Көбіміз экономикалық реформалардың барынша жылдамырақ жүзеге асқанын қалаймыз. «Неге тездетіп алпауыттардың аяғын аспаннан келтіріп, қалтасына басқандарын халық игілігіне жұмсамайды?» деп іштей кіжінетініміз рас. Президенттің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатынан біз осы сұраққа да жауап таптық.
Мемлекет басшысы сұхбатта көптің көңілінде жүрген біраз сұраққа жауап берді. Елімізде бірқатар реформа жүзеге асырылып жатқанымен, көптің көңілінде ертеңге деген алаңдаушылық бар екені белгілі. Сұхбаттан сыртқа кеткен капиталды, бұрын қабылданған түрлі сұрқия шешімдерді бір-екі жылда ретке келтірудің оңайға түспейтінін түсіндік. Президент мұндай шаруалардың жүйелі түрде жасалу керектігін, себебі шұғыл әрекет әр кезде қателікке ұрындырып, тіпті кейде елімізге келетін шетелдік инвестицияға тосқауыл болу мүмкіндігін де ескертті.
Қаңтар оқиғасынан кейін Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, конституциялық бақылауды жүзеге асыратын орган – Конституциялық сот қайта қалпына келтірілді. Аудан, қала әкімдері сайланды. Мәжіліс және мәслихат депутаттары партиялық және бір мандатты округтер арқылы сайланды. Бүгінде барша халық Мәжілісте демократиялық плюрализмнің қалыптасқанын байқап отыр. Мұндай үрдіс жалғасын табуға тиіс. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау жолындағы жасап жатқан жұмыстар оң нәтижелерге жеткізбей қоймайды. Президент сұхбатынан осындай ой түйдік.
Қаңтар оқиғасы бойынша Президент мәселенің тамыры тереңде жатқанын, сол кезде жаңа билікке қырын қарағандардың көздегендері – мемлекеттік төңкеріс жасау болғанын ашық айтты. Халықтың әлеуметтік жағдайға наразылығын пайдаланып қалғысы келген күштердің арам пиғылы іске аспады. Бұған халқына арқа сүйеген Президент жол бермеді. Ендігі міндет – мұндай оқиғаларға алдағы уақытта жол бермеу. Бұл үшін халықтың әл-ауқатын көтеруді қамтамасыз ететін жаңа экономикалық реформалар жасау. Президенттің бұл бағыттағы ұстанымдары да көңілден шықты. 2029 жылға қарай ұлттық экономиканы екі есе арттыру оңайлықпен қол жеткізетін меже емес. Бірақ алынбайтын қамал деуге де болмайды. Бұған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Тек бірлескен күш-жігер қажет.
Сыртқы саясатта көрші елдермен қарым-қатынас жақсы жолмен дамып келеді. Алғашында көбіміз тіксіне қараған Қытаймен арадағы визасыз режім әлден-ақ халқымызға пайдалы екені байқала бастады. Олардан бізге келушілерден гөрі бізден сол жаққа барып жатқандар легі көп. Қытай жағы 2024 жылды «Қазақстандық туризм жылы» деп атаған көрінеді. Мұны баршамыз тиімді пайдалана білгеніміз жөн. Әсіресе жастарымыз әлемдегі озық елдердің бірі саналатын Қытай еліне емін-еркін барсын, көрсін, үйренсін.
Біз даңғазалыққа, бос кеуделікке салынып, тектен-текке азып-тозуға жол бермеуіміз керек. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақтың сөзінде адалдық, әділдік, еңбекқорлық, біліктілік, бірлік пен ынтымақтастық жатыр. Жаңарған жаңа ел құру – бәріміздің арман-мүддеміз. Ендеше, елдікке ұйысып, жұрт болып жұмылу керек.
Мұрат ҚАЗАМБАЕВ,
қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы
Жезқазған