Еліміздегі экономиканың жалпы өсіміне жататын машина жасау мен металл өңдеу салалары әлі де болса импортқа тәуелділіктен арылмай келеді. 120 мыңға тарта жұмысшысы бар 4 мыңға жуық кәсіпорынның қай-қайсысы болсын өндірістік қорларын жаңартуды қажет етіп отырған жайы бар. Бұл салаға жататын ауыл шаруашылығы, теміржол, энергетика, электртехника, тау-кен-металлургия және мұнай-газ, машина жасау, автомобиль мен авиақұрылыстағы туындаған мәселелерді шешіп, қолданыстағы өндіріс тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырса, әлемдік экономикаға қосылуға мүмкіндік бар деген сөз. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласындағы техниканың 80 пайызға жуығының тозығы жеткен.
Сонымен былтыр жыл соңында Үкімет қаулысымен Машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Бұл жоспардың ел экономикасы үшін басты стратегияға айналуы біздегі машина жасаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деуге болатындай.
Жоспарда, біріншіден, өндірушілерді бастапқы материалдармен қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік құрастыру жұмыстарын дамыту арқылы базалық жағдайларды жақсартуды, екіншіден, машина жасау өнімдерін өткізуді ынталандыру және техникалық реттеу жүйесін жетілдіру арқылы отандық өнімді ілгерілетуді, үшіншіден, машина жасаудың басым секторларын әр секторға бағыттай отырып дамыту қарастырылған. Аталған кезең аралығында өнім өндіру көлемін 2,2 және еңбек өнімділігін 1,9 есеге ұлғайтып,экспорттық тасымалды 5 млрд 700 млн долларға дейін, салаға инвестицияның өсуін 1,5 есеге арттыру секілді нысаналы индикаторларға қол жеткізу көзделген.
Жауапты министрлік өкілдері кешенді жоспар саланың әлеуетін толық көлемде іске асырып, оның ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз етеді деген пікірде. Жоспарланғандай көршілес Ресей, Өзбекстан және Қытай елдеріндегі серіктестермен жүргізілетін біріккен жобалардан бөлек, теміржол машиналарын жасауды дамыту нарықты локомотивтермен, жүк және жолаушылар вагондарымен толықтыру міндеттерін шешуге негізделіп отыр.
Былтыр ауыл шаруашылығы машинасын жасау секторында 5 мың трактор мен 900 комбайн өндірісі жоспарланған. Қазіргі уақытта жасап шығарылатын техника ірі торапты құрастыруға негізделген және кәсіпорындардың шағын торапты құрастыру әдісіне жоспарлы түрде ауысу қарастырылып жатыр. Бүгіндері Қостанай облысында тракторға арналған кабиналар өндірісі нақты жолға қойылған жайы бар.
Жалпы, елдегі электртехникалық машина жасау секторында Alageum Electric нарықтың қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететін трансформаторларды шығарады. Қазэнергокабель мен Еуразкабель сияқты кәсіпорындар нарықта сұранысқа ие кабельдік өнімдерді жеткізіп отыр.
Ал тұрмыстық техника өндірісі бойынша бүгіндері «Алматы тұрмыстық техника» компаниясы Dauscher (Даушер) брендімен теледидар, электр плиталар мен пештер шығару үстінде. Аталған өндірістің Еуразиялық экономикалық одақ нарығындағы әлеуеті шамамен 11 млрд долларды құраса, ал бізде тек 1 млрд 200 млн доллардың айналасында екен.
«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Айбек Қажкенов: «Кешенді жоспар «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңын тәжірибеде іске асыруды, елдің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының негізгі ережелерін, өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын, Мемлекет басшысының ел экономикасын әртараптандыру және индустрияландыру жөніндегі тапсырмаларын ескерген», дейді.
Ал «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ атқарушы дирекциясының директоры Өмірсерік Ержанов машина жасау саласында белгілі бір деңгейдегі кәсіби білімі, дағдылары мен біліктілігі бар мамандардың жетіспеушілігін атап өтті. Оның айтуынша, машина жасау саласындағы негізгі мамандар 2024-2028 жылдар аралығында қажеттілік 7 мыңнан астам адамды құрайтын болады. Бекітілген кешенді жоспарда машина жасау саласындағы дуальды оқуды дамыту бойынша еуропалық тәжірибені зерделеп, техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі біліктілігін арттыруға әлемнің озық тәжірибесін енгізу жөніндегі іс-шаралар қарастырылғандығын жеткізді.
Кешенді жоспарды қаржыландыруға мемлекеттік бюджеттен 1,4 трлн теңге және елдегі заңнамаға тыйым салынбаған өзге де көздерден шамамен 1,3 трлн теңге есебінен жүргізілетін болды.
Қалай десек те еліміздегі машина жасау саласына айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Қабылданған индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырылған жылдары машина жасау саласында 276 млрд теңгеге жуық сомаға 114 жоба іске қосылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.
Ширек ғасырға таяу уақыттан бері елімізде машина жасау өндірісінің көлемі 24 есеге өскен. 10-15 жылда сала құрауыш және қосалқы бөлшектерді өндіруден түпкілікті өнім түрлерін шығаруға көшіп, кейінірек жаңа өнім түрлері пайда болды. Ауыл шаруашылығы, электр техникасы, тау-кен және мұнай-газ машина жасау салалары жаңартылған. Өткен жылы елімізде бірінші жартыжылдықтың өзінде 70 мыңнан аса жеңіл автомобиль мен жеңіл коммерциялық техника шығарылды. Бізде автокөлік құралдарының барлық санаттары өндіріледі. 167 автомобиль моделі құрастырылып, оның ішінде 39 жеңіл модель және 22 әлемдік бренд бар.
Жалпы, машина жасау саласы бойынша экономиканы дамыту жағы қарастырылған. Олардың импорты 13 млрд долларды құрайды. Бұл ретте отандық өнімдер өндірісінің көлемі – 3 млрд доллар. Соңғы 5 жыл ішінде саланың нақты өсімі 2,3 есені құраған. Ең жоғары өсім автомобиль жасау саласында. Салыстырмалы түрде аталған жылдар аралығында өңдеуші өнеркәсіптің орташа өсу қарқыны – 4,5%, ал машина жасау саласының өсімі 17,6%-ды құрайды. Бүгіндері 2028 жылға дейін 1 трлн 700 млрд теңгеге 151 жобаны жүзеге асыру қолға алынды.
Бұл ретте Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мұқанов: «Машина жасауды одан әрі дамыту үшін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңының 60-бабына сәйкес машина жасау саласын шикізатпен және материалдармен қамтамасыз етілуге тиіс. Осы орайдан келгенде бастапқы металдар өндірісіне дейін қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеуге ынталандырып, машина жасау, металл өңдеу саласының кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтып, елдегі өндірілмейтін металл өнімдерін импорттау кезінде қосылған құн салығын төлеуден босату (ҚҚС дайын машина жасау өнімін сату фактісі бойынша төленетін болады). «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңының 46-бабына сәйкес мемлекет регламенттеген сатып алу шеңберінде отандық машина жасау өнімдеріне сұранысты ынталандыру қажет. Бұл шаралар машина жасауды дамытудың кешенді жоспарының жобасында көзделген. Олар өндірісті ұлғайтуға, импортты қысқартуға және тауар өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», дейді.