Ел жастарының басым бөлігі шоғырланған мегаполисте жастарды қолдауға арналған ауқымды жобалар аз емес. Биылдан бастап қаланың әр ауданында осы санаттағы азаматтарды қолдауға арналған комьюнити орталықтар жұмыс істей бастайды. Күні кеше соның алғашқысы Әуезов ауданында есік ашты.
Аталған ауданда 14 пен 35 жасқа дейінгі 102 мың азамат тұрады десек, оның 7,8 пайызы NEET санатындағы жастар. Жастардың шығармашылық бастамаларын дамытуға арналған орталықтың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ерболат Досаев, келер жылға дейін шаһарда осындай 16 орталық жұмысын бастайтынын жеткізді.
Ел аумағында алғаш қанат қаққан жобаны жүзеге асыру үшін әкімдік былтырдан бастап іске кіріскен. Бірнеше ғимарат сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Таяуда жылына 800 мың жасқа қызмет көрсетуге қауқарлы тағы 7 бірдей орталық ашылып, жастар үшін идея алмасу алаңына айналмақ. Мұнда тегін негізде білім беру мен мәдени іс-шаралар өткізіліп, жастар білікті психологтер мен заңгерлердің көмегін, сондай-ақ жұмысқа орналасу мен қаржы мәселесі бойынша мамандардан кеңес ала алады.
«Алматы – жастар қаласы. Бізде 14 пен 35 жас аралығындағы 680 мыңнан астам жас бар. Бірақ бас қосып ой бөлісетін, қиын кезде көмек көрсететін орталық қалада болған емес. Қазір біз бұл мәселені тиімді шешіп жатырмыз. Жыл соңына дейін базалық инфрақұрылым құруға тырысамыз. Бізге жастардан кері байланыс қажет. Олар үшін ақысыз негізде білім беру курсы мен біліктілікті арттыру курстарын өткізуге, жастар бағдарламасын қазіргі заманға бейімдеуге әркез дайынбыз. Мемлекет басшысы өз сұхбатында атап өткендей, жастарға бірінші кезекте көңіл бөлінеді», дейді Ерболат Досаев.
Комьюнити орталықтарының резиденттері үшін барлық қызмет тегін. Бұған қоса көлікке, қоғамдық тамақтануға, спорттық және мәдени инфрақұрылымды пайдалануға, оқыту мен шеберлік дәрістеріне жеңілдіктер беретін кешенді дисконттық карталар іске қосылған.
«Жұмыссыздар коммуналдық орталықтан мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес ала алады, сонымен қатар жұмысқа орналасу мен оқуға қатысты ақпараттарды біле алады. Ол үшін «Jasalmaty.kz» порталына тіркеліп, «JobFair365» жұмысқа орналастыру платформасында түйіндеме жазуы керек. Бұл ретте, көздеген бос жұмыс орны бойынша қажетті дағдысы болмаса, жастар «SkillBridge» платформасында өзекті мамандықтар бойынша қысқамерзімді оқытудан өте алады», дейді Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.
Жастарға қолдау көрсететін мұндай алаңдар құру – әлемдік тәжірибеде жемісін көрсеткен жоба. Комьюнити орталықтар еңбек нарығы үшін сұранысқа ие мамандарды даярлауға және жастарды мегаполистің қоғамдық бастамаларына тартуға мүмкіндік бермек.
Су жаңа орталықтың дизайн жобасын жасаған Кристина Бекмырзаева: «Орталықтың дизайны – әрбір жастың әлеуетін ашудың кілті. Біз қабырға мен шатырды ғана емес, шығармашылықтың, идея алмасудың және тұлғалық дамудың әлеуетті алаңын құруды мақсат еттік. Жастар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз, ғимараттағы әрбір деталь рухани дамуға, шығармашылық өрістеуге әсер сыйлау үшін барымызды салдық», деп атап өтті.
АЛМАТЫ