Андрей Волков үшін осыдан бірнеше жыл бұрынғы бір кезекшілігі өміріндегі ең ауыр күндердің бірі болды. Ол аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде ауыр жарақат алып, салдарынан дәрігерлер жас офицердің табанын алып тастайды. Адамның бар салмағы түсетін табан сүйектерін алып тастаудың зардабы оңай болған жоқ. Алайда тағдырдың бұл сынағы арнайы бөлім офицерінің рухын түсірген жоқ. Арада бірнеше ай өткен соң Андрей қайтадан сапқа қосылды. 16 жылдан астам өмірін полицияға арнаған ол қазір ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясында сабақ береді.
Ажалдың аузынан аман қалған Андрей Сергеевичтің өмірін ерлік пен патриотизмнің үлгісі десе де болады. Қауіпті қылмыскерлерді ұстау кезінде ауыр жараланған, сол кезден бері он жылдан аса уақыт өтіпті. Сын сағатта өмір мен өлім арасында қалған Андрей Волков пен оның екі әріптесі ауруханаға жеткізілген болатын. Азапты күндерді бірге бастан кешірген әріптесінің біреуі жарақат салдарынан бірнеше жылдан соң қайтыс болды. Иә, қылмыстық топ мүшелерін ұстау кезінде алған жарақат із-түзсіз жазылып кеткен жоқ. Талай тағдырға ауыр сынақ берді, жазықсыз жандардың өмірін үзді.
Сәуірдегі сол оқыс оқиғаны полиция подполковнигі Андрей Волков пен оның әріптестерінің денесіндегі отадан кейінгі тыртықтар әр уақыт еске салып тұрады. Әрине, арнайы бөлім жігіттерінің қылмыскерлерді ұстауға аттанған әрбір сапары қауіп пен қатерге толы. Алайда Андрей сол күнгі шабуылдау операциясын есіне түсіргісі де келмейді.
«Адам өмірінің әр сәті қауіпті. Жолды кесіп өтіп бара жатқан адамның өмірі де қыл үстінде тұрмай ма? Ал қанқұйлы қылмыскерлерден келетін қауіпті айтпаса да түсінікті», дейді ол. Сол күні көпқабатты үйдегі бір пәтерге жасырынған қылмыскерлердің үйдің кіреберісінде атысып жатқаны туралы хабар түседі. Уақыт кешкі 8-дер шамасы болатын. Полицейлер оқиға орнына бірнеше минутта жетіп үлгерді. Үй ауласында қылмыскерлерді қарусыздандыру және қолға түсіру жұмыстары басталып та кетіпті. Полицейлер өткізген арнайы операция барысында қылмыскерлер құрыққа түсті. Бұл қылмыстық топ мүшелері адам өлтіру және басқа да аса ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен ұсталды.
Арнайы операцияны қиындатқан жағдай – атыс-шабыстың бейбіт тұрғындар тұратын үйде болғаны еді. Андрей Волков шабуылдау тобының құрамында қылмыстық топтың мүшелері бекінген пәтерге басып кіреді. Қарулы қылмыскерлердің тәртіп сақшыларына оңайлықпен берілмейтіні белгілі. Екі жақтың қайсысына оқ тиіп, тағдыр талқаны таусылатыны да белгісіз. Қылмыстық топтың жетекшісін ұстау кезінде граната жарылып, қылмыскерлердің біреуі қаза тапты, ал полиция қызметкерлері аман қалғанмен, біразы ауыр жарақат алды.
Олар тиісті ем қабылдап, сауықтыру шараларынан кейін арада алты ай өткенде қайтадан сапқа тұрды. Андрей де әріптестерімен бірге қызметке оралғанмен, протез табан оның қалыпты өміріне қиындық тудырмай қойған жоқ. Арнайы бөлімде қызмет өткеру сау адамның өзіне оңай емес, ал жасанды табанмен сақшылық қызметтегі сынға төтеп беру, нормативтер тапсыру қанша қиын болғанмен, ол сау адамдардан қалысқан жоқ. Тұла бойындағы бүкіл жігерін жұмсады. Жарақаттанған қызметкерлерге қойылатын талап та өзгерген жоқ. Өйткені арнайы бөлімнің ең ерекшелігі де осында еді.
А.Волков зейнеткерлікке шыққаннан кейін ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясына жұмысқа шақырылды. Бүгінде ол арнайы жедел әрекет ету жасағының болашақ қызметкерлеріне атыс дайындығынан дәріс береді. Офицер-ұстаздың басты міндеттерінің бірі – болашақ полиция қызметкерлеріне қару қолдануды үйрету, қажет болған жағдайда қару атуға психологиялық тұрғыдан дайын болу. «Қаруға құрметпен қарау керек. Оның адам өмірін сақтап қалатын да кездері көп. Мен үшін болашақ офицерлермен қоян-қолтық араласу өте қызық. Сабақтар тирде және оқу полигонында өтеді. Полицияда жұмыс істеу өте жауапты шешім, сондықтан да үнемі оларға «Полицияға келмес бұрын жақсылап ойланыңыз. Ең алдымен, «Сіз полицияға жүктелген жауапкершілікті көтере аласыз ба?» деген сұрақты жиі қоямын. Ең бастысы, қиын сәтте бірін-бірі сатпау керек», дейді Андрей Сергеевич.
«Біз тыңдаушыларды батылдық пен патриотизмге тәрбиелегенде оларға өзіміз үлгі болуымыз керек. Маңызды міндеттердің бірі – полиция қызметкерлерін тәрбиелеу және кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстарына ардагерлерді кеңінен тарту. Біз ардагерлердің әлеуетін пайдалана отырып, тәлімгерлік институтын дамытумен қатар оларды ұстаздық қызметке де шақырамыз. Құқықтық тәртіп мәселесіне келгенде өз ісіне берілген азаматтардың бейжай қалмай, бай тәжірибелерімен бөлісетіні қуантады. Солардың бірі – полиция подполковнигі А.Волков», дейді Алматы академиясының бұрынғы басшысы, таяуда ғана Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалған полиция генерал-майоры Айдар Сайтбеков.
А.Волков ішкі істер органдарына 2005 жылы келді. Оны тәртіп сақтау саласына жетелеген бала кезіндегі арманы еді. Ол арманы тосыннан пайда болған жоқ. Андрей бала кезінен арнайы жедел әрекет ету жасағында істейтін әкесі Сергей Архиповтың сымдай тартылған жүрісіне, қылау жұқтырмай құрметтейтін погонды киіміне қызығып өсті. Сол қызығушылық кейін арманына айналып, форма киген адамдарға деген құрметке ауысты.
Сергей Иванович Андрейдің бойына бала кезінен-ақ жауапкершілік, батылдық сияқты қасиеттерді сіңіріп өсірді. Сондықтан болар Андрей әскерден кейін мамандық таңдау туралы мәселе туындаған кезде ойланбастан полицияны таңдады. Ішкі істер органдарында ұзақ жыл қызмет еткен офицер көп қиындық көргенімен, осы мамандықты таңдағанына ешқашан өкінген емес. Әрине, А.Волковтың полициядағы өмірі оңай болған жоқ. Сонда да ол өзінің жасөспірім ұлына адам өмірдегі өз жолын жүрегінің қалауымен таңдауы керек екенін жиі айтады. «Ештеңеге өкінбеймін. Иә, бір күнің сәтсіз болса да, бүкіл өмір сәтсіздіктен тұрмайды. Адамның өз өмірі өз қолында, әркім өз тағдырының сәулетшісі». Оның өмірлік философиясы осындай.