1845 жылы француз тілінде Парижде басылып шыққан және Еуропа жұртшылығы жазушының шебер тілі мен бейтаныс дүниені таныстырғаны үшін разы болған туындыны бүгінгінің оқырманы біле бермесе керек.
Тарихқа үңіліп, аз-кем ақпараттарға шолу жасап, байыбына барып алсақ, бұл туындының негізі түсінікті.
ХІХ ғасырда Қазақстан жайында ізгілікті істер мен еңбектер қалдырған орыс саяхатшыларының, ғалымдарының, әдебиетшілері мен шығысты зерттеушілердің (ориенталистер, востоковед, тюркологтер) қатары көбейе түскен заман. Себебі Орынбор, Семей, Маңғыстау, Қазақстанның басқа да өлкелеріне өз еркімен немесе жер ауып келгендердің арасында халқымыздың тұрмысымен танысып, әдеби мұрасын жинаушылар, жеке аңыздың, тарихи оқиғаның негізінде көркем шығарма жазушылар, жеке адамдардың суреттерін салып, еліміздің музыкасын зерттеушілер аз болмаған. Олар – есімдері әлемге әйгілі А.С.Пушкин, В.А.Жуковский, Л.Н.Толстой, Г.Успенский, В.Г.Короленко, Г.Зеленский, А.П.Крюков, Н.Н.Муравьев, В.И.Даль, И.А. Крылов, Т.Г.Шевченко, М.И.Михайлов, В.А.Ушаков, Ф.М.Достоевский, С.Ф.Дуров, Е.П.Михаэлис, А.Н.Плещеев, Н.Успенский, А.А.Ивановский, П.Н.Распопов, Н.Г.Хлудов, А.Затаевичтер еді.
Орыс ғалымдарының жинап, зерттеген материалдары, жазған ғылыми еңбектері қазақ даласына шыққан экспедициямен ғана шектелмеген, олар ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту, өлкетану мекемелерін ұйымдастырушылар да болған.
Мәселен, 1845 жылы Левшин мен Дальдің бастамасымен Омбы, Орынбор, Семей қалаларында орыс география қоғамының бөлімшелері ашылады. 1854 жылы осы қоғамға Ш. Уәлиханов мүшелікке сайланды. Ал Абайдың досы Е.П. Михаэлис Семейде облыстық статистика комитетін ұйымдастырды. 1876 жылы Абай оның құрметті мүшесі болып сайланады және өлкетану музейі мен Гоголь атындағы облыстық кітапхана ашылады. Сол тұста Орынборда Дальмен бірге басқа да ғалымдар «Ғылыми архив комиссиясы» өздерінің ғылыми жұмыстарын жолға қойған да болатын.
Орыс әдебиетінде алғаш рет жазылған, повесть қазақ өмірінен алынған көркем әдебиеттегі ең үздік туынды еді. Жазып қалдырған аты-жөні Владимир Даль, атақты орыс ғалымы, әлемге әйгілі төрт томдықтың авторы. 1845 жылы француз тілінде Парижде басылып шыққан «Бикей мен Мәулен» атты повесті болған оқиға ізімен жазып, орыс халқына қазақ өмірін алғаш таныстырған.
1833-1844 жылдар аралығында Орынбор өлкесіндегі шекара комиссиясының архивін зерттеп, ел аралап, тарихтағы аты қалған адамдармен кездесіп, қазақ елі жайлы көптеген материал жинап, жазып қалдырған. Жолдасына жолдаған хатында: «Жазды қыр сахарасында өткіземін, ауылмен бірге көшіп жүремін. Жайлау сондай жақсы, тіпті кеткің келмейді», - деп жазады. Тілімізді жақсы меңгерген ғалым жергілікті халықпен, Исатай мен Махамбет батырлармен пікірлесіп отырған және атақты повестегі Бикей – Тана руының белгілі батыры Есенгелді Жанмурзиннің ұлы турасында баяндайды. Тана руы Бикей арқылы орыстармен дос болып, бекініске таяу жерде көшіп жүреді. Ал Бикей ерлікке, батылдыққа, ат үсіндегі ойынға шеберлігімен өзгелерден оқшауланады және құлдыққа қарсы шығады. Сондықтан да ру басшылары да, ұры барымташылар да Бикейге қастық жасап, өлтірмек болады. Бикей атастырған қызына емес Мәуленаға ғашық болып, шаңырақ құрады. Десе де Бикейдің туған ағасы Жанкүшік ата-дәстүрді бұздың деп інісі Бикейді азаптап өлтіреді. Әмеңгерлік заңмен баукеспе қайынағасына бермек болған да Мәулена қашып құтылып, Оралға, онан соң Орынборға, губернаторға барып, араша сұрап, өзін ақтап, күйеуін жанкештілікпен өлтірген Жанкүшікті жазаға тартуын сұрайды.
Алайда қанды кек рұқсат етпей, шешек эпидемиясымен ауырып, ауыр хәлде жатқан Мәуленаны туыстары тастап көшіп кетеді. Небәрі 22 жасында көште қалып, 1832 жылдың жаз айында ауыр халде дүниеден өткендігі жан-жақты баяндалып жазылған.
Десе де, бұл оқиға бүгінге дейін ғалым әрі жазушының ең танымал шығармасы болып қала береді. Даланың «Ромео мен Жульеттасы» деген атқа ие махаббат хикаясы замандастарын баурап алады. Еуропа жұртшылығы Дальдің шебер тіліне, бейтаныс дүниені таныстырғанына риза болып, әдебиеттанушылар жоғары бағалаған. Махаббат хикаясымен танысып, оқып шыққан Белинский мен Тургенев газет-журналдарға мақалалар жазып, жағымды пікір білдірген.
Сонымен қатар бұл әңгіменің этнографиялық құндылығы зор, өйткені қазақтардың әдет-ғұрыптары мен шекаралық Орынборға келулері, орыс шенеуніктерінің олармен қарым-қатынастары туралы егжей-тегжей баяндалған туынды. Әңгімеден оқырман басты кейіпкерлердің керемет портреттерін ғана емес, Орынбор әкімшілігі өкілдерінің қызмет істеріндегі үнемі кездесуге мәжбүр болған көптеген адамдардың бейнелі суреттерін де көруге болады. Оқиғаның басты артықшылығы – автордың халыққа деген сенімділігінде жатыр.
Өйткені автор дәлме-дәл суреттеп, қаз-қалпында жеткізген. Қазақ халқының дүниетанымдық қағидаттары мен оның құндылық бағдарларына қатысты әңгімеден ең қызықты үзінділерге егжей-тегжей тоқтала отырып жазып, жеткізген. «Қазақ мәтінінің» жанрлық әртүрлілігі тұрғысын және тұлға мен қоғам тақырыбы Даль шығармашылығындағы негізгі тақырыптардың өзегі болғанын да аңғаруға болады. Орыс әдебиетін қазақ халқының мәдениетімен қабысқан рухани тәжірибелік туындылармен байытты деп айтуға болады және оқырмандарын кейіпкерлерімен баулып, оқуға деген қызығушылықтарын тудыра алған ғалым-жазушы.
Бір қызығы, Ұлттық академиялық кітапханасынағы Сирек қорға «Библиотека ХПТУ МВД» және «Библиотека Нар.Комис.Вн.Дел. ЖК. В.П.О. Н.К.В.Д. ДМ. Куйдышева», «Целина Библиотека» деген мөрлермен түскен 10 томдықтың 7-томы.
«Полное собрание сочинений Владимира Даля (Казака Луганскаго). Первое посмертное полное издание, дополненное, сверенное и вновь просмотренно по рукописьям. Том седьмой. Повести и расказы. Издание Товарищества М.О. Вольфъ. С. Петербургь-Москва, 1898» деп көрсетілген. 354 беттен тұратын кітаптың мазмұны да тартымды. Жалпы, қазақ тарихы мен тыныс-тіршілігі және дәстүрін қамтыған бұл том оқырманды зерттеуге шақырып тұрғандай.
Мөлдір ТӨЛЕПБАЙ,
Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері