«Ауыл» партиясының Жастар қанаты 16 қаңтарда барлық өңірде «Мен – донормын» атты әлеуметтік жалпыреспубликалық акция ұйымдастырды.
Акцияның басты мақсаты – миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін қан мен оның компоненттері қорын толтыруға сеп болу, емдеу мекемелерін қауіпсіз қан компоненттерінің қажетті көлемімен қамтамасыз ету үшін халық арасында өтеусіз ерікті қан донорлығын насихаттау.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, донорлықты дамытуға барлық деңгейдегі мемлекеттік орган, қоғамдық ұйым мен бірлестік, жұмыс беруші, БАҚ, діни, білім беру және басқа да ұйымдар қатысуға тиіс.
Сонымен, Астанада «Ауыл» партиясының Орталық аппараты мен Жастар қанатының 30-ға жуық мүшесі және аймақтарда 20 өңірлік филиалдың 400-ден аса мүшесі бір мезетте жергілікті орталықтарда қан тапсырды.
Қан орталығы мамандарының айтуынша, тек Астананың өзінде 20 аурухана қанмен қамтамасыз етілуі керек. «Ауыл» партиясының 20 филиалы ұйымшылдықпен атсалысқан бүгінгі акция осы үдеден шыға білді.
Партияның акция өткізіп, халық арасында донорлықты насихаттауы өскелең ұрпақты мейірімділік пен ізгілікке тәрбиелеуге, донорлықтың маңызын саналы түрде түсіндіруге бағытталған.