 370 ұялы телефон, 629 SIM карта, 120 мың теңге ақша, 727 суық қару және жалпы салмағы 2,7 кг есірткі заттары, құрамында спирті бар 92,8 литр сұйықтық, 12 оқ-дәрі, 1 травматикалық қару мен оның 7 оқ-дәрісі анықталып тәркіленді.
Аса маңызды объектілерді күзететін әскери бөлімдер 12 стратегиялық нысанды күзету бойынша – 5830, 3 аса маңызды мемлекеттік нысан мен арнайы жүктерді күзету бойынша 5 жауынгерлік қызметтің міндеттерін орындады. Өткізу режімін бұзған 845 адам ұсталды.
Арнайы мақсаттағы әскери бөлімдер (бөлімшелер) барлығы 5016 түрлі қызметтік-жауынгерлік міндетті орындады. ІІМ және ҰҚК Орталық аппараттарымен бірлесіп, 12 ауқымды арнайы операция жүргізілді, оның барысында 10 тұрақты қылмыстық топтың (қоғамдастықтың) қызметі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 395 атыс және травматикалық қару, 233 суық қару, 13 жарылғыш құрылғы мен олардың компоненттері, 13 мыңнан астам оқ-дәрі, сондай-ақ 9 тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 390 кг героин және психотроптық заттар тәркіленді.
Бүгінде тәуелсіздігіміздің басында құрылған Ұлттық ұлан академиясының түлектері әскери бөлімдер мен құрамалар қолбасшылығының негізгі тірегіне айналып үлгерді. 2022 жылы Ұлттық ұлан әскери институтына академия мәртебесінің берілуі маңызды оқиғалардың бірі болды. Былтырдан бастап академияда магистратура бағдарламасы бойынша офицерлер даярланып келеді.
Мемлекет басшысы III Бүкілармиялық кеңесте айтқандай, отандық әскери академиялар мен институттар халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Осы саладағы жоғары оқу орындарының материалдық базасын нығайту керек. Мәселен, мемлекеттің қамқорлығының арқасында Петропавлдағы оқу орнының аумағында заманауи оқу корпусының, жатын-жайдың және спорт кешенінің белсенді құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарға күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл мақсаттарға 10,8 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 2023 жылы құрылысты жалғастыру үшін 4,7 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген болатын.
Ішкі істер министрлігі мен әскер басшылығы әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, қажетті тұрғын-жай бойынша жағдай жасау, әскери ұжымдарда жайлылық пен саламатты моральдық ахуал қалыптастыруға ерекше назар аударады. Әскерлердегі тәрбие іс-шараларының кешенді жүргізілуінің арқасында есепті кезеңде қылмыстық құқық бұзушылықтарды 13 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.
Астанада өткен III Бүкілармиялық кеңесте Президент: «Әскери қызметшілеріміз «азамат» сөзіне сай болуы үшін жастарды патриотизм, адамгершілік және мейірімділік сезімдерімен тәрбиелеуіміз керек», деген еді. Әскерге шақырылған және әскерге дейінгі жастар арасында тәрбие және идеологиялық жұмысты күшейту мақсатында әскери бөлімдерде «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы жемісті жұмыс істеп келеді. Жақында біз бұл қозғалыстың қалыптасуының 20 жылдығын атап өттік.
Былтыр қараша айында Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтің бастамасымен тәлімгерлер кеңесі құрылып, құрамына әр жылдары ведомствоның басшылық лауазымдарында болған Құрметті қайраткерлер мен Ұлттық ұлан ардагерлері кірді. Әскерлерде үлкен әскери-патриоттық жұмысты оның құрылуының басында тұрған генералдар мен офицерлер жүргізеді. Олар жас офицерлермен өз тәжірибелерімен бөлісіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге елеулі үлес қосып келеді.
Аға ұрпақтың даңқты істерін қазіргі ұландықтар абыроймен жалғастырып келеді. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері күнделікті қызмет атқару кезінде батылдық, қырағылық танытып, түрлі жағдайда азаматтарға қолұшын созып, жанқиярлық істерге барып жатады.
Мысал келтіре кетейін. 2023 жылдың наурыз айында Қызылорда қаласының орталығындағы сауда нүктелерінде болған өрт кезінде Ұлттық ұлан жауынгерлері өрт сөндірушілер келгенше жалын шарпыған үй-жайға кіріп, азық-түлік және киім-кешек тауарларын шығарды. 5547 әскери бөлімі әскери жасақ басшысы, ефрейтор Мұхаметәлі Жақсыбай, патрульші қатардағы жауынгерлер Ғани Қосылған мен Дарын Әбсадықұлының жедел іс-қимылының арқасында ірі сомаға бағаланатын саудагерлердің құнды заттары мен мүлкі аман қалды.
Сол жылдың 23 маусымында елордалық бригаданың әскери қызметшілері Астанадағы каналда суға батып бара жатқан баланы байқап қалған. Әскери жасақ басшысы Әлібек Ноғаев пәрмен бойынша болған оқиғаны баяндай салысымен суға секіріп, жасөспірімді құтқарып қалады.
2023 жылдың 2 қарашасында Мәдениет министрлігінің Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысы бойынша арнайы мақсаттағы жасақ туралы «Burkit» көркем фильмі қазақстандық прокатқа шықты. Бұл – әскери қызметшілер жасаған ерлік оқиғаларына негізделген үшінші кинокартина. Мақсаты – жастар арасында ар-намыс пен қадір-қасиетті, достық пен патриотизмді, Отанға деген сүйіспеншілікті және антқа адалдықты насихаттау. Жалпы, Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің моральдық-психологиялық жай-күйі бізге жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.
Ұлттық ұланның барлық жеке құрамын, ардагерлер мен олардың отбасы мүшелерін төл кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, амандық пен өркендеу, қауіпсіздік пен тұрақтылық тілейміз.
Еркін БОТАҚАНОВ,
Ішкі істер министрінің орынбасары –
Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант