• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 17 Қаңтар, 2024

Білімді жүйелеген дұрыс

181 рет
көрсетілді

Жастардың қызығушылығын мектеп жасынан білімге, жоғары оқу орнында ғылымға арттыру керек. Өйткені ел дамуына жоғары білім тікелей әсер етеді. Елдің болашағы білімді кадрлар мен бизнеске байланысты болатынын, білім мен ғылым соған қарай бейімделетінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бас басылымына берген сұхбатында да айтты.

Өкінішке қарай, еліміз қажетті мамандардың сұранысын өтей алмай келеді. Бүгінде көптеген өндіріс орны маман таппай жүр. Университет бітірсе де, қолынан іс келмейтіндерден шаршаған. Көпшілігі жұмысшыларын шетелге жіберіп, қайта оқытып жатыр. Немесе ескі кадрлардың көмегіне сүйенеді. Президент те жалпы 15 жылдай алған білімнің анау айтқандай нәтиже бермей жатқанын байқап, балаларды білім-ғылымға қызығушылығын арт­тыру үшін мектептерде STEM жү­йе­сін жетілдіріп, роботтехниканы мең­геруге жол ашты.

Таяқ тастасаң, білімі «жоғары», бірақ сауаты аз маманға тиеді. Отыз жылдан бері ЖОО нарыққа бейімделіп, сұранысты қамтамасыз етуді ұмытып кетті. Мамандықтарды заман талабына сай жүйелейтін уақыт жетті.  

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жоғары білім және ғылым министрлігі тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қазір студенттерді болашақтағы еңбек нарығына сай мамандықтарға даярлау үлкен мәнге ие. Министр Саясат Нұрбектің жаңа мамандықтардың атласын жасауы салаға тың серпін бергені рас. Осыған сәйкес әр өңірдің экономикалық әлеуеті мен өндірістің құрылымына қарай мамандар даяр­лау үшін терең талдау жасалып жатқаны қуантады. Сол арқылы кәсіби стандарт енгізілмек. Университеттер оқу бағдарламасын сол стандартқа сәйкес­тен­дірмейінше өз бетінше оқыта алмайтыны – құптарлық қадам. Өйткені жалпылама мамандарды оқытудың тиімсіздігі дәлелденді.

Президенттің ғылымды өндіріске енгізіп, бизнесмендер мен ғалымдарды бір мақсатқа жұмылдыру тапсырмасы екі тарапқа да өте тиімді. Қайта өңдеу мен өнім өндіруде қатып қалған калькадан шығарып, инновациялық бағытқа бастаған жөн. Негізі мемлекеттік грант­тарды дұрыс пайдаланып, әрбір кәсіпорын, зауыт, тіпті цехтардың тапсырысымен студенттерді оқытып, университетті бітірген бойда жұмысқа орналасатын жүйе жасаған жөн. Бұдан бөлек, мемлекеттік университеттерді кешенді комплекске айналдыру керек. Қашанғы ЖОО оқу ақысының есебінен күнелтеді? Бұл ақша оқытушылардың жалақысын көтеруге, жатақхана салуға жетпесе, қосымша кіріс көздерін кө­бей­ту керек. Ол үшін университет жаны­нан өндірістік технопарктер салынса, бұл мемлекет үшін де, университет үшін де табысты болар еді. Десе де мемлекеттің жатақханалар салуға субсидия бөліп, қарасып жатқаны – үлкен қолдау. Аз уақытта жатақхана мұқтаждығы 87 мың орыннан 17 мың орынға азайғаны да жақсы көрсеткіш.

Бір мысал келтіре кетейік. Цинхуа университетінің құрамында 16 мектеп, табиғи, гуманитарлық, инженерлік ғылым, құқықтану, медицина, философия, тарих, менеджмент, экономика, білім бағытында 56 факультет бар. Бүгінде университетте 4 мың оқытушы қызмет етеді. Цинхуа фундаменталды ғылымды, қолданбалы ғылымды, ғылыми инновацияны өзіне міндеттеп қойған. 

Әлемдік рейтингте алғашқы орындарда тұратын Гарвард, Стэнфорд, Оксфорд, Токио, Бейжің сияқты университеттер еңбек нарығына емес, мемлекет пен бизнестің дамуына қажетті мамандарды даярлаумен айналысып келеді. Қай мемлекет бай, ол сол елдің жоғары оқу орнының түлектері мен оқытушыларының ерен еңбектерінің арқасында жеткен жетістіктері.

Универ­си­теттерде де тек теориялық білім бере бермей, тәжірибеде қатар жетілдіру керек. Өйткені тәжірибе студенттердің теориялық білімін маман болып қалыптасуына жетелейді. Сондықтан жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын ны­ғайту әрі жаңартып тұру керек.

Қазір елімізде атом электр стансасын салу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Алайда АЭС құ­рылысын шетелдік компаниялар жүргізеді. Уранға бай мемлекет болғанымызбен, атомдық энергетиканы меңгермегеніміз ұят. АЭС салудан АҚШ бірінші, Франция екінші орында тұр. АЭС бар елдердің бәріне ядролық физика, атом энергетикасын меңгерген мамандар, радиа­циялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ядролық стансаны бақылайтын және басқаратын, атом энергетикасын игерген ғылыми қызметкерлер ауадай қажет. Бір АҚШ-тың өзінде 95 АЭС жұмыс істеп тұр, алда әлі де көбейте түспек. Өйткені ішкі энергетикалық сұранысты толық қамти алмай жатыр. Атом электр стансасы біреу болса да, оны ұстап тұратын жоғары білімді әрі білікті қызметкерлер керек. Станса тұрғанша келешекте көбейетін болса да, бізге қажетті мамандар даярлау кезек күттірмейді. 

Жалпы, бізге заман үдерісіне жетіп алу үшін жан-жақты дамуға жедел кірісу қажет. Химия, физика, биология, өзге де инновациялық, өндірістік, технологиялық, инновациялық маман­дық­тарды мықтап игеру қажеттілігі туындап тұр.

Қолда бар ғылыми білім мен әдіс­тер­ді пайдаланып, қолданбалы ғы­лымды дамыту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Барды ұқсата білу де өнер. Нәтижесіз істерден бас тартып, та­бысты істерге бетбұрыс жасалып жатыр. Қоғам өзінің күні бүгінге қажет­тілігін импорттық тауарлар ар­қылы өтеп келеді. Оған үйреніп те қалды. Қазір нарықты Қытай, Оңтүстік Корея, Жапонияның тұрмысқа қажет­ті бұйымдары жаулап алған. Не керектің бәрі бар. Өйткені бұл елдер қолданбалы ғылымды қолдануда көш ілгері озып кеткен. Бізге, қолданбалы ғылымды ауыл шаруашылығы, өндіріс, инфрақұрылым, құрылыс медицина, әскер, роботтехникада дамыту керек. Барлық мәселенің шешімі айналып келгенде маманға келіп тіреледі. Сондықтан белгілі бір бағытта мамандар даярлайтын университеттер жанынан технопарктер мен академиялық қалашықтар салу қажет. Мұндай өнді­ріс­тік қалалар іргедегі Ресейде де, әлемнің көптеген алпа­уыт елдерінде бар. Мысалы, Қытай 2 миллионға жуық ғалымды түрлі салада отандық ғылымды өркендету үшін кешенді өндірістік қалаларда тектен текке ұстап отырған жоқ. Жүйелі даму үшін мәсе­леге кешенді түрде шешуді қарас­ты­ру қажет.

Тұтастай алғанда, елімізді жаңа деңгейге көтеретін жаңаша көзқарастағы білімді азаматтар керек. Ғалымдар тек ғылым­мен шұғылдануға тиіс. Университет ректорлары менеджер, түрлі салада еңбек еткен, іскер, озық ойлы маман болуы керек.

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы