Президенттің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» деп аталуы ғалымдарға үлкен міндет қойып отыр. Бүгінде еліміз ілгері дамуы үшін ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Осыған сай қоғамның бетбұрысы өзгеріске түсіп отыр. Адамдардың санасы жаңарып, ғылыми көзқарасқа деген серпіліс қалыптасып келеді.
Кешенді реформалар санатында ғылым-білімге деген құлшыныстар даму үдерісіне түскен. Кез келген бастама жаңа мүмкіндіктерге шақыратыны рас. Президент сұхбатында «еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс екенін» нақты көрсетіп беруі ғылыми ортада қолдау тапты. Мемлекет басшысының бұл ауқымды іске үлкен дайындықпен саланы зерттеп, білу арқылы келгені байқалады.
Соның айғағы ретінде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына жеңілдік енгізілуі салаға көрсетілген қамқорлық деп есептейміз. Егер заң қабылданса, отандық компаниялар еліміздегі университеттермен немесе ғылыми зерттеу институттарымен серіктестік негізінде инновациялық дамуға қаржы құйса, 100 пайыз салықтан босатылады. Шындығында, бұл осы салада жұмыс атқарып жатқан өндіріс орталықтарын жігерлендіреді. Жоғарыдағы заң жобасына «инфрақұрылымдық гранттардың енгізілуі» де саланы жандандыра түсетіні анық.
Әрбір заман ұрпақты, ұлтты, мемлекетті, жалпы адамзатты белгілі кезеңде сынап, електен өткізіп отырады. Осы ұлы күресте жеңіп, уақыт сынынан абыроймен өткендер ғана мәңгі жасайды. Дамыған елдер өркендеу жолына білім-ғылым арқылы келгені аян. Бүгінгі таңда білім динамикасы идеяларды зерттейтін ғылыми-зерттеу институттарына тың бағыттар беріп отыр.
ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Сондықтан ұлт зиялыларының міндеті – жұртқа ғылыми жол көрсетіп, дұрыс бағыттап отырғанда ғана бастаған ісіміз ілгері жылжиды. Ұлттың рухын жаңғырту жолында жүрген ұрпақты, азаматтарды қолдау түбінде қазақтың ренессанс дәуіріне, яғни түбегейлі өзгерістер заманына әкеледі. Оны біз сұхбат ауанының рухани даму келбетінде көрініс тапқанынан көріп отырмыз.
Ел экономикасын дамыту нүктелеріне ғалымдар барынша атсалысуы керек. Қазақстандағы саяси жүйені реформалау қоғамды топтастыруға және елді ішкі және сыртқы қауіптерден қорғауға мүмкіндік берді және болашақтағы әлеуметтік-экономикалық қайта құруларға негіз жасады. Мемлекет басшысы еліміздің бас басылымына берген сұхбатында 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есе арттыру жөніндегі стратегиялық мақсатты айрықша атап өтті. Бұл мақсатта инвестицияның ықпалын күрт арттыру және экономиканы «жеделдету» үшін перспективалы жаңа өсу нүктелерін дұрыс анықтау аса маңызды. Бұл үкімет пен ғылыми қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру, шешім қабылдау үдерісіне ғылыми сараптаманы енгізу арқылы ғана мүмкін болмақ. Экономиканың өсімі елдегі бүкіл халықтың табысы мен әл-ауқатының артуына әсер етуі үшін ғалымдар инвестициялық ахуалды жақсарту және жоғары экономикалық даму мақсатында құрылған инвестициялық ортаның жұмысына белсенді қатысуы қажет. Ғалымдардың оған қатысуы инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыруға ықпалын тигізетіні анық. Дамыған елдерде бұл жұмыс жақсы ұйымдастырылған.
Ғылым, білім – әділетті Қазақстанның бесігі. Ал бәсекелестік дегеніміз – ғалымдардың тың дүние ойлап табуы. Өткен жылы институт ғалымдары Балқаштағы селен өнімін алуды өндіріске қосты. Еліміздегі кен байыту кәсіпорындары осы уақытқа дейін шикізат философиясымен өмір сүріп келді. Институт ғалымдары осы философияға тың өзгеріс енгізіп, ғылымды өндіріске қоса отырып, өндіріс ошағының табысын арттыруға болатынын ойлап тапты. Алдағы уақытта қол жеткен табыстарымызды одан әрі дамытатынымызға сенемін.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың прагматизм және өмірге шынайы көзқарас қағидаттарына негізделген еңбек пен өнімді, білім мен шығармашылық ойлаудың күші туралы культін насихаттау керектігі туралы айтқан ойы бүкіл қоғам үшін аса маңызды. Ғалымдар жастарға жаңа тұрпатты білім беруге, қажетті дағдыларды меңгеруге және озық технологияларды дамытуға ықпал етуі керек. Онсыз ғылыми орта кенжелеп қалады.
Президент ғылым өркениетін дамытудың жарқын мысалы ретінде биыл көшбасшы ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын еске салуы бекер емес. Академик ғылыми салада терең із қалдырып қана қойған жоқ, ел экономикасының тұтас секторының дамуына айрықша үлес қосты. Металлургия және кен байыту институты Қ.Сәтбаев мұрасына адалдық танытып, жеткен жетістікке тоқмейілсімей, ғылыми жұмыстарды одан әрі жетілдіре түсеміз.
Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес ғылыми саладағы заңнаманы жетілдіру, оның ішінде жетекші ғалымдардың тұрақты және лайықты еңбекақысын қамтамасыз ету және ғылыми зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру шешімін тауып келеді. Демек ел ғалымдары ғылымды қолдауға мемлекеттік шығындардың ұлғаюын барынша қайтарым әкелетін инвестиция ретінде қабылдауға тиіс.
Ғаламдық бәсеке жағдайында біз заманауи технологиялары өркендеген, жасанды интеллект енгізілген озық елдерге қарап бой түзеуіміз керек. Осы мақсатта еңбекқорлық, білім-ғылымға құлаш сермеу, прагматизм, кәсіпқойлық, іскерлік, бастамашылық сияқты құндылықтарды тұрақты ұстанған мемлекетке айналуға тиіспіз. Кейінгі уақытта гендік инженерия мен биотехнологиялық жетістіктер нәтижесінде текке әсер ету арқылы адамның табиғи мазмұны жетіліп, ойлау қабілеті қазіргіден күшейе түскенін көрсетіп отыр. Осыған сай адамдар енді жасанды интеллектімен бәсекеге түспек. Мұның өзі адаммен қатар ғылымды жетілдіруге алып келетіні айқын. Демек ХХІ ғасыр адам интеллектісінің даму ғасыры болатынын көрсетіп отыр.
Бағдәулет КЕНЖАЛИЕВ,
Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық зерттеу университеті Металлургия және кен байыту институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты