Жиырма жеті жылдан кейін аудан орталығы қара шаңырағына, Катонқарағайға қайтып, тұрғындар алақайлап той жасады. Қуанышқа ортақтасып, ақ боран, көктайғақта алыс-жақыннан шекара шебіндегі ауданға қонақтар келді. Орталық алаңға жиналған жұрт арқа-жарқа, мәре-сәре.
1997 жылдың наурызында аудан орталығы Үлкен Нарынға көшіріліп, катонқарағайлықтар жұртта қалғандай күй кешкен. Содан-ақ тұрғындар қала маңына шілдің тезегіндей шашырап, шекара шебі жалаңаштана бастаған. Қақпаларда «үй сатылады» деген хабарландырулардың күрт көбейгенін көзіміз көрген. Әуелде ел үйін сатып көшсе, кейіндері есік-терезелерін тарс жауып, үлкен қалаларды бетке алатынды шығарды. Тіршілігі құж-құж қайнап жатқан Катонқарағайдағы көпқабатты үйдің барлығы дерлік бос қалған. Түкпірдегі ауылдағы ел тілдей қағаз үшін жүздеген шақырымды басып өтіп, Үлкен Нарынға сабылды. Орталықтың алыстап кетуі алты-жеті ай қар астында жатқан ауылдықтар үшін тіптен қиынға соққан. Ұлттық парк құрылып, ағаш алу да үлкен мәселеге айналды. Көмір бағасы болса, түу түкпірге жеткенше еселене береді. Катонқарағай тұрғындарының тұрмыс тауқыметін айта берсек, таң атып, кеш батады. Қысқасы, осы уақыт ішінде халық саны екі есеге азайып, қарт Алтайдың қабағы кешегі күнге дейін ашылмаған. Кеше ғой, ақ түйенің қарны жарылды. Астанадан ақжолтай хабар жетіп, көпшіліктің көзінен қуаныштың көз жасы ыршып-ыршып түскен. Халық еліміз Тәуелсіздік алғанда осылай қуанған шығар. Одан соң Катон жұртының қағанағы қарық, сағанағы сарық бола қойған жоқ-ау.
6 қаңтар. Катонқарағай. Орталық алаң. Президенттің Жарлығы күшіне еніп қойған-ды. Алтайдың баурайына ақшаңқы киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Төрге сахна құрылды. Алтай аспанында әуезді әуен шырқалып тұр. Ауыл-ауылдан келген ел балпаң басып орталыққа қарай беттеді. Көңілді бәрі. Бір-біріне құтты болсын айтысып келеді. Әңгімеге тартсақ, ең әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірісті. Одан кейін аудан мәртебесін қайтаруға атсалысқан азаматтарға алғыс айтты.
– Алтай жұртының арманы орындалды. Халықтың мұңын естіген Мемлекет басшысына мың алғыс! Катонқарағай аудан болсын деп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей шапқылаған азаматтарға да үлкен рахмет айтамыз. Ендігі мәселе, ауданымызда шынайы бағдарламалар жасалып, жерімізге, елімізге шапағаты тисе деймін. Аудан үшін алмағайып сәтте береке-бірлік танытып, жұмыс істеуіміз керек, – дейді аудан тұрғыны Әділ Бердібек.
Бұл тілекті Өскемен мен Астанадан арнайы жеткен катонқарағайлық қаламгерлер Әлібек Асқаров пен Әлібек Қаңтарбаев та қуаттап отыр. Әлбетте, жаңа құрылған ауданға жалынды жастар, ұлтжанды басшылар ауадай қажет.
Салтанатты іс-шара әуелі аудан ақсақалы Жәнібек Қызырдың ақ батасымен басталып, ақжаулықты әжелер шашу шашты. Содан кейін барып басшылар сөз алған. Қайта түлеген ауданның аяқтан тұрып кетуі үшін аудан әкімі Ділдар Қалихан да күш салатынын айтты.
– Жаңа жылымыз жақсы жаңалықпен басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Катонқарағай аудан орталығы болды. Тарихи сәт құтты болсын дейміз! Ендігі мақсатымыз – сіз болып, біз болып, ауданымыздың әл-ауқатын арттыру. Катонқарағайдың әлеуеті өте зор аудан; мұнда ауыл шаруашылығымен қатар қарқынды дамып келе жатқан туризм саласы бар. Әрине, бір күнде болмаса да, екі жыл ішінде аудан болып, аяқтан тік тұрамыз деген ойдамын. Ол дегеніміз, ең әуелі инфрақұрылым; жол, ауыз су жарық тағысын тағы. Біз сіздермен әрқашан біргеміз. Ауданды дамыту мақсатындағы ой-пікірлеріңіз, тың идеяларыңыз болса, әрқашан тыңдауға, қолдауға әзірміз. Бүгінгі дүбірлі той сіздер үшін! Тағы да құтты болсын! – деді аудан басшысы Ділдар Қалихан.
«Әкім біреу, қалғанымыз тіреу болайық» деп, құтты болсын айтып келген Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Лұқбек Тумашинов те жүрекжарды лебіздерін білдірді. Иә, жоғарыда айтқандай, ауданның күш алып кетуі үшін шаңыраққа қадалған уықтардай жан-жақтан жұмыла кірісу қажет. Тарихи әрі жауапты кезең.
Ақжарма тілектерден соң арнайы шақырылған әншілер Өктем Алтай мен Тоқтар Серіков әннен шашу шашты. Алаңға жиналған аудан тұрғындары әуелеген әнге би билесті. Ақшаңқан киіз үй іштеріндегі ақ дастарқаннан әркім дәм татты. Одан бөлек, далада көтерілген қазанға басылған палау мен самауыр шайы тегін үлестірілді. Қайта құрылған ауданның дәл осындай берекесі мен мерекесі мәңгі тарқамасын.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы