Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультеті 1995 жылы сол кездегі еліміздің Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен құрылып, негізгі оқу орнына айналды. Факультет өз уақытында құрылды, заман талабы соны қажет етті.
Министр бас болып, тәжірибелі дипломаттар, атташелер студенттерге дәріс оқыды. Жастар саяси мәселелерге байланысты сұрақтарын қоятын. Олар министрге түрлі тілде (қазақ, орыс, ағылшын, қытай) сұрақ қойса, олар жауапты сол тілде алатын.
Болашақ халықаралық дәрежедегі мамандардың, дипломаттардың өз елімізде білім алып, жетіліп, шыңдалып шығуы – бүкіл халықтың мүддесі еді. Қазақстанның көптеген дүниежүзілік ұйымға мүше болуы кезінде кәсіби деңгейі жоғары, саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңе алатын іскер, білімді, мәдениетті тұлғаны қалыптастыруға факультет зор үлес қосты.
Факультеттегі жетекші кафедралардың бірі – шет тілдер кафедрасы. Жоғары дәрежелі, заманауи талаптарға сай факультет түлектері бәсекелестікке сай. Олардың дипломы әлемде бағаланады.
1996 жылы басталған инвестиция саясаты елімізде ағылшын тілін үйренуге бетбұрыс жасады. Қазіргі заманауи ғылымның, мәдениеттің, саясаттың ғаламдану дәуірінде, шет тілінің құндылығы мен дипломатиялық қарым-қатынас жасауға, сауда мен бизнес салаларын дамытуға зор мүмкіндіктер туды. Факультет түлектерінің біліктілігі халықаралық стандарттарға сай екенін уақыт та, заман талабы да көрсетіп отыр. Олар бүгінде халықаралық деңгейдегі мәселелермен айналысатын түрлі мемлекеттік және шетелдік министрліктерде, Президент пен Үкімет аппараттарының халықаралық бөлімдерінде және тағы да басқа мәртебелі орындарда табысты қызмет атқарып келеді. Еліміз шамамен 182 мемлекетпен қарым-қатынас орнатты және шетелдерде 67 өкілдігі бар. Түлектеріміздің бірқатары еліміздің ішкі-сыртқы дипломатиялық салаларында абыроймен қызмет атқарып жүр.
Мен ҚазҰУ-да 51 жыл бойы шет тілінен (неміс, ағылшын) дәріс оқыдым. Оның 20-ға жуық жылында кафедра меңгердім. Факультеттің де, кафедраның да көш бастауына ынта-жігеріммен кірістім. Қазір де ҚазҰУ-дан қол үзгенім жоқ. Шақырған кезде білім алушыларға дәріс оқимын, кездесулерге тұрақты барып тұрамын.
Роза ҚАЙЫРБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры