Ресей мұнайы төмпештеген сайын төбеге ұмтылатын доп секілді. Санкция салынған сайын еңсесі көтеріле түскендей. Әрине, баяғы еуропалық тұтынушылардың қарасы күрт сиреді. Оның есесіне Азияның өзінен-ақ алпауыт импорттаушылар табылып отыр. Әрі-беріден соң Азияға жатпайтын кейбір елдердің өзі арзан орыс мұнайын сатып алғанды қолай көреді. Санкт-Петербург тауар-шикізат биржасының мәліметтері бойынша ресейлік мұнай бағасын бақылау нәтижелеріне сүйене отырып, орыс «қарамайына» шекті баға түріндегі санкциялар 2023 жылдың қарашасына дейін тиімсіз болды деп тұжыруға болады.
Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы (AERC) жақында жария еткен шолуында желтоқсандағы мұнай бағасына талдау жасап, өткен жылдың наурызынан бергі оқиғаларды зерделейді. 2023 жылдың желтоқсанында ресейлік мұнай бағасының Brent маркілі мұнай бағасынан асып түсу үдерісі тоқтады. Ресей мұнайы барреліне 60 доллардан асып тұрғанына қарамастан өткен жылдың соңғы айында Brent-ке дисконтпен саудаланды. Санкт-Петербург тауар-шикізат биржасының дерегіне қарасақ, желтоқсанда ресейлік мұнайдың орташа бағасы барреліне 73,30 доллар болып, Brent мұнайының фьючерстерінен барреліне 4,20 долларға төмен қалыптасты.
«Ресейлік мұнай динамикасына қарасақ, оның орташа бағасы 2023 жылы желтоқсанда қыркүйекпен салыстырғанда 31,5 пайызға төмендеді, бірақ әлі де 2023 жылдың наурыз айының орташа бағасынан жоғары бағамен саудаланады. Brent маркілі мұнай фьючерстеріне келетін болсақ, ол да өткен айлармен салыстырғанда 2023 жылғы желтоқсанда қарашамен салыстырғанда 5,12%-ға, қазанмен салыстырғанда 13,4%-ға және қыркүйекпен салыстырғанда 18%-ға дерлік арзандады. Бірақ тұтастай алғанда, Brent мұнай фьючерстері 2023 жылдың 17 қарашасынан бастап ресейлік мұнайға қарағанда қымбатырақ саудаланды: ресейлік мұнайға максималды жеңілдік 2023 жылдың 14 желтоқсанында 12,24 доллар деңгейінде тіркелді», дейді сарапшылар.
Дегенмен желтоқсанда ресейлік мұнайдың барреліне 60 доллардан асыра саудаланғанын қайталай айтқымыз келеді, дейді AERC.
«Желтоқсанда ресейлік мұнай ең аз дегенде барреліне – 67,23 доллардан, ең жоғары дегенде – барреліне 91,21 доллардан сатылды. Brent маркілі мұнай фьючерстері ең аз дегенде – барреліне 73,24 доллардан, ең жоғары дегенде барреліне 81,07 доллардан саудаланды. Бұл жағдайға 2023 жылдың қарашасында Ресей мұнайын тасымалдайтын халықаралық теңіз тасымалдаушыларына АҚШ санкцияларының күшеюі ықпал етті ме? Ақпарат агенттіктерінің деректері бұл сұраққа оң жауап береді: ресейлік мұнай тасымалдайтын танкерлер әлі тежеліп тұр. 5 млн баррельге жуық ресейлік мұнай Үндістанға барар жолда тоқтап қалған. АҚШ санкциясына ілігіп кетеміз бе деп қауіптенген ірі грекиялық теңіз компаниялары да Ресей мұнайын тасымалдаудан бас тартқан», деп мәлімдейді AERC.
Дегенмен санкцияларды күшейтудің бұл әсері қаншалықты ұзаққа созылады? Сарапшылар пайымынша, 2023 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында ресейлік мұнай бағасының көтерілуіне Ресейдің мұнай жеткізудің 75%-ын балама жолдар арқылы, батыс сақтандыруын пайдаланбай жүзеге асыруы себеп болды. Бұл ретте олар сақтандыруды қажет етпейтін, қолданылған танкерлерді сатып алып, солармен мұнай тасыды. Сонымен бірге барреліне 60 доллардан аспайтын баға шегін орнатудың негізгі ықпал ету тетігінен айналып өтті.
«Осы жағдайлардың өзінде Ресей мұнайының басты импорттаушылары саналатын Үндістан мен Қытай тарапынан ресейлік мұнайға деген сұраныс өсе түсті. Бұл елдерге бағытталған экспорт Ресейдің жалпы мұнай экспортының 90 пайызын құрады. Ресей АҚШ-тың жаңа санкцияларын «айналып өтудің» жолдарын қайта табатынына күмән жоқ, өйткені көптеген ел қара алтынды жеңілдікпен сатып алуға қуанышты болар еді. Бұл ретте шекті 60 доллар сол күйі сақталмады, ресейлік мұнай дисконттың өзінде барреліне 60 доллардан жоғары сатылып жатыр. Бұл – Ресей бюджеті үшін өте қолайлы», дейді.
Зерттеулер орталығы ресейлік мұнайға салынған санкциялар үш жаһандық экономикалық проблеманы туындатты деп есептейді:
Халықаралық мұнай саудасындағы ашықтықтың төмендеуі; Осы ресурсты қайта бөлудегі халықаралық бұрмаланулар мен теңгерімсіздіктер; Мұнай бағасының тым қатты құбылуы.Мұндай жағдайдан пайдаға шығып отырғандар – Brent-ке қатысты дисконтпен ресейлік мұнайды импорттап отырған елдер. Мысалы, Түркия арзан ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін импорттауды арттыру есебінен 2 млрд доллар үнемдеген. Ақырында түрік экономикасындағы сауда балансының тапшылығы қысқарып, түрік лирасына деген қысым төмендеген.
«Бұл ретте Ресей бюджетінің кіріс бөлігін қысқарту мақсатында мұнай бағасына ең жоғарғы шекті енгізудің мақсаты өзін ақтаған жоқ: 2023 жылғы қаңтар-қарашада Ресей федералды бюджетінің мұнай және газ кірістерінің 22,8%-ға төмендеуі мұнай және газға жатпайтын кірістерді 25,6%-ға ұлғайту есебінен өтелді. Нәтижесінде, 2023 жылғы қаңтар-қарашадағы Ресей бюджетінің жалпы түсімдері 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ға өсті. Мұнай бағасының түсуіне байланысты 2023 жылдың қарашасында Федералды бюджеттің мұнай және газ кірістерінің аздап төмендеуі байқалды. Алайда жыл соңында ресейлік мұнай бағасы ғана емес, Brent бағасы да төмендеген болатын», делінеді AERC шолуында.