Қазір қыстың ортасы, қақаған аяз. Дегенмен Батыс Қазақстан облысы көктемгі су тасқынының алдын алу қамына кірісіп кетті.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиев 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жөнінде кеңейтілген жиын өткізіп, тиісті мекеме басшыларының баяндамасын тыңдады. Өйткені биылғы ауа райының құбылмалылығы, ылғалдың молдығы көктемгі су тасқынының алдын алуға ертерек дайындалу қажеттігін көрсетіп отыр.
Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Рашид Біләловтың айтуынша, көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде бірқатар іс-шара атқарылған екен.
«Кешенді жоспарымыз бойынша 700 млн теңге қаржы жұмсап, 133 іс-шара орындадық. Әкімдіктер 210 млн теңгеге 100-ден аса жабдық пен арнайы техника сатып алды. Қазірдің өзінде 19 уақытша гидробекет орнатылды, 41 км-ден астам қорғаныс бөгеті салынды және нығайтылды. 21 км-ден астам арық, автожолдарда 49 су өткізу құбыры мен 37 бетондық құрылыс орнатылды», дейді Рашид Бекетұлы.
Бұған қоса өңірде 1 тиегіш трактор, 67 500 қапшық, 68 мотосорғы, 22 моторлы қайық, 12 мұз кесу құрылғысы мен 13 мотобұрғы, 5 электрогенератор, өрт сөндіру жеңдері, құтқару кеудешелері, қысқы киім мен дрон сатып алынған.
Алдағы уақытта Бөрлі ауданы бойынша Кеңтүбек, Ақсай қаласы, Ескі Аралтал, Жаңа Аралтал аумақтары, Өспен, Жаңаталап, Бақтыарал ауылдарында қорғаныс бөгеттерін орнату, Ақбұлақ ауылындағы бөгетті қалпына келтіру қажет. Достық ауылындағы бөгетті күрделі жөндеу, 1 мотосорғы, 1 қайық сатып алу күн тәртібінде тұр.
Ал Бәйтерек ауданында Перметное ауылындағы бөгеттің құрылысы, Чирово су қоймасын жөндеу және Раздольное ауылындағы су қоймасының шлюзын жөндеу жоспарланған.
Шыңғырлау ауданында да «Қызылкөл-Ардақ-Ақтау» жолының 17 және 31 шақырымында, сондай-ақ «Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай» автожолының 70 және 73 шақырымында су өткізу құбырларын орнату, 1 мотосорғы, 1 қайық сатып алу керек.
Теректі ауданының Подстепное ауылында, Болашақ және Керемет шағын аудандарында су бұру арнасының құрылысына жоба құжатын жасақтау, 6 мотосорғы сатып алу да көзделіп отыр екен.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өңірдегі гидротехникалық қондырғыларды жан-жақты зерттеп тексеріп, Қараоба, Солянка, Чирово су қоймаларының жоба құжатын түзетуге тиіс. Мұратсай су қоймасын жөндеу де – кезек күттірмейтін іс.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты» автожолының 80 шақырымында, «Чапаев-Жаңақала-Сайхын» жолының 157, 227, 238, 244, 255, 265 шақырымдарында, «Жаңақала-Ұялы-Бисен» жолының 192 шақырымында жол астынан су өткізу құбырларын орнатуы қажет. Қазталов ауданындағы Әжбай ауылында қорғаныс бөгетін орнату, Ақжайық ауданы бойынша Алғабас ауылындағы Киров каналы арқылы өтетін жолды нығайту, Орал қаласының Шұғыла-Қамбар батыр көшесіне арық жүйесін орнату да өз кезегін күтіп тұр.
«Қазавтожол» мекемесі «Подстепное-Теректі-РФ шекарасы» автожолының 11 және 13 шақырымы тұсында, сондай-ақ Қаратөбе ауданындағы Қоржын ауылына кіреберіс жолдың 4, 5, 11 шақырымында су өткізу қабілетін жоғарылатуы қажет.
Төтеншеліктер облыс аумағындағы автожолдарда су басу қаупі жоғары 49 орын бар екенін айтады. Мұның 46-сы – автокөлік жолы, үшеуі – теміржол.
Ықтимал төтенше жағдайды жоюға қазір 4 мыңнан астам адам, 1 мыңнан астам техника, 88 жүзу құралы мен 329 мотопомпа дайындыққа келтірілген. Сондай-ақ 23 мың тонна инертті материал, 145 мың қап, 557 тонна жанар-жағармай қоры дайындалыпты.
«2,5 млн теңгеге ғарыштық мониторинг және 80 млн теңгеге аэровизуалды зерттеу жүргізуге келісімшарт жасақталды», дейді Р.Біләлов.
Кейінгі жылдағы су тасқыны салдарын ескере отырып, Батыс Қазақстан облысында тасқын қаупі ең жоғары аумақтар – Орал қаласы, Бәйтерек, Тасқала, Бөрлі, Қазталов және Қаратөбе аудандары болып бекітілді.
Орташа қауіп – Теректі, Шыңғырлау, Сырым, Ақжайық және Жәнібек аудандарына тиесілі.
Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарында су тасқыны қаупі жоқ деуге де болады.
Жиын барысында ауа райы болжамы, су қоймаларын тиімді пайдалану жөнінде баяндамалар жасалды. Бөрлі, Қазталов аудандарының әкімдері мен Орал қаласы әкімінің орынбасары көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев орынбасарларына арнайы комиссия құрып, су тасқыны болуы мүмкін мекендерді аралап, су қоймаларын, құбырларын тексеруді тапсырды. Сонымен қатар өңір басшысы қаңтар-ақпан айларын тиімді пайдаланып, қар тазалау, құбырларды тазарту бойынша жұмыс жүргізуді жүктеді.
Батыс Қазақстан облысы