Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұхбаты бізді өткенге, әсіресе қоғамды әлі күнге дейін толғандырып келе жатқан, жаныңды сыздатар Қаңтар оқиғасына қайыра бір оралып, ой толғауға жетеледі.
«Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылды. Бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады», деді Мемлекет басшысы.
Сұхбатта «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты сұраққа Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, Қасіретті қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт», деп жауап берген. Қаңтар оқиғасы туындауының басты себебін нақты анықтап берген Президенттің «Мен бұл туралы әлі де жиі ойланамын» деуі Мемлекет басшысы үшін сол күндері қатаң шара қолдануға баруы да оңай болмағандығын, Қаңтар оқиғасы әлі де жанын ауыртып, жүрегін сыздатар жай екенін ұғындырады.
Тәуелсіздігіміздің тағдыры оққа байланып, өлім мен өмір бетпе-бет арбасып тұрған сәтте, бұзақылар мен террористердің алдын ала терең әрі жан-жақты ойластырылған заңсыз әрекеттеріне тойтарыс беру үшін Президенттің батыл шешім жасауын антына адалдығы деп бағалаймыз. Қаңтардың қасіретті де сындарлы кезеңінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорданы апталап, күні-түні бір тастамай, елдегі жағдайды өз бақылауында ұстап, батыл шешімдер қабылдап жатты.
«Кеттің бе – қайырылмағын!» Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс». Сұхбаттағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір ауыз сөзі Қаңтар оқиғасының және әр кезең ұрпақтарының жадында жүрер басты сабағы болса етті.
Қазақ қоғамындағы наразылықты көріп отырған сол кездегі билік халқының көңіл күйін біліп отырса, неге соны ескермеді? Бұл өз халқының мұң-мұқтажын, көз жастарын ескермегені, сол отыз жылғы биліктің астамшылығы, мейманаларының әбден тасқандығы және қарапайым халықты әбден басынғандықтан болған жағдай еді.
Халық Қазақстанды отыз жыл бойы билеп-төстегендердің өздеріне де, сөздеріне де сенуден қалған-ды. Бұл халықтың болашаққа деген сенімін жойды. Билік үшін өз халқының болашаққа деген сенімін жойып алуы – ешқандай заңда көрсетілмеген және жазасы да жоқ ауыр қылмыстың бір түрі.
Қолдағы мемлекеттің билігін тұтастай болмаса да, тек өз игіліктері үшін жарата білген отыз жылғы биліктің айналасын жайлаған жемқорлық пен заңсыздық, сыбайластық пен таныс-тамырлық етек алғандығын айтып, билікке деген ашу-ызалары, тіпті кектері кернеп, көшеге шыққан халықты басу, сабасына түсіру қоғамдық тәртіп сақшылары үшін сол кездері ең ауыр жұмыс болды. Ескі биліктің халық наразылығы күшейе түссін, елдегі жағдай күн сайын ушыға түссін деген пиғылдары билік ауысқан алғашқы сәттен бастап болғандығын да енді ұғына түскендейміз.
Бұл ойымызды Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады», деген сөздері қуаттай түседі.
Ескі билік пен жаңа биліктің арасында көзге көрінбейтін текетірес пен мылтықсыз майдан жүріп жатқанын қалың ел толық білмесе де, әйтеуір бір алакөздік бар екендігін сол кездің өзінде-ақ сезіп отырған болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 25 мамырында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Елде бейбіт митинг өткізуге рұқсат берілетінін Президент бұл заң қабылданбай тұрып-ақ, 2019 жылы 2 қыркүйекте халыққа Жолдауында айтқан еді. Мемлекет басшысы халқын қолдаудың қолынан келген бар амалын, осы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жасады.
Бұл да болса Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашу-ызадан өртенген жұртының жағдайына қанатымен су сепкен қарлығаштай адамшылығының амалы еді.
Осы арада ескі билік кландарының Тоқаев билігіне деген халықтың наразылығын күшейтуге әрекет жасағандығы анық бола түседі. Себебі 2022 жылғы қасіретті Қаңтар бір күнде, бір сәтте ғана бұрқ ете түскен жоқ. Сұхбатта Президент осы оқиғаның жай-жапсарын және «халық көтерілісі болды» деген пікірлердің «ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар өте қатерлі үрдіс» екенін терең ойланып барып, ешбір әсірелеусіз айтқан.
Мемлекет басшысының пікірінше, аз ғана элиталық топ ықпалының артуы және халықтың басым бөлігі табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін деген ойының шет жағасы қоғамда Қаңтар оқиғасынан-ақ көрініс бергені анық.
Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз», «жемқорлық – мемлекеттің болашағына балта шабатын кесел», «әлеуметтік теңсіздікті болдырмаймыз» деген халықтың ойы мен көкейінде жүрген сөздерді айтып, қоғамда әділдік пен адалдық орнату жолындағы қадамдарын да жақтырмағандар болды. Осы бір аса қиын жағдайда дипломатқа тән салқынқандылық танытып, сабырын тауыспай, қорықпай, үрікпей, батылдықпен шешім қабылдап, қиын да күрделі кезде тәуелсіздікті сақтап, елді төнген қауіптен аман алып қалу және осы бір мақсат үшін қатаң шараларға барғаны Қасым-Жомарт Тоқаевқа оңай тимегендігі айдан анық.
Арды ойлайтын кез келді. Ел болудың жаңа бір кезеңіне, жаңа да әділетті Қазақстан құруға кірісіп кеткен осы бір үмітті шағымызда әрқайсысымыз ақыл-парасатқа жүгіне отырып, берекелі іс қылайық, елге және де желкілдеп өсіп келе жатқан ұл-қыздарымызға есті де жөн сөз айтайық. Берекелі, ынтымақшыл, еңбекқор ел болуды ойлайық!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, қоғам қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі