«Egemen Qazaqstan» газетінде «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлының ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жасаған кең көлемді сұхбаты жарияланды. Сұхбатта бірнеше маңызды мәселе қозғалып, көптен бері жұрт көкейінде жүрген АЭС туралы сұраққа да жауап бере кетіпті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, таза атом энергиясы – Қазақстан болашағы үшін энергетикалық қауіпсіздіктің кепілі және ел экономикасының дамуына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Атом энергетикасын дамыту, Қазақстан атом саласы дамуының келесі сатысы деп қарастырған жөн. Қазірдің өзінде еліміз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орында. 2021 жылдан бері «Үлбі-ТВС» ЖШС зауытында жаңа ядролық отын – «Framatome» француз компаниясының дизайнындағы жылу бөлетін құрамалардың шығарылуы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтының көпжылдық ғылыми жұмыстарын да ескеру керек.
Атом энергетикасына қарсылық білдіріп жатқан адамдардың бірталайы Семей сынақ полигонының салдарына жүгінеді. Бірақ АЭС пен атом қаруын салыстыруға мүлде болмайды. Елімізде салуға қарастырылған реакторлар – 3 және 3+ буынды, заманауи, референтті. Бұл реакторлар АЭС тарихында болған барлық кемшілік пен апаттық жағдайды ескере отырып жобаланған. Оған қоса терең эшелондалған қорғаныс жүйелеріне ие реакторлар. Ғылымның нақ дәлеліне қарасақ, 3+ буындағы реакторларда ауыр апаттың болу ықтималдығы 10 млн жылда бір рет кездесуі мүмкін. Бүгінде көп сарапшы атом энергиясын «жасыл энергиямен» теңестіруді жақтайды, бұл оның экологиялық қауіпсіздігінің дәлелі деп санауға болады.
Әрине, АЭС салу-салмау мәселесі жалпыхалықтық референдум арқылы шешілгені дұрыс. Бірақ әр азамат өзінің таңдауын саналы түрде, дәлелдер мен фактілерге сүйене отырып жасағаны абзал.
Ерболат Қоянбаев,
Ұлттық ядролық орталық Атом энергиясы институты директорының орынбасары