• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Пікір 10 Қаңтар, 2024

Жаңашыл өріс дипломатияға байланысты

145 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» деген еліміздің бас газетінде жарияланған сұхбатында көптің көкейінде жүрген келелі мәселелермен қатар, еліміздің сыртқы саясатына ерекше тоқталған. Өйткені қандай да болсын мемлекеттің өміршеңдігі мен экономикасының орнықты дамуы сындарлы сыртқы саясатты жүргізуге, дипломатияға байланысты.

Әлемдік аренада жүргізілетін екі­жақты немесе көпжақты келіс­сөздерде бір жерден шалыс кетсең, мемлекеттің іргесі шай­қалып, қабырғасы сөгіліп тү­седі. Бұл тұста біздің үлкен артық­шылығымыз, Президент Қ.Тоқаев – сыртқы саясатты өте жетік білетін, он жыл Сыртқы істер министрі болған, БҰҰ-да қызмет еткен әлемдік дең­гейдегі халықаралық дипломат. Сондықтан сыртқы саясат саласындағы ауқымды жұмыс­тарды атқаруда Мем­лекет басшысының әлемдік дип­ло­матиядағы абырой-беделі мен мол тәжірибесі белгілі бір дәрежеде ықпал етеді.

Мемлекет басшысы сұхбатта ұлт мүддесін қорғау, оны ілге­рі­лету, орнықты дамуға қо­лайлы жағдай қалыптастыру үшін еліміз салиқалы және праг­матикалық сыртқы саясат­ты жалғастыратынын баса айтты. Оның ішінде Президент елі­міздің сыртқы саясатының не­гізгі басымдықтарын да нақты айқындап берді.

Президент қазір­гі­дей аумалы-төкпелі геосаяси жағ­дайда шетелдік серік­тес­теріміздің бәрімен, әсіресе көршілерімізбен өзара тиімді ын­тымақтастықты дамыту маңыз­ды екеніне аса мән берген. Осы орайда Қазақстан – Қытай қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық се­рік­тестік рухында қарқынды да­мып келетініне тоқталып өте­ді. Өйткені Қытаймен ортақ ше­ка­ра­мыздың болуы, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұрғанымыз қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы атап өткен­дей, Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жет­кен заманауи мемлекет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Сон­дық­тан Шығыстағы көр­­­шімізбен ынтымақта болу, дос­­тық қарым-қатынас пен өзара се­нім­нің артық­шылықтарын тиімді пайдалану еліміз үшін аса ма­­ңызды екенін ұмытпауымыз керек.

Сұхбатта Қ.Тоқаев жақын көр­­­шіміз Ресей Федерациясының әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынын және БҰҰ Қа­­уіп­­сіздік Кеңесінің тұрақты мү­­шесі екенін ұмытпаған жөн екенін баса айтып отыр. Ресей – Қазақ­станның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің тауар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 мил­лиард доллар болды. Президенттің айтуынша, осы жылы Ресеймен екі­жақты ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты ны­ғай­туға ай­рық­ша мән беріледі.

Сондай-ақ Президент 2024 жылы еліміздегі халық­аралық деңгейдегі үлкен іс-шара­лар­ға ұйытқы болуға тиіс аса ма­ңызды міндеттерді белгілеп бер­ді. Қазақстан өңірлік және ха­­лықаралық деңгейдегі бірқатар ықпалды ұйым мен бірлестікке төрағалық етеді. Сонымен қатар биыл елімізде бірқатар ауқымды халық­аралық саммит, форум өтеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, ұлт мүддесін ескере отырып, биыл да сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастыратынымыз көңілге үлкен сенім ұялатады.

 

Гүлсім ЕҢСЕПОВА,

Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі