Сенатор Дархан Қыдырәлі өзінің Телеграм арнасында тарих тармақтарына тоқталып, осы жылы Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толатын тұста өткенді дұрыс екшеуге шақырды, деп жазады Egemen.kz.
Сенатор мақаласында биылғы мерейтой қарсаңында Жошы Ұлысының тарихы жаңаша зерделенетініне сенім білдірген.
«Ұлық ұлыс – бұл жай ғана мемлекеттік құрылым емес, біз Еуразия деп атайтын ұланғайыр кеңістіктегі халықтардың тарихына арқау болған өркениеттік матрица. Оны өркениет-мемлекет деп те атайтындар бар. Құрамындағы жұрттардың тілі мен дініне, дәстүріне қысым жасамаған Ұлық ұлыс олардың мәдениетінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Сондықтан ол «мәдениеттер мозаикасын» түзген тиімді мемлекет тетігі арқылы қалыптасқан тұтас жүйе. Еліміздегі толеранттылық тамыры осы дәстүрмен үндес жатыр. Қазір қайта жаңғырған Жібек жолына иелік еткен, шығыс пен батысты жалғаған Ұлық ұлыстың экономикалық аспектілерін зерделеу де маңызды. Бұл ретте, мемлекеттілік тарихын Алтын Ордадан тарататын елдердің ғалымдарымен ортақ мұраны бірлесе зерттеген жөн. Әсіресе «Жошы ұлысын зерттеу» институтына үлкен жауапкершілік жүктелері анық», деп жазды Дархан Қыдырәлі.
Ол сондай-ақ, мектеп пәндеріндегі өткен тарихымызға қатысты толайым ақпараттардың тым қысқа берілгенін айтып, «ұлт тарихын білмеу – қасірет! Алайда одан өткен қасірет бар, ол – тарихты жаңылыс білу. Ұлттық санаға тарихи сана негіз болады десек, бұрмаланған түсініктен қате таным қалыптасатынын алға тартты».
«Биыл аяқталатын Қазақстан тарихының көп томдығы Жошы ұлысына қатысты тың деректерді ұсынады деп үміттенеміз. Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуы тиіс. Сонымен қатар оқулықтарға қазақ мемлекеттілігінің бастаулары туралы да соны деректер енгізу керек. Мәселен тарихи Талас құрылтайы өткен, Жетісу мен Сыр арасында құрылған Моғолстан мемлекетіне 6-7 сыныпқа арналған оқулықта 1 параграф, ал 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде, Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі. Бір айта кетерлігі, ЖОО-дағы мамандықтарға қазақ тарихы пәнінің енгізілгені құптарлық. Осы пәнді методологиялық бірізділікке келтіріп, мемлекеттілігіміздің бастауларына басымдық берілгені жөн», деп жазды ол.
Дархан Қыдырәлі тарихи тұлғалардың мерейтойлары той-тойлау үшін емес, ой ойлап, тарихи санаға оң ықпал ету үшін қажет екенін де тілге тиек етті.