Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі Екінші дүниежүзілік соғысында қаза тапқан Кәдірбек Дәулетқұловтың сүйегін кіндік қаны тамған туған жеріне қайта жерлеу үшін Жамбыл облысына жеткізді. Бұл үшін Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің әскери-көліктік ұшағы арнайы рейс ұшырды. Жауынгердің сүйегін қарсы алуға арналған рәсім Тараз қаласы әуеайлағының әскери секторында ұйымдастырылды. Іс-шараға облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаменті және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері мен ардагерлері ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс ведомствосына сілтеме жасап.
2023 жылдың қараша айында Ресейдің «Әулие Илья Муромец заставасы» іздеу жасағы тауып, сүйектің кімге тиесілі екенін медальондағы деректерден анықтаған.
«Кәдірбек Дәулетқұлов туралы көптеген әскери ақпарат құпия. Өйткені ол Кеңес Армиясы қатарында шекарашы қызметін атқарған», деп атап өтті Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігінің өкілі Әбубәкір Смайылов.
1920 жылы Жамбыл облысында туған, 1943 жылдың жазында Курск доғасындағы қанды шайқаста қаза тапқан Кәдірбек Дәулетқұлов отбасын құрмаған. Жауынгердің ағасының ұрпақтары табылды. Туған жері – Тұрар Рысқұлов ауданында жер қойнына тапсыру үшін сарбаздың сүйегі туыстарына тапсырылды. Сондай-ақ оның медальоны, каскасы, сапер күрегі, сарбаз кружкасы ағайындарына берілді.
Айта кетсек, Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі 2019 жылдан бастап Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында қаза тапқан отандас жауынгерлерді жүйелі түрде іздеумен және жерлеумен айналысып келеді. Қоғамдық бірлестік осы уақытқа дейін Қорғаныс министрлігімен бірлесіп 19 сарбаздың сүйегін елімізге жеткізіп, қайта жерлеуді ұйымдастырған.