Неше күн толассыз жауған қардың салдарынан Марқакөл ауданындағы бірқатар ауыл тұрғындары қар құрсауында қалды. Қарой, Қарашілік, Төсқайың, Бұғымүйіз, Шанағаты ауылдарына көліктің күре жолын қойып, аяқ жолын ашу мұң болған. Табиғаттың тосын мінезі тіршілікке тұсау болып, Күршім ауданы әкімдігі төтенше жағдай жариялады.
Қар басқан түні «ОблШығысЖол» ЖШС қызметкерлері жеті техника жұмылдырғанымен, екі метрге жуық түскен қарды аршып алу қиынға соққан. Тонна тартатын тракторлардың өзіне дес бермеген соң облыс орталығынан тағы да қосымша техникалар жолға шыққан...
Қар құрсауы көлік қозғалысын шектеп қана қоймай, шалғай ауылдағы науқасқа асыққан медицина қызметкерлерінің де қолын байлады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, Төсқайың ауылының 71 жастағы тұрғыны ишемиялық инсульт алған. Жедел жәрдем жете алмаған, тікұшақтың ұшуына да тыйым салынған. Сондықтан пациентке көмек дер кезінде көрсету мүмкін болмаған. Төсқайың ауылындағы ауыр науқасты аман алып қалу үшін амал жоқ емес еді. Медициналық көмек көрсету үшін 16 қаңтар күні облыстың бас реаниматологі, санитарлық авиацияның фельдшері тікұшақпен Төсқайыңға тартқан. Әуелде дәрігерлер қар бетімен жорғалайтын көлік мініп, жолға шыққан.
«Кеше санавиацияның бас реаниматологі, фельдшері төтенше жағдайлар департаментінің жол талғамайтын көлігіне мініп, жолға шыққан. Ұранхай ауылына жеткенімен, әрі қарай тағы 65 шақырым жол оңайға соқпаған. Бүгін, яғни 16 қаңтар күні медицина қызметкерлері көмек апара жатқан тікұшақпен жетіп, 71 жастағы науқасты Өскеменге жеткізді. Дәрігерлер облыстық ауруханада қажетті ем-домды жасайды. Науқас бірқалыпты ауыр халде», деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасының мамандары.
Иә, қатардағы көліктерді қойып, ТЖД-нің жол талғамайтын көліктері де қалың қардан жүре алмай, кідіріп қалған. Соған қарамастан жауапты орындар табиғаттың тосын мінезімен күресіп, жолды қардан аршу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Кейбір жерлерде қардың қалыңдығы 2 метрге жеткен. Қардың түсу нормасының асып кетуін және елді мекендерге көлік қатынасының болмауын ескере отырып, Күршім ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады. ШҚО көлік және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының деректері бойынша жол жүруді қамтамасыз ету үшін қосымша техника жөнелтілді. Қазіргі уақытта арнайы техниканың 24 бірлігі жұмылдырылған. Алайда боранға байланысты жұмыс істеу әлі қиындық тудырып тұр. Сондай-ақ Күршім ауданына қажетті көмек көрсету үшін ШҚО бойынша ТЖ департаментінің жоғары өтпелі техникасы келді.
– Қар мөлшері өте көп. Оның үстіне жел мен қардың ылғалы жұмысқа кедергі келтіріп тұр. Марқакөл орман шаруашылығының техникасы күреп өткен жолды қайта қар басып қалмауы үшін күн-түн демей күреп жатыр. Шанағатыда күн райына байланысты электр желісі сөніп қалған. Оны «Алтайэнерго» мамандары қалпына келтіреді. Марқакөл – Төсқайың арасындағы жол бойында техникалар тынымсыз жұмыс жүргізіп жатыр. Тұрғындар түсіністік танытып, сабыр сақтаса екен, – дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.
Марқакөл және Төсқайың ауылдық округтері мектептерінің оқушылары 8 қаңтардан бастап қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Айтып өткендей, округтердің тұрғындарына қажетті азық-түлік пен дәрілік заттарды жеткізу үшін тікұшақ жіберілді. Жағдай – жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.
Шығыс Қазақстан облысы,
Марқакөл ауданы