Елімізде «Тасымалдаушы» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аяқталды. Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балағат сөздер айту, қоқыс тастау, мас күйде жол жүру және темекі шегу сынды қоғамдық көліктердегі құқық бұзушылықтардың алдын алуды мақсат тұтқан 5 күндік операция барысында полиция қызметкерлері 1,2 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Оның ішінде қоғамдық орындарда ішімдік ішкен немесе мас күйде жүрген – 325, бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірген – 2, белгіленбеген орындарда темекі шеккен – 90, ұсақ бұзақылық жасаған – 51, қоғамдық орындарды ластаған – 359, автобустарда және аялдамаларда адамдарға тиіскен 431 тәртіп бұзушы бар.
Мысалы, Щучинск және Тараз қалаларында адамдардың ескертулерін елемеген мас жолаушылар ұсталды. Ер адамдар екі жағдайда да маршруттық автобустарда шу шығарған. Олардың әрқайсысына қатысты қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ Павлодар облысында тәртіп сақшылары автобус терезесінен қоқыс тастаған жолаушыны жауапқа тартты. Құқық бұзушыға қатысты жалпыға ортақ орындарды ластағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция қызметкерлері рейд барысында қоғамдық көліктің жұмысына мыңға жуық жасырын тексеру жүргізіп, нәтижесінде 337 бұзушылықты анықтады.
«Адамнан айла артылмайды» деп бекер айтылмаса керек. Ащы су ішіп, көлікке отыруды аңсайтындар полицияға ұсталып қалған жағдайда жазадан жалтарудың неше түрлі айла-шарғыларын ойлап тауып жатыр. Соның бір көрінісі – жүктілік туралы және кәмелетке толмаған балалары бар екендігі туралы жалған анықтамаларды көрсету. Мұндай жағдайда адам қамауға алынбайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, Жетісу облысында әкімдіктің қызметкері мас күйде көлік айдап ұсталғаннан кейін аудандық сотқа өзінің кәмелетке толмаған баласы бар екендігін растайтын анықтама ұсынған. Ал бір әйел өзінің жүкті екенін білдіретін ультрадыбыстық қорытындыны көрсеткен. Прокуратура қызметкерлері екі жағдайды да тексеріп, азаматтардың ұсынған құжаттарын жоққа шығарды. «Қазіргі күні уәкілетті органдар ресми құжаттарды қолдан жасау фактілері бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады», деп атап өтті облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев.