Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты жалпы халық көкейінде жүрген сұрақтарды қамтып, соңғы жылдар ішінде сыртқы саясат пен ішкі іс-шаралар туралы қорытынды-есеп ретінде жүргізілген екен. Оқтын-оқтын әлеуметтік желілер мен жаңалық порталдарынан көріп-естіп жүрген ақпарат болса да, барлығы бір сұхбат барысында жинақты баяндалғандықтан Президенттік міндетін атқару барысында көптеген оң шаралар жүзеге асырылды деп айтуға толық негіз бар.
Конституцияға сәйкес президенттікке «жетіжылдық бір ғана мерзім» енгізілуі, еліміздегі өңір-өңірлерге іссапар барысындағы «салтанатты шаралар жасап күтіп алуды тоқтатуы» билікке жағыну мен жеке басқа «әсіре табынуды» жою жолындағы атап өтуге лайықты қадамдарының бірі деп санаймын. Ендігі сұхбат барысында уәде етілгендей осы тәртіп өзгеріссіз қалып, ел игілігіне, Отанымыздың дамуына үлес қосатын басшылардың келуінен үміттіміз. Бұған дейін билік ыңғайына өзгертілген конституциялық өзгерістерге куә болған халықта күмән де үміт те бары рас. Десек те жас буында үміт басым.
Сұхбат барысында қозғалған халықтың жаппай несиеге батуы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша және кадр мәселесін шешу бойынша бірқатар іс-шара орындалып жатқаны қуантады. Солардың ішіндегі атаулысы - жастардан құралған «Президенттік жастар кадр резерві» түрлі салаларда қызмет ететін білікті жастар үшін ұйымдастырылған жақсы мүмкіндік. Осы сынды мемлекеттік дәрежеде атқарылып жатқан іс-шаралар Президентіміздің Мағжан Жұмабаев атамыздың «мен жастарға сенемін» өлеңімен үндес үміті барын байқағандаймын.
Бұған дейінгі ғылым саласын дамыту жолында атқарылып жатқан оң өзгерістер тізбегі де көл-көсір. Озық ойлы ұлт ретінде қалыптасуды көздеген ел шынымен де білім мен ғылымды алдыңғы қатарға қоятыны айқын. Себебі дана халқымыздан қалған аталы сөз «білімді мыңды жығатынына» көзіміз жетті. Біз өз кезегімізде оқытушы ретінде талапкер-жас буындарға осыны сіңдіруді міндет тұтамыз. Еңбегіміз еленсе жас буын арасында ел хақысына аянбай тер төгетін «бейбіт заман батырлары» көбейетініне кәміл сенемін.
Өмірсерік БАЙГЕНЖЕНОВ,
Сәтбаев университетінің PhD, профессоры