Академик Ғарифолла Есімнің «Мұң» романында автордың пәлсапалық ой-толғамдары мен эсселері жинақталған. Мұң дегеніміз не? Адам неліктен мұңаяды? Мұңсыз ғұмырдың мәні бар ма? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында автормен әңгімелескен едік.
Шайтан – жаратушының демократиясы
− Адам ата жұмақтан қуылып мұңлы болды. Ұрпағына мұңсыз ғұмыр тіледі. Алайда балалары «жылап туып, кейіп өлді». Онсыз да мұңлы дәуірде мұң тақырыбына неліктен тоқтадыңыз?
− Мұң – әлемнің тынысы. Оның екі жағы бар: бірі үн, бірі әуен. Үннен дұға, әуеннен өнер туады. Мысалы, құран – әлемнің үні. Дұғалардың бәрі – мұң. Өнер де солай. Өмірді өнерге айналдырмасақ, жағдай өте ауыр болады. Қорқыттың жасаған даналығы осы. Ал даналық – ешқашан таусылмайтын, сарқылмайтын мұхит. Сол мұхиттың жағасына барып жазған кітабым – «Мұң».
− Абайдың Лермонтовтан жасаған тәржімесінде «Мұңлы шайтан құдайдың қуған жаны», – дейді. Сіздіңше шайтанның мұңы неде?
− Шайтанның мұңы – адам. Адамсыз шайтан – ешкім емес. Неге? Айтайын, адамзат төл болмысынан тегіс айырылып, шайтандық жолға түссе, шайтанның қажеттілігі болмай қалады. Періштелік жер бетінен жойылады. Бұл – шайтанға қауіп. Ол жұмыссыз қалады. Оның дұшпаны – адам, бірақ адамсыз күні тағы да қараң. Сондықтан ол – мұңлы. Бірақ ол да Жаратушының маңызды кейіпкері. Керек десеңіз мен былай айтар едім: шайтан – жаратушының демократиясы. Ол адамның сыншысы. Тура жолдан таяр ма екен, таймас па екен деп бақылап тұрады. Бұл тұрғыда біздің қоғамдағы шайтан олжалы келе жатыр. Жаппай жемқорлық, айлакерлік, қылмыс. Мұның барлығы – мұң...
− Жемқорлардың періштесі жеңілген бе?
− Олардың шайтаны масайрап, періштесі жылап тұрады.
Ойшылдардың бәрі – бақытсыз
− Құдайдың мұңды жаратудағы мақсаты не?
− Мұнда сұрақтың мазмұны өзгереді. Біріншіден, мұңды құдай жаратты ма, жоқ, әлде ол әуелден бар ма? Мәселе сонда. Бұл – Алла Тағаланың құпиясы. Бірақ бір білетінім, мұң – адамның санасы. Мүмкін құдайдың санасы шығар? Жаратылыстың үні – мұң. Ал жаратылыстың құпиясы жаратушының қолында. Ол адамның мұрын сұғатын жері емес.
− Мұң бақыттың баспалдағы ма?
− Жоқ. Ешқашан бола алмайды.
− Демек ойшылдар бақытсыз ба?
− Міндетті түрде бақытсыз.
− Сіз бақыттысыз ба?
− Мен бақытсызбын. Бақытты ойшыл болмайды. Философтар бақытты бола алады. Себебі философия – әлемді құдайсыз танитын ілім. Ал мен пәлсапашымын. Мен қалай бақытты боламын? Дәл қазіргі сәтте қаншама студент ашығып отыр. Қаншама адам үй таппай көшеде қонып жатыр. Бүкіл жерде соғыс болып жатыр. Осының бәрін көзіңмен көріп, қалай бақытты болмақсың?
Сабақтастық үзілмеу керек
− Ғарифолла Есімнің мұңы Қорқыт, Ясауи, Абай мұңының жалғасы ма?
− Иә, менің мұңым – Абай мұңының жалғасы. Менің мұңым – кәмелетсіз харекеттер. Яғни қазақша танымнан алыстағанымыз, мұсылманша ойлай алмай жатқанымыз – менің ең үлкен мұңым.
− Толстой 53 жасында Петербургтен Ясная Полянаға көшіп кетті. Шәкәрім де қартайған соң елден безіп, жапанда жалғыз жатты. Сізде ондай ой болды ма?
− Мен оны мың рет ойладым. Денсаулығым тәуір кезінде Семей мен Абайдың орталық жолында орналасқан Күшікбай дейтін бекетте үй салдым. Ол үйде жолаушыларға тамақ беретінбіз. Кейін осы үйде тұрақтап қалуға ниетім болды. Бірақ пайда болған біршама дерттерім оған мұрша бермеді.
− Қазақ қоғамына не тілейсіз?
− Сабақтастықтың үзілмеуін тілеймін. Ата-бабаларымыздың қалдырған құндылығын келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Оның ішкі мазмұны мынада. Сабақтастық болу үшін сыншылдық қажет. Өткенге сыни көзқарас қажет, сонда ненің сабақтас екенін анықтай аласыз. Сабақтастық әншейін реттік сан емес. Ол – эволюция. Ол – өзгеріс. Ол – ескіден жаңаға өту.
− Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Абзал МАҚАШ,
«Egemen Qazaqstan»