• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Тұлға 10 Қаңтар, 2024

Ақжарқын азамат еді...

6700 рет
көрсетілді

Ол жайында біреуден сұрай қалсаң «ақжарқын жігіт еді» дейді. Шығар­машылығы жайына келгенде алдымен фельетонист екендігін, қарымды журналист-жазушы екендігін айтады.

Иә, «Оқпан» атты романы мен «Дерт» повесін кезінде әдеби орта жылы қабылдап, оқырман тарапынан да өз бағасын алған туындылар екенін білеміз. «Қайсар ғұ­мыр» атты радиодрамасының орны бө­лек. Әсіресе ертеректе «Ле­ниншіл жас» газетінде жарияланған «Кісікиік» атты мақаласы кеңестік ке­зеңдегі құқық қорғау саласының кем­шіліктерін әшкерелеп, қоғамды дүр сіл­кіндірді. Оңласын Әмір­құловтың есімі сол кезеңде жан-жақты танылып үлгерген еді.

Ол әлдеқандай әңгіме бастар алдында рахаттана күліп алады. Сәлден кейін онымен бірге өзің де жадырап сала бергеніңді байқамайсың. Ақ­көңіл, аңқылдақтығына қоса баладай аңғалдығы тағы бар. Ең бастысы, ол ешкімге жоқ деп айта алмайтын адам еді. Ал жасаған жақ­сылығына ал­ғысыңды білдірсең, жүре тыңдайды. Тіпті мән бермейді. Тек басқаларды риза қылу үшін өмірге келген жан тәрізді. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Ege­men Qazaqstan») газетінің құқық бөліміндегі журналистік қызметі, адам құқығы жайында сөз қозғаса, соңы таусылмас хикаяттарға ұласады.

Оңласынның маған да зор шапағаты тиген. Бірақ оны өзі сезбей кеткен сияқ­ты көрінеді де тұрады. Кездесе қалғанда сол оқиғаны ылғи есіне салатын едім. Мән бермейді. Ұмытып қалған шығар деймін. Әлде біреуге жасаған жақсылығын мін­детсінбейтін қарапайымдылығы ма екен? Ол жағы маған күні бүгінге дейін түсініксіздеу.

Сексенінші жылдардың орта шені. «Жалын» баспасында редактор болып істейтінмін. Ол жылдары публи­цис­тикалық жанрда жазылған авторлар топтамасы жиі ұйымдастырылады. Со­лардың біріне жауаптымын. Өң­деу, сұрыптау барысында көп шығар­малардың ішінен О.Әмірқұлов деген автордың мақаласы салмақтылау көрінді. Риза көңілмен қол қойып, өндіріске жібердім. Кітап шық­қаннан кейін ғана Оңласынмен таныстығымыз басталды. Бірден ежелгі до­сындай өзімсініп, ағыл-тегіл шешіліп қоя берді. «Тым ақкөңіл адам екен-ау!» деймін ішімнен. Құқық қорғау та­қыры­бына жазған мақалалары мен фельетондары, әділетсіздікке қарсы күрес жайына келгенде тіпті екпіндеп кетеді. «Социалистік Қазақстан» газетіндегі басшылары – Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Нүриден Мүфтаховтарды ұстаз тұтады. «Жалын» баспасының директоры Сей­дахмет Бердіқұлов туралы да жылы пі­кірлерін төгіп-төгіп тастады.

«Жалын» баспасындағы үй кезегім тақап қалған. Өзім пропискада тұратын жерге ауылдағы шешемді тіркете алмай жүргенмін. Қалалық ішкі істер басқар­масындағы осы мәселесімен айналыса­тын бастықсымақ құжаттарымның шекесіне «төрт шаршы метр жетпейді» деп көрсетіп, аудандық ішкі істер бөлімінің төлқұжат қызметкері «Бәлен­баеваның назарына» деп қол қойып, шығарып салған.

Кеңестік кезеңде Алматы – жабық қала. Төлқұжат тіркеуіне тұру – қазақтар үшін қиямет-қайымның өзі. Бірде, сөз арасында осы жайында айтып қалып едім, Оңласын: «Ол кісіні мен жақсы та­нимын. Кеттік», деді. Салып ұрып І Алматы жақтағы аудандық партия комитетіне алып келді. Біздің барар же­ріміз аудандық ішкі істер басқармасы еді ғой дегенімше болған жоқ, екінші қабаттағы Бәленбаеваның бөлмесіне кірдік. Орта жастағы әйел адам жылы қа­былдады. Оңласын апыл-ғұпыл келген бұйымтайымызды баяндай жөнелді. Бастық әйел менің құжаттарымды қолы­на алысымен:

– Сіздер маған қателесіп келіп отырсыздар. Бұл құжат осы ауданның ішкі істер бөліміндегі менімен фамилиялас адамға жіберіліпті, – деді.

Аңтарылып қалдық. Жиған-тер­ген қағаздарымның ішкі-сыртқы «сырын» Оңласынға егже-тегжейлі түсіндір­ме­геніме, буынсыз жерге пышақ ұрға­ныма өкініп мен отырмын. Бірақ ол сасар емес. Әдеттегі аңқылдақ көңілімен өзімсіне жымиып:

– Онда сол кісіге бір ауыз өтініш ай­тыңыз. Сіздің сөзіңізді жерге тастамайды ғой, – деді.

Елге танымал «СҚ»-ның белгілі журналисі болғандықтан ба, әлде Оңласынның жеке басын құрмет­тегендіктен бе, ол кісі аудандық ішкі істер бөліміндегі фамилия­ласына телефон шалып, біздің қателесіп өзіне келгенімізді, дегенмен мүмкіндік болса көмектесіп жіберуін сұрады. Сөйтіп, мәселем аяқастынан шешілді. Қуанысып тарқастық. Бір жылдан кейін, екі бөлмелі пәтер кезегінде тұр­ған мен өзіммен бірге төлқұжат тір­кеуіндегі шешемнің есе­бінен, сол қар­саңда дүниеге келген екінші сәбиімнің есе­­бінен төрт бөлмелі пәтерге ие болып, бү­кіл әулетіміз мәре-сәре болдық та қал­­дық.

Кездескен сайын Оңласынға: «Менің үйімнің бір бөлмесі өзіңіздікі. Үйдегі жеңгемізбен бірге кез келген уақытта ке­ліп, қонып кетсеңізші» деймін. Қо­лымды қысып, мәз болады да, ағыл-тегіл басқа әңгімеге ауысады.

Әдетте, екі қазақ таныса қалса, ора­ғыта келіп алдымен қай жақтан екенін біліп алады емес пе. Одан кейінгісі өзі­нен-өзі белгілі. Оңласын бір сөзінде Жамбылдан екенін айтқан. Мен оны Алматы облысының Жамбыл ауданы деп түсініппін. Яғни Сейдаға-Сей­дахмет Бердіқұловтың жерлесі деп қа­былдағам ғой. Жамбыл облысынан еке­нін таяуда ғана естідім.

«Осы Оңқаң мені де Сейдағаңның жерлесі немесе ағайындасы деп жүр ме екен?» деген оймен бір-екі рет туған өлкем Семей жайында, ол жақта өткен ауырлау балалық шағым туралы әдейі әңгіме қозғағам. Ол ұйып тыңдады да, сол баяғы ақкөңіл қалпынан таймады.

Осы ғұмырында қанша адамға аппақ көңілін жайып салып, қанша адамға жақсылық жасағанын білмеймін, бірақ бірде, жұмыссыз жүрген күндерінде дос-жаран, жерлес, ағайындарынан кө­ңілі қалғанын да айтқан еді. Баяғы жақсылығына жақсылық қайтарып, достық парызымды өтейтін сәтім туды-ау деп жан-жаққа шапқылағанымнан ештеңе шықпады. Өкіндім. Өзімді қадірлейді, сөзімді қадірлейді деп жүрген сыйластарымның көбісі құрғақ уәдеден ары аса алмады. Оңқаңды жұмысқа орналастыра алмадым. Ренжідім, өмірге кейідім. Ақкөңіл, адал жандарды кезінде бағаламай, өмірден өткен соң өтірік өкситіндерге күйіндім. Кейінгі кезде ақкөңіл адамдардың алдында өзімді қарыздар сезінетіндеймін. Аңқылдаған біреулерді көрсем, Оңласын Әмірқұлов есіме түседі. Бақиға аттанған жанды да іздейтін кезің болады екен. Мына өмірде Оңқаңның орны ойсырап тұрғандай көрінеді.

Меніңше, бүкіл адами қасиеттің, ұлт­тық құндылықтың бәрі аппақ көңілден бас­тау алады. Онсыз азаматтық жайында сөз қозғаудың өзі артық сияқты.

 

Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ