Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары қазақ қызының Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Гао Тингюға тұрмысқа шыққалы жатқаны туралы жазып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Inform.kz-тің жазуынша, Қытайда тұратын қандасымыз Ақнәр Ардақ Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Қытай елінің атынан сынға түскен.
Конькиші қазақ қызы сол Ақ Олимпиадада ерекше сұлулығымен тәнті еткен. Ол осы додадан кейін қазақ жанкүйерлеріне бірден танымал болған еді.
Гао Тингю 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында коньки спортынан 500 метр қашықтыққа сырғанаудан чемпион атанып қана қоймай, әлемдік рекорд орнатқан болатын.
Сондай-ақ Қытай тарихында конькиден тұңғыш Олимпиада чемпионы деген атаққа қол жеткізген.
Ақнәр Ардақ — қазақ қызы. 1999 жылғы 1 маусымда Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі Құтыби ауданында дүниеге келген. Ол қазірдің өзінде көптеген ұлттық және халықаралық жарыстардың жүлдегері.