Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша 2023 жылғы жұмыс қорытындысы шығарылды.
Жалпы жылдық инфляция деңгейі 9,8%-ды құрап, алғаш рет азық-түлік индикаторы азық-түлік емес тауарлар индикаторынан төмен болды. Азық-түлік инфляциясын төмендетудің негізгі қозғаушы күші – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, министрлік инфляция деңгейін 2024 жылы 6-8% деңгейінде ұстап тұру үшін ағымдағы жағдай мен бесжылдық үрдісті ескере отырып, әрбір өңір бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлар бөлінісінде индикативті бөлшек сауда мәндерін есептеді.
«Өңірлер мен тауарлар бөлінісіндегі ӘМАТ-тың индикативті бағасының жобасы 2024 жылы 6-8%-дан аспайтын инфляцияның нысаналы деңгейі негізінде есептелген. Ұсынылатын көрсеткіштер ағымдағы нарықтық конъюктураны, маусымдық факторды және болжамды трендтерді ескереді. Сондай-ақ делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы да жалғастырылатын болады», деді Айжан Бижанова.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков тұрақтандыру қорларындағы ұн мен нан бағасын тұрақтандыру және көкөніс қорына қатысты жағдайды мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта әкімдіктердің деректері бойынша ӘКК-де 25,7 мың тонна көлемінде ұн қоры бар, оның ішінде тұрақтандыру қорларында – 14,1 мың тонна, айналым схемасы шеңберінде – 11,5 мың тонна. Әкімдіктер мен Азық-түлік корпорациясының меморандумдары аясында өңірлерді жеңілдетілген бидаймен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында бекітілген бидай көлемі 64,5 мың тоннаны құрайды, қазірдің өзінде 60,8 мың тонна бидай жөнелтілді», деді вице-министр.
Оның айтуынша, 2024 жылдың қысқы-көктемгі кезеңіне 174,1 мың тонна (100,6 мың тонна картоп, 25,6 мың тонна пияз, 22,6 мың тонна қырыққабат, 25,1 мың тонна сәбіз) көлемінде көкөніс қоры қалыптастырылған. Бұл көлемдер нарыққа ақпан-сәуір айларында реттеуші әсер ету үшін жеткілікті.
Вице-министр әкімдерге мамырдан шілдеге дейін көкөніс бағасының өсуіне жол бермеу үшін ерте жиналатын егінді жеткізуге арналған форвардтық келісімшарттар жасау қажеттігін еске салды.
«Биылғы маусымаралық кезеңді қаржыландыру өткен жылдың 1 тамызынан басталуға тиіс еді. Алайда өңірлер әлі күнге дейін ерте пісетін көкөністерді жеткізуге форвардтық шарттар ұсынған жоқ», деп атап өтті Е.Тасжүреков.
Жиынды қорытындылай келе Серік Жұманғарин өткен жылы азаматтардың инфляциялық күтулері өте жоғары болғанын, бұл үрдіс 2022-2023 жылдардағы инфляцияға әсер еткенін айтты. Өңірлердің үйлесімді жұмысының арқасында бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік туды. Тіпті жаңа жылға дейін ел тұрғындары бағаның өсуін байқамады, ал халық үшін инфляцияның негізгі тауар-маркері әрқашан азық-түлік болды.
«Биыл инфляция дәлізіне 6-8% кіру міндеті тұр. Көкөніс қорларын брондау үшін нақты жоспар құру керек және бұл жұмысты ақпан айының соңында емес, әлдеқайда ертерек бастау қажет. Қажет болған жағдайда жеміс-көкөніс өнімдерін бір өңірден екінші өңірге бірнеше күн ішінде жеткізу мақсатында өңіраралық көлік логистикасының тиімділігін арттыру керек. Өнімсіз делдалдарды анықтау бойынша өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейту қажет», деп қорытындылады С.Жұманғарин.