• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қаңтар, 2024

Мұржаның жыры қашан бітеді?

154 рет
көрсетілді

Петропавл қаласындағы 2-ЖЭО-ның 2022 жылдың наурыз айында ортан белінен опырылып түскен мұржасының жыры әлі де жалғасып келеді. Дәл Наурыз мерекесінің қар­саңында құлаған мұржа қала жұрт­шылығын ғана емес, барша ел хал­қын дүр сілкіндірді десек, артық айт­қандығымыз емес. Құлаған кірпіш пен цемент кесектері қазандық цехын басып қалып, үйіндінің астында машинист-байқаушы болып істе­ген әйел адам қаза болды. Бұл уақыт­та Солтүстікте әлі жылыту мау­сымы аяқталмаған, өңір әлі де қыс ызға­ры­ның құрсауында еді. Сондықтан үйле­рімізге жылу жетпей қала ма деген қала­лықтардың қорқынышын да түсі­нуге болады.

Мұржаның бойында міні бар деген ескертулерге құлақ аспаған кәсіпорынның директоры мен бас инженеріне қызметке тұр­ғанына көп болмаса да, қылмыстық іс қозғалды. «Жекеменшікке сатылып кеткен стратегиялық нысанның тағдыры осылай болады» деген әңгіме де желдей ескен. Мұндайларды Үкіметке қайтару туралы талаптар да көп уақыт бойы толастаған жоқ.

1961 жылы пайдалануға берілген ЖЭО-ның бұл мұржасына сол кезде 61 жыл болған еді. Осы жылдарда сапалы цемент болып және кірпіші жақсы ылғалмен өрілген болса, осынау жылдарда ол мұржадан шығатын түтінмен әбден кеуіп, тас болып қалатын жөні бар-ақ. Бірақ Кеңес заманында «ура-ура, жоспар» деген ұранды айғайлармен жанталасып, сапасыз қаланған кірпіштер осал, арасына жел кіріп, су өтіп, құрылысты дымдай берген. Қызылжар қаласында патша заманында кірпіштен өрілген бірнеше ғимарат әлі бар. Мысалы, Мұратов деген көпестің диірмені. Әлгіні жекеге сатып алған кәсіпкер жаңаша жобалап, кірпіштен қаланған қабырғаларын арнайы техникалармен де соққылап бұза алмап еді. Амалы құрыған соң сол қабырғалардың өзін пайдаланып, қазір дәмханаға айналдырған.

Мұржаның құлау сырын қаланған кірпіш пен лайдың сапасыздығынан, олар­дың арасынан су өткеннен, сол су ақыры көп мүжіп құлатқан деген қорытындыға келген сарапшылар мұржаны құлаған тұсынан әрі қарай қайта өру туралы шешім қабылдаған. Будақтап шығып жататын ыстық түтінге кеппеген не қылған дымқыл, не деген су екеніне еш жауап болмады.

Сонымен мұржаның сапасыз жерінің бәрі қиратылып, 2022 жылдың күзінен бұрынғы іргетасқа әрі қарай өру басталған. Жұмыс қызу жүріп, биіктігі енді 180 метр (бұрынғысы 150 метр) болып белгіленген мұржаның 36 метріне дейін былтырғы күзге дейін өрілді. Сөйтсе, аяқастынан мұр­жаның қисық өріліп бара жатқаны белгілі болды. Содан 21-метрге дейін оны қайтадан бұзуға тура келді.

Жекеменшіктің дүниесі болған соң, Үкі­меттің ақшасына салынып жатпаған соң мердігерге ешкім заңды талап қойған жоқ. ЖЭО-ның қазіргі иесі – «Севказэнерго» АҚ. Оның бас директоры Анатолий Казановский: «Біздің бас мердігеріміз – «Казтеплоспецстрой». Олар наурыз айына дейін мұржаның қалдығын түп-орнымен жойып, ауаның температурасы 5 градус­тан жоғары бола бастаған кезден мұржаны іргетасынан бастап, қайтадан өретін болды. Барлық артық шығынды өздері көтереді. Келісіміміз солай», деді.

Тамыз айында жұмыс тоқтатылғаннан кейін «Севказэнерго» АҚ мұржаның құры­лы­сына толық сарап жасау үшін «Сев­каз­­энергопром» ЖШС атты ғылыми-өнді­ріс­­тік фирмаға жүгінген екен. Міне, осы фир­маның мамандары мұржаның түбін­де­гі қозғалғыш жүйеге жоғарыдан өрген құ­рылысты кіріктіру қиын. Сондықтан бәрін басынан бастау керек деген қорытынды жа­сапты. Шын мәнісінде, биік мұржа қоз­ғалып тұрады ғой, оның желдің, ыстық пен суықтың әсеріне төзімділігі, қозғалыс пен серпілісі осы жүйемен тығыз байланысты көрінеді. Қорытындысында іргетастағы ар­матуралардан басқа өрім түбіне дейін бұ­зылып, тазаланатын болды.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбе­тов­тің алдында болған кеңесте «Каз­теп­ло­спецстрой» ЖШС бас директоры Констан­тин Биғо­жин өздерінің 1 наурызға дейін мұржа- ның орнын толық тазартатынын айтты.

«Содан кейін өзіміздің қосалқы мер­дігеріміз «Теплохиммонтаж» АҚ бірлесіп, 1 сәуірден бастап ауаның температурасы 5 градустан жоғары бола бастаса, жаңа технологиямен мұржаның құрылысына кірісеміз. Жұмыстың бәрін 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дейін толық аяқтаймыз. Сонымен қатар мұржа құрылысының бағасын өсірмей, бұрынғы қалпында қалдырамыз», деді.

Сөйтіп, өткен жазда құрылысы аяқта­лады деген мұржа 2024 жылғы жылыту маусымында ғана аяқталатын болып отыр. Тапсырыс беруші «Севказэнерго» АҚ мердігерге мұржа үшін бұрын келісілген 2,1 млрд теңгені төлемекші. Қазір қалған екі мұржа қалыпты жұмыс істеп тұр. Олар­ды жөндеуге өткен жазда инвестор 185 млн теңге қаражат бөлген.

Қыркүйек айында тағайындалған облыс әкімі Ғауез Нұмұхамбетов облыс орта­­­лығындағы осы нысанға 2-3 рет барып үлгерді. Оның келіп кеткенінен жеке­­­мен­шіктегі иелері қандай да бір пайда кө­ріп жат­қаны шамалы, керісінше, әкім­нің ­«кесте-кесте» деп дігерлей бергені ұна­майтын шығар. Кезінде «план-план» деп асық­ты­рып салғанның қорытындысы кө­рінді ғой, сондықтан әкімнің «ең маңыз­дысы – сапа-сапа» деп талап еткені қазір­гі ха­лыққа да, кейінгі ұрпаққа да тиім­ді болар еді. Сондықтан құрылысқа өзі барғанша мамандарды жіберіп, бақылау орнатып отырғаны әлдеқайда тиімді болар еді.

Жуырда мердігер мұржаны толық бұзу­ға кірісіп кетті. Іске сәт дейміз.

 

ПЕТРОПАВЛ