• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 09 Қаңтар, 2024

Қорғаныс кешені нығая түседі

123 рет
көрсетілді

Өткен жылы еліміздің Қарулы Күштерінде әскерлердің жедел-жауынгерлік дайындығына бағытталған барлық іс-шара орындалды. Ауқымды жоспарлы оқу-жаттығулар мен жауынгерлік әзірлік барысына тосын тексерулер жүргізілді. Сонымен қатар Абай, Батыс Қазақстан облыстарындағы өртті сөндіруге, Жамбыл облысында қар құрсауында қалған азаматтарды құтқару үшін Төтенше жағдайлар қызметіне көмек көрсетілді.

Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Қару­лы Күштердің өткен жылғы қыз­­метін қорытындылады. Оның ай­туынша, өткен жылдың маңыз­­ды оқиғасы – Қарулы күш­­тердің Жоғарғы Бас қол­бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың төра­ғалығымен өткен бүкілар­миялық кеңес.

«Президенттің басшылы­ғымен өткен «Батыл тойтарыс» стра­тегиялық командалық-штаб­тық оқу-жаттығуы әскерлердің жауынгерлік дайындығының шешуші кезеңі болды. Қарулы Күштер тарихында тұңғыш рет Жоғарғы Бас қолбасшылық­тың, соғыс уақытындағы Үкімет пен облыстардың қорғаныс кеңес­терінің экономикалық қызмет­ті және халықтың өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз ету жөніндегі ставкасын өрістету мәселелері пысықталды», деп атап өтті министрдің орынбасары. Оның айтуынша, еліміздің Қарулы Күштері бөлімшелері жеке құрамының далалық білімін арттыру және жауынгерлік үй­лестіру мақсатында мыңға жуық оқу-жаттығу, жауынгерлік машиналарды жүргізу бойынша 16 мыңнан астам сабақ, 40 мың­нан астам жауынгерлік атыс өткен. Бұнымен қоса ол елімізде 6 халықаралық оқу-жаттығу өт­кізілгенін және біздің әскери қыз­метшілеріміз басқа елдердің аумағында өткен 24 оқу-жаттығу мен жарысқа қатысқанын айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен бітімгерлік қызметтің географиясы кеңейтілді. Қазақ­стан­ кон­тингентінің Ливандағы БҰҰ мис­сиясында, Батыс Сахара­да­ғы, Орталық Африка Рес­публи­касын­дағы және Конгодағы штаб офицерлерінің ротациялары жүр­гізілді. Ұлттық контингентті келе­сі жылы Голан биіктігінде «БҰҰ-ның бөлінуді бақылау күштері» миссиясына жіберу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Президенттің Жарлығымен Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар­дың қызметшілері үшін бірыңғай далалық киім нысаны енгізілді. Жаңа үлгідегі далалық киім-кешекке 2024 жылдың төртінші тоқсанында, қалған нысанды киімдерге үш жыл ішінде көшу жоспарланған.

Әскери міндеттілер мен әс­керге шақырылушылардың есе­бі цифрлық форматқа ауыс­ты­рылды. Әскери міндетті­ліктің мәртебесі және әскери есепке алу туралы деректер eGov пай­даланушысының жеке кабине­тінде көрсетіледі. 

«Мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру мақсатында запасқа шығарылған сарбаздарға жоғары оқу орындарынан үш мың тегін орын бөлінді. Екін­ші деңгейдегі банктермен сар­баздарға «несиелік каникул» беру туралы мәселе пысық­талды. Бүгінгі таңда мерзімді қызметтегі 5 мыңнан астам әске­ри қызметшінің несие бойын­ша 1 млрд 875 млн теңге бере­шегі кейінге қалдырылды. Қыз­мет өткерген азаматтар үшін білім беру жеңілдіктері де қолда­нылады», деді спикер.

Үкімет қаулысымен жас­тар­ды 2030 жылға дейін әске­ри-патриоттық тәрбиелеу тұжы­рым­дамасы бекітілді. Бү­гін­гі таң­да елімізде сегіз мың­нан астам әскери-патриоттық клуб, «Жас сарбаз» сыныптары және «Smart sarbaz» үйірмелері жұмыс істей­ді. Оған 280 мыңнан астам бала мен жасөспірім тартылған.

Министрдің орынбасары биыл қорғаныс ведомствосының күш-жігері Ар­найы операция­лар күштері мен аумақтық әс­керлерді дамытуға, әске­ри-оқы­тылған резервтің үле­сін ұл­ғай­туға, армияның ұтқыр мүм­кін­діктерін кеңейтуге, ведом­ство­аралық үйлестіруді жақсар­туға, армияны жоспарлы қайта жа­рақ­тандыруға және отандық Қор­ғаныс-өнеркәсіп кешенін да­мы­туға бағытталатынын атап өтті.