Алматы облысы Полиция департаменті бастығының төрағалығымен тәлімгерлер кеңесін құру бойынша жиын өткізілді. Жиынға полиция бастығының орынбасарлары, сондай-ақ ведомствоның дербес басқармалары мен аумақтық бөлімшелерінің басшылары және ардагерлер қатысты, деп жазады Egemen.kz.
«Тәлімгерлік жеке құрамдағы тәрбие жұмысын, қызметтік тәртіпті бекітудегі маңызды бағыттың бірі. Осы орайда, ардагерлердің дауыс беруі арқылы тәлімгерлік кеңес төрағасы ретінде Нурахметов Сағатбек, оның орынбасары ретінде Алпысбаев Қалижан, кеңес хатшысы болып Толымбекова Күлсара тағайындалды. Жалпы құрамға біздің өңірдің ең тәжірибелі полиция ардагерлері кірді», деді Алматы облысы ПД бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Әленов.
Сонымен қатар әр ауданға ұрпақтар сабақтастығының жалғасы ретінде жас полицейлерге өсиет-өнегелерін айтып, облысымыздың Полиция департаменті қызметіне көмек беретін ардагер-тәлімгерлер бекітілді.
Тәлімгерліктің негізгі міндеті – қызметке жаңадан қабылданған қызметкерлерді қызметке үйрету, олардың кәсіптік қалыптасу процесін жылдамдату және жедел қызметте тапсырмаларды сапалы орындау қабілеттерін дамыту.