• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Жоба 16 Қаңтар, 2024

Ауқымды жоба аясындағы келісімдер

135 рет
көрсетілді

Осыдан екі жыл бұрын қыс ортасында еліміздегі жылу электр стансасы бір емес, бірнеше рет апатқа ұшырап, тұтас бір қала жылусыз қалғаны бар. Бұл салынғанына 60 жылдан асқан жылу электр орталықтарының апатты жағдайда тұрғандығын, тіпті тозығы жеткендігін көрсетіп, шешілмеген мәселенің түйінін тарқатып бергендей болды. Әрине, ескірген инфрақұрылым халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етіп, индустрияландырудың қарқынды дамуына тежеу қоятындығын ескерсек, аталған сала уақыт оздырмай жедел түрде жаңғыртылуы керек.

Осы ретте өткен жылы Үкімет отырысында бас қосқан сала мамандары алдағы бесжылдықта 14 гигаватт электр қуатын енгізуді тағы бір пысықтады.

Мемлекет басшысы да еліміз­дің энергетика саласын одан әрі дамытудың аса маңыздылығын, трансұлттық мұнай-газ корпорациясына инвестицияны тарту қажеттілігі жөнінде баса айтқан болатын. Аталып отырған 14 гигаватт жаңа электр қуаты іске қо­сылса, жаңартылатын энергия көздері жобасының арасында су электр стансасы да қалыс қалмасы анық.

Былтыр республика бойынша энергия көздерін салу мен жаңғыртуға 146,5 млрд теңге бөлінген. Оның 19 млрд теңгесі 8 энергоблок, 43 қазандық және 40 турбинаны жөндеу секілді жеке инвестицияға жіберілген. Өткен жылы Астана қаласындағы №3 ЖЭО, «Юго-Восток» пен «Тұран» секілді екі жылу газ стансасы іске қосылды.

Көкшетаудағы қазан­дық­тар­ды, Екібастұз бен Риддер қала­сын­дағы жылу электр стансаларын күрделі жөндеуге және Маң­ғыстаудағы атом электр комбинатына жабдықтарды сатып алуға мемлекеттік резервтен 21 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Қазіргі таңда Екібастұз қаласындағы №1 жылу электр стансасындағы қуаты 500 МВт болатын №1 энергоблокты қалпына келтіру және жаңғырту бойынша ауқымды жоба іске асырылып, биылғы жылдың маусым айында толық пайдалануға берілмекші. Соны­мен қатар №2 жылу электр стансасындағы қуаты 636 МВт болатын №3 энергоблок құры­лы­сы­ның жұмысы басталды. Орал қаласындағы жылу электр стансаларын тарату құрылғылары жаңар­тылып, Түркістан мен Лең­гір қалаларындағы қосалқы стан­­са­сының құрылысы аяқтал­ған. Бүгінде Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен қала­ларында жылу электр стансасын салу мәселесі қарастырылып, электр энергия­сын өндіру 112,9 млрд кВт/сағ құрайды деп күтіліп отыр.

Елімізде жыл сайынғы инвес­тиция лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңге аралығын құраса, бұл сома энергия өндіруші ұйым­дар­дың негізгі жабдықтарын жаң­ғыртуға, қайта жаңғыртуға әрі кеңейтуге мүмкіндік берді. Батыс аймақтағы электр желісін нығайтуда стратегиялық маңызды жоба іске қосылып, соның аясында жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық бес 220 кВ электр беру желісі салынған.

Сонымен 2027 жылға дейін жалпы қуаты 6,7 ГВт болатын жаңартылған энергия көздері нысандарын салудың 5 жылдық аукциондық кестесі бекітілді. Бү­гінде жалпы қуаты 495,6 МВт болатын жаңартылған энергия көздерінің 16 нысаны іске қосылып, инвестиция көлемі шамамен 450 млн долларды құрап отыр. Жаңартылатын энергия көздері саласында жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыру бойынша шетелдік инвесторлармен бірқатар келісімге қол қойылды. БАӘ, Total Energies және China Power International Holding-пен бірлесе жалпы қуаты 3 ГВт болатын үш жел электр стансасын салу жоспарланып отыр.