• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 11 Қаңтар, 2024

Жұмыс жүйелі жүргізілуі керек

182 рет
көрсетілді

Халықаралық сарапшылар еліміздің экономикасына, макроэкономикалық көрсеткіштеріне байланысты түрлі болжам айтып жүр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Шын мәнінде, мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ» деп нақты ұстанымын жеткізді.

Экономикамыз қалыпты даму үшін жүзеге асырылып жат­қан жо­ба­лардың нәти­­же­лі­лігі мен тиім­ді­лігі маңызды. Сұхбатта Президент эко­номикамызды ілгер­іле­ту жолында бірнеше бағытты айқындады.

Біріншіден, ауқымды өнер­кәсіп жобаларын жүзеге асыру. Бұл бағытта жүйелі жұ­мыс жүргізіліп жатыр. Енді жоба­лар­ға талдау жасалып, олар ин­вес­торлар, сарапшылар және бизнес өкілдерінің қатысуымен пы­сықталады. Мемлекет қолдау көрсетеді.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорын­да­рын отандық шикізатпен қам­тамасыз ету туралы заң нор­масын жақында Парламент Мәжілісі мақұлдады. Заңсыз шығарылған активтер елге қайтарылып жатыр. Бұл да әлеуметтік-эко­номикалық жағдайымызды жақ­сар­туға оң әсерін тигізіп келеді. Бұған қатысты Парламент тиісті заң қа­былдады. Экономикамызда басты міндеттің бірі – инвестиция тарту. Осыған байланысты Инвестициялық штаб құрылып, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін ауқымды өкілеттілік берілді.

Екіншіден, Президент инвес­тор­лар­ға қолайлы жағдай жасаумен қатар, бюджет кірісінің аза­­йып кетпеуіне ерекше мән беріп отыр. Бұған Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан Бюджет кодексі­нің алатын орны ерекше. Бұл орайда депутаттар бюджет қара­жа­ты­ның мақсатына сай жұм­­сал­уын, тиім­ді­лі­гін қам­та­масыз етуге, квази­­мем­лекеттік сектор субъек­ті­лерінің тиім­­ділігін арт­ты­руға, диви­денд­тер­ді то­лық төлеуге бағыт­тал­ған ұсы­ныс­тар енгізді.

Бұл тұрғыда Парламент Мәжі­лі­сінде жан-жақты талқыланып жатқан Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы да үлкен рөл атқарады. Мем­лекеттік сатып алуға қоғамдық ба­қылау орнатудың да қажеттілігі зор.

Жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат мемлекет пен биз­нестің қарым қатынасын қайта қарауға мүмкіндік бермек. Кәсіп­­кер­лік пен бәсекелестікті дамыту, жекеменшікті қорғау өте маңызды. Бұл бағытта Президент тапсырмасына сәйкес нақ­ты жұмыстар атқарылып келеді. Атап айта­­тын болсақ, жақында Пар­ламент Мәжілісі кәсіпкерлік қыз­мет­ті жақсартуға, кедергілерді алып тастауға, мемлекеттік бақылау мен тексеру жүйесін реттеуге байланыс­ты бизнесті жүргізу мәселелері туралы заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді. Экономикамыз дамыса, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Бюд­жетке түсетін кіріс ұлғаяды. Бұл бағытта жұмыс жүйелі болуы қажет.

 

Нұртай САБИЛЬЯНОВ,

Мәжіліс депутаты