3 миллионға жуық халық алғашқы медициналық-санитарлық көмектен тыс қалып келеді. Сенатор Ақмарал Әлназарова өзінің депутаттық сауалында МСАК көрсетуге байланысты проблемалар туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, азаматтарды медициналық орталықтарға бекітудің ерекшелігіне байланысты пациенттер күрделі аурудан емделу үшін дәрігер мен емхана іздеп ірі медициналық мекемелерге уақытша бекітіледі және толыққанды материалдық-техникалық базасы жоқ емханалар арасында көшіп-қонуға мәжбүр болып отыр. Дәрігерлер де азаматтардың кейбір санаттарын тіркеуде қиындыққа тап болып жатыр.
«Әскер қатарына борышын өтеушілердің өздігінен емханадан шығару мәселесі қарастырылмаған. Өңірлердегі құзырлы органдар аталған тіркеуде қалған жасөспірімдер қаражатын заңсыз алынған қаражат санатына жатқызып отыр. Ал бұл өз кезегінде қормен жалған тіркеулер ретінде көрсетіліп, медициналық қызметкерлердің дискредитациясына және дәрігерлердің жүйеден кетуіне әкеліп отыр», деді Ақмарал Әлназарова.
Сенатор соңғы 5 жылда алғашқы медициналық көмек қаржысының үлесі 21,9%-ға дейін төмендегенін, жалпы жүйеге берілген қаржы көлемінің өскеніне қарамастан МСАК тарифтері өзгеріссіз қалып келе жатқанын атап өтті. Өңір дәрігерлері көрсететін 42 қызметтің 38%-ына және орта буын қызметкерлер көрсететін 212 қызметтің 44%-ына тариф бекітілмеген. Ал жан басына шаққандағы кешенді норматив өңірлік қызметкерлердің қызметін толық қамти алмайды. Депутат сонымен қатар медициналық ұйымдарда бөлінген қаражатты дербес реттеу құқығының болмай отырғанына да тоқталды.
«Емханалар шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мекемелер болып саналғанымен, өз бетінше тәуелсіз басқару құқығынан айырылған. Оған дәлел ретінде мекемелердің сақтандыру қорынан бір жылға бөлінетін қаражатты, пациенттердің нақты қажеттілігіне ескерілмеген жоспары бойынша әр ай сайын игерумен айналысуын жатқызуға болады. Медициналық ұйымдар пациентті емдеу, ауруларды талдау емес, бекітілген қаражат игерілмегеніне немесе сызықтық шкаладан асса, салынатын айыппұлдарды болдырмаумен айналысып жатыр. Нәтижесінде ұйымдардың талаптары мен қаржылық мүмкіндіктері арасында айтарлықтай алшақтық пайда болып, шығыстар медициналық көмек көрсетуге көзделген қаражат есебінен жабылуда. Ол өз кезегінде медициналық статистиканың бұрмалануына және келер жылдың жоспарының нақты қажеттілік ескерілмей жасалуына әкеліп соғады», деп атап өтті сенатор Әлназарова.