• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 19 Қаңтар, 2024

Озық ойлы ұлт: мәні мен міндеті

516 рет
көрсетілді

«Істің нәтижесі оның қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан білінеді» деп дана Абай тұжырымдағандай, жаңа 2024 жыл ел газеті – «Egemen Qazaqstan» үшін айрықша мәні бар оқиғамен, нақтырақ айтқанда, жарияланыммен басталды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев газетімізге арнайы сұхбат беріп, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ішкі және сыртқы саясат, Қаңтар қасіреті, одан кейінгі күрделі саяси реформалар, тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды ел өміріндегі елеулі мәселелер жайында кеңінен әңгіме қозғады. Озық ойлы ұлт ретінде тек алға қарауымыз керек екенін атап өткен Мемлекет басшысы еліміздің келешегіне қатысты да терең мәнді толғамдарын жеткізді. Осыған орай «Egemen Qazaqstan» газеті сұхбатта көтерілген өзекті мәселелерді талқылауға арналған «Озық ойлы ұлт: мәні мен міндеті» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Басқосуға «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл, философия ғылымдарының докторы, профессор Төлеуғали Бөрібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, композитор Жанғали Жүзбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Оңайгүл Тұржан, Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері бо­йынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазинов, ҚМДБ «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб-имамы Жұманазар Садырханов қатысып, тақырып төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Әлеуметтік әділеттілік қалыптаспай, ел дамымайды

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Өздеріңізге мәлім, жыл басталған тұста Президентіміз газетімізге елдік мұ­ратты арқалаған терең тұжырым­да­малы сұхбат беріп, «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген түйінді сөзін айтты. Әңгіме барысында көтерілген қадау-қадау мәселелер жұртшылыққа ерекше әсер еткенін БАҚ-тан, әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Бұл қоғамдағы барлық саланы қамтыған, ауқымы кең жарияланым болды. Қазір жер-жерде, әр салада сұхбатта айтылған іргелі ойлардың түйіні тарқатылып, ел ағалары бастап, түрлі сала мамандары қостап, оны қоғамға жеткізу бағытында ой-пікірлерін ортаға салып жатыр. Бұл өте маңызды іс деп ойлаймыз.

Біз де бүгінгі жиынымыздың тақыры­бын озық ойлы ұлттың бүгіні мен келе­ше­гіне арнағалы отырмыз. Осында отыр­ған әрқайсысыңызды білікті маман, қоғамға сыйлы азамат, гуманитарлық-әлеуметтік саланың жілігін шағып, майын ішкен майталман деп білеміз. Мә­дениет пен философия, тарих пен экономика, ақпарат пен руханият салаларында өз орындарыңыз бар. Ең бастысы қарапайым қызметтен бастап шыңдалып, абыройға бөленген азамат ретінде «Озық ойлы ұрпаққа ең алдымен қандай құндылықтар қажет?» деген сауалға өздеріңізбен бірге жауап іздеп көрсек.

Жалпы, «озық ойлы ұлт» деген сөз­дің ғылыми анықтамасы бар ма? Ол Президенттің идеясымен халықты бірік­тіретін, жалпыұлттық құндылық­тарды жинақтайтын, үйлестіретін ұлттың деңгейі ретінде айтылды. Шынында да ұлтта қасиет болуы керек. Ұлтқа қажетті қасиеттерді де Мемлекет басшысы санамалап берді. Бұған дейін де біз еңбекқорлық, жауапкершілік, адамгершілік, адалдық, әділеттілік деген секілді елдік-моральдық ұстындарды Пре­зиденттің әрбір сұхбатынан, Жол­дау­ларынан, ойларынан көріп, оқып, санамызға тоқып жүрдік.

Бүгінгі әңгімеміздің де өзегі мен мәні осыған келіп тіреледі. Біздің қоғамда күрделі мәселе көп. Ал оның бар­лығын шешу қоғамды құраушы сіз бен бізден, отбасынан басталады. Әрбі­ріміздің шаңырағымызға, қыз­мет ететін орнымызға, елімізге деген жауап­кершілігіміз болса, осыдан қо­ғамның бірлігі, мемлекетшілік ұстын құ­ралады. «Сол ұстынды біз қалай жасаймыз? Қай тұрғыдан келеміз? Кәсіби тұрғыдан қалай өзгертуіміз керек?» де­ген сұрақтарды біраздан бері күн тәр­тібіне шығарып келеміз.

Расында да, қоғам жаңару үшін адамның санасында, ойында өзгеріс болуы керек. Біздің қоғам аса күрделі деп айта алмаймыз. Біз – ұлттық дәстүрден қол үзбеген, әлі күнге соған табан тіреп өмір сүріп келе жатқан халықпыз. Ғасырлар бойы жинақталған мәдениетіміз бен құндылықтарымызды қастер тұтамыз. Ұлттық құндылықтардан, дәстүрден безген кезіміз жоқ. Кейінгі жылдары қоғамда күрделі үрдістердің ұш­қыны көрініс беріп жатқанын байқап қаламыз. Сондықтан біз алғашқы сөзді осы бағытта еңбек етіп жүрген, ұлттық менталитет туралы зерттеулердің авторы, философия ғылымдарының докторы, профессор Төлеуғали Бөрібаевқа ұсынсақ дейміз. Алғысөзді көтеріліп отырған тақырыптың маманы бастағаны жөн деп білеміз.

 

Төлеуғали БӨРІБАЕВ:

– Озық ойлы ұлт туралы пайымдау, ол қандай болуы керек деген мәселе – әр уақытта қойылатын сұрақ болса керек. Әсіресе бүгінгідей заман құбылып тұрған шақта, қиын кездерде осындай сауал барлық халықтың алдынан шығады. Тіпті қарапайым адамның өзі ертеңгі күні туралы ойлап: «Қалай ер жетемін? Қалай өсемін? Қалай жетілемін?» деп өз-өзінен жауап алатыны сөзсіз. Тәуелсіз еліміздің аяққа тік тұрып, дүние құбылған бүгінгі заманда өзінің келешегін айқындауға тырысып, дұрыс жолды таңдауға талпынуы – заңды құбылыс.

Ұлттың сапасы туралы айтып жатсыз. Ұлттық сапа көптеген құндылықтан тұрады. Ұлттың мінез-құлқы, жүріс-тұ­рысы, тілі мен діні, салт-дәстүрі, өне­рі мен мәдениеті бар. Осының бәрі – халқымыздың үздік қасиеттерін да­мытуға қызмет ететін ұстындар. Бұл тақы­рыпта сөйлесек көп мәселені қоз­ғау­ға болады. Бірақ соның ішінде ең бас­ты және маңызды құндылықтарымыз не және қандай болуы керек? Меніңше, ең бас­тылары – мәдениет, тіл, салт-дәстүр. Бала тәрбиесі, елдік, қоғамдық дең­гейдегі тәрбие, ұлт мұратының бәрі осы ұғымдардың ішіне сыяды. Ұлттың бола­шағы, болмысы, ойының қалып­тасуы оның тіліне байланысты. Осы үш негізде бүкіл ұлттың ұлы мұраты қалыптасады, асыл құндылықтары жүйеленеді. Сол негізде ұлт дамиды. Отанды және мем­лекетті қорғау деген таным-түсінік, іс-әрекет қалыптасады.

Ең бастысы, бұл айтылып отырған құндылықтар қоғамның барлық саласында көрініс табады. Мысалы, озық елде мәдениет бар салада лайықты орнығады. Саясатқа да, экономикаға да, құқық саласына да мәдениет керек. Қоғам мен отбасының да негізінде мәдениет жатыр.

Сонымен қатар белгілі бір тарихи ортада, уақыт кеңістігінде ұлттың мәдениеті, тілі мен салт-дәстүрі өзгеріп, жаңғырып, жаңарып отырады. Мысалы, бұған дейін елімізде «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік ел» атты мемлекеттік бағдар­дамалар жұмыс істеді. Мұнда да үлкен құндылықтар жүйесі туралы айтылған еді.

Екінші мәселе – бүгінгі қазақ қоғамы үшін ең басты байлық – Тәуелсіздік. Саяси тұрғыдан да, экономкалық жағынан да, қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан қара­сақ та тәуелсіздіктің ең ұлы байлық екенін аңғарамыз. Оны Президент те Жолдауларында айтып келеді. Сонымен қатар еліміздің тұтастығы мен бірлігінің, қауіп­сіздігінің біз үшін маңызы орасан. Бұлар – азаттығымыздың кепілі. Ынтымақ пен бірлікті қолдан шығармау – бүгінгі күрделі заманда алдыңғы шеп­тегі міндет. Соның қатарында ақпа­раттық қауіпсіздік мәселесі де ойып тұ­рып орын алады.

Қысқаша айтқанда, тәуелсіздік – ұлы құндылық ретінде озық ойлы ұлт сапасын қалыптастырудағы басты кепіл. Тәуелсіздік неғұрлым баян­ды болса, соғұрлым ұлттың жаңа сапа­сын қалыптастыруға кеңінен жол ашылады. Тәуелсіздік – еркін ойлау­ға, жа­уапкершілікке, өз тағдыры­ңа өзің жауап беруге үйретеді. Құл­дық санадан, бағыныштылық пен масыл­дық психологиядан арылтады. Ұлт­тың отансүйгіштік санасын, елдік ұс­танымын, мемлекетшілдік мента­ли­тетін қалыптастырады. Бұл озық ойлы ұлт қалыптасуының қайнар көзі болуы керек.

Үшінші мәселе – қазіргі күні жиі көтеріліп жүрген әлеуметтік әділеттілік. Ол, әрине, адамзат баласы жаралғалы бері айтылып келе жатқан дүние. Өйткені әлеуметтік әділеттілік болмай, сындарлы қоғам және дамыған мемлекет, озық ойлы ұлтты қалыптастыру мүмкін емес. Сол үшін тарихта қаншама төңкерістер мен қантөгістер болды. Біздің ата-бабаларымыз да осы әділеттілік үшін күрескені белгілі.

Ал бүгінгі уақыт шеңберінде ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін біз әділеттілік мәселесін жиі айтамыз. Оның да белгілі себептері бар. Бүгін ол жеке адам мен қоғам мүддесі арасындағы қайшылықтардың көрінісінен туындап отыр. Әлеуметтік әділеттілікті сақтау қоғам тұрақтылығының кепілі. Әділет­тілік негізі – адамшылық, ар мен ұят, парасаттылық пен қарапайымдылық. Астамшылдық пен менмендікке, пара­қор­лыққа қарсы сілтейтін ұлттың басты қаруы. Ол ұлтты адал еңбекке үйрететін бірден-бір фактор. Оның тірегі – заң. Заң әділетті болған сайын ұлт бойында әділеттілікке деген сұраныс ояна бас­тайды. Билікке деген сенімі артады. Сон­дықтан озық ойлы ұлттың ойы мен санасында әділеттілік ұғымының нық орнауы біздің қоғам үшін аса маңызды.

 

Қазақ өзінен «тарихи аутсайдер» жасап алған

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Төлеуғали Қайыржанұлы, әңгімені қоғамдық әділеттіліктен бастап жатқа­ныңыз өте орынды. Жалпы тарих – біз үшін айна. Айнаға қарап өзіміздің тағдырымызды көреміз. Барлық кезеңде жақсылыққа ұмтылыс бар. Президенттің де айтпағы сол – біз өткенмен өмір сүрмеуіміз керек, алға қарауымыз керек. Алға қарау үшін де өткен тарих сабағы қажет. Еркін Аманжолұлы, осы бағытта біраз пікірді қорытып, ой айтып жүрген тарихшы ретінде «озық ойлы ұлт» деген ұғымға баға беріп көріңізші.

 

Еркін ӘБІЛ:

– Тарихшы болған соң өткенімізге көз тастайтынымыз ақиқат. Дегенмен ұлтты ұлт қылатын – қоғамдық сана. Тіл, дін, діл дегендердің барлығы тек құрал ғана. Сондықтан бізді ұлт қыла­тын – қоғамдық санамыз. Біз қазір «Алға қарау керек, озық ойлы ұлт болуымыз қажет» деген мақсат қойып жатырмыз. Өйткені тарихи қоғамдық санамызда болашақтың образы жоқ. Біздің ұлттық санамызда алға қарау парадигмасы қалыптаспаған. Қазақ – өткеніне көп қарайтын халық. Сол себепті бізге болашақтан зер салғанда тарихымыз, шежіреміз, болғанымыз қызық. Ұлт азаматтарын «Ата-бабамыз кім болды? Олар не істеді? Қандай мемлекет құрды? Қандай хандар ел басқарды? Шыңғыс хан қазақ па, қазақ емес пе?» деген ойлар толғандырады. Өкінішке қарай, «Болашақта қандай ұлт боламыз? Қазақтың келешектегі, болашақ өркениеттегі орны қандай? Қай жолмен дамимыз? Қандай қоғам боламыз?» деген ойлар қоғамдық пікір­та­ласқа салынбайды. Бұл талқылана бермейді. Бір ғана мысал, бізде қазақ тілінде фантастика өте аз. Кино түсіргенде де тарихи сюжеттерді қазір­гі кезеңмен қабыстырудан аспаймыз. Болашақты бүгінгі кинолардан көр­мейміз. Сондықтан қоғамдық санада алға қарау кемшін. Ал тек артқа қарай берсек, алға жүре алмаймыз. Бұл ертең кез келген жерде сүрініп құлай беруге алып келері анық.

Тарих ғылымының негізгі міндетін ұмыта бастадық. Шын мәнінде тарих бізге не үшін қажет? Тарихқа біз қоғам дамуының заңдылықтарын тү­сініп, болашаққа болжам жасауға қа­жетті құрал ретінде қарауға тиіспіз. Ғылымның кез келген түрі болашаққа ұмтылуымен бағалы, құнды. Тарих та сондай болуы керек. Кезінде «Рухани жаңғыру» деген мемлекеттік бағдарлама болды. Бірақ бағдарламаның «жаңғыру» деген жағын ұмыт қалдырдық. Қазақ ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында бір рет рухани жаңғырудан өтті. Бұл – Абай бастаған, Алаш қайраткерлері қостаған кезең. Біз сол кезде шынында да жаңа ұлт болдық. Санамыз жаңғырды. Көптеген мәдениеттің жаңа формаларын аштық. Күрт өзгеріп, санамызға сілкініс әкелді. Дәстүрімізді сақтап, жаңа ережелерді қолға алдық.

Қазір біздің алдымызда дәл сондай мақсат тұр. Жаңа ғасырда біз қалай өзгеруіміз керек? Бұл үшін ең алдымен мектептен бастап балалардың санасын дұрыс бағытқа салуға еңбектенуіміз қа­жет. Әрине, тарих деген өте жақсы. Жошы ұлысының 800 жылдығы жөнінде он жыл бойы айтып келеміз. Бұл расында біздің қайдан шыққанымызды, ата тегімізді түсінуге көмектеседі. Бірақ өкінішке қарай, қоғамдық санамызда біз өзімізден «тарихи аутсайдер» образын жасап алғанбыз. «Бүкіл ел қазаққа қарсы күресіп жатыр, жерімізді тартып алайын деп отыр» дейміз де, өзіміздің ішкі мәселелерімізді көргіміз келмейді. Сырттан жау іздеуге әуестік басым. Бірде «Ұлы дала өркениетінің дағдарысы» атты баяндама жасағанымда, бұл ойыма әріптестерімнің барлығы қарсы шықты. «Қайдағы дағдарыс? Біз керемет ел болдық» дегенді алға тартты. Керемет ел болсақ, кезінде егемендігімізден неге айырылып қалдық? Ішкі мәселеміз болмаса, неге бодан болдық? Кез келген қоғамның дағдарысын өз ішінен іздеген жөн. Керемет империяны ешқандай жау ала алмайды. Осыны түсінуіміз керек. Жауды сырттан іздегенді қою керек.

Тарих – бізге өткеннен сабақ алып, болашаққа бағыт-бағдар беруші ғылым. Ал қазіргі күні қазақ балаларына жаратылыстану, техника ғылымдарын игеру қажет. Жеткіншектеріміз ғарышкер, роботтехник болуды армандауға тиіс. Жасанды интеллектінің тілін түсініп, жаңа технологияны меңгере алатын қабілетке ие болғаны маңызды. Бүгінде осы бағытта балаларға арналған қазақ тіліндегі контенттерді көбейту өзекті. Сонда ғана біз алға қарайтын озық ойлы ұлтқа айналамыз.

Әйтпесе біздің қазақ тіліндегі негізгі контент тарихпен байланысты. Әрине, бұған тарихшы ретінде мен қуанамын. Алайда қазір тарих деп тұрақтап қалсақ, құндылығымызды сақтап, болашаққа қадам басуымыз қиындай түседі. Оның барлығын бір күнде өзгерту қиын. Қоғамдық сананың үлкен инерциясы бар. Соны оң бағытқа қарай өзгертіп жатсақ, алдағы мақсатқа жетеміз. Расында қоғам­­­дық санада болашақты ойламасақ, назар аудар­масақ, ұлттың да болашағы болмайды.

 

Опасыздық па, отансыздық па?

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Президент қоғамға қатысты біраз сын айтты. Оның ішінде жат мәдениетке жұтылып, еліктеушілік пен жалған патриотизм, даңғойлыққа ден қою дертіне шалдыққанымызды да жеткізді. Бұл – бүгінгі қалам ұстаған қауымның, жауынгерлік жанрдың өзекті тақырыбы. Десек те әлеуметтік желіде де мәдениет мәселесінде тізгінді бос жіберіп алған сәтіміз жоқ емес. Ол жақта да елшіл, жанашыр азаматтар бар, бірақ аздау көрінеді. Қоғамда, БАҚ-та, әлеуметтік желіде елшіл сөз айтып жүрген танымал ақын, журналист маман даярлаудың басы-қасындағы ғалым Оңайгүл Тұржан ханымға сөз берсек.

 

Оңайгүл ТҰРЖАН:

– Еркін Аманжолұлы қазақты тек тарихқа қарайлайтын, болашақтың образын қалыптастырмаған халық деген пікірді айтып отыр. Расында, біз тоқырау кезеңінде өз тарихымызды айта алмағанымыз белгілі. Еркіндік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткеннен кейін жапа-тармағай тарихқа мойын бұрдық. Осындай бір өтпелі кезеңнен өтуге тура келген сыңайлы. Енді бұл кезеңнен де асып, жаңа бір белестің алдында тұрған секілдіміз.

Жалпы, Президентіміздің ел газетіне берген сұхбаты халық көкейіндегі сан сұраққа жауап берген іргелі жарияланым болды. Қазіргі күні барлық желіде сұхбатта көтерілген маңызды мәселелер талқыланып, пікірлер айтылып жатыр. Осы жерде ерекше айта кетер жайт – оның құрылымы. Журналист ретінде айтарымыз, жаттанды сұрақ жаттанды жауапты туғызады. Содан кейін жаттанды ой, жаттанды пікірлер айтылып, жұртты әбден мезі қылады да, сұхбат оқылмай қалады. Ал бұл жолы Мемлекет басшысына қойылған сұрақтардың динамикасы сұхбатты ерекшелендіріп тұрды деп айта аламын. Сол динамика Президенттің де бүкіл ішкі ойын қозғап, кеңінен толғауына мүмкіндік ашты. Содан кейін ол шынайы да батыл ойларын жасырмай жеткізді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан келелі пікірлердің бірі – осы дөңгелек үстелімізге арқау болып отырған озық ойлы ұлт болу міндеті. Менің ойымша, оның басты шарты – дұрыс білім беру және дұрыс білім алу, сонымен қатар дұрыс тәрбие. Дұрыс білім беру үшін не істеуміз керек? Ол үшін алдымен білім алуға тәрбиелеу керек, яғни баланың білім алуына деген мотивациясын оятатын тәрбие керек, ондай тәрбие берудің иірімдерін, психологиялық астарын тінте зерттеп, механизмдерін екшеп шығарып, тәрбиешілерге, ата-аналарға ұсыну керек. Ата-ана баланы 2-3 жасынан кітапқа «байлауға» тиіс. Кітапқа байланған бала өсу жолында кітап іздеумен жүретін болады. Ойды ұшқырлыққа бейімдеу қасиеті де кітапта. Ұлттық мультфильмдер қошақан мен ботақанды айта бермей, кітап оқыған бала, әріп үйренген бала, есеп шығарып жүрген бала туралы да қызықты дүниелер жасаса жақсы болар еді.

Біз дамыған елдерді көбірек дәріп­тейміз, содан болар, кей жастары­мыз­дың санасында шетелдердің «ханы алып, ақылгері білгір» көрініп, Тоны­көк баба айтқандай, «ханын тастап», басқа елге бағынуға кетіп жат­қандары бар. Әрине, әркімнің өз еркі ғой. Ал солардың көпшілігінің ата-анасы да, өзі де мемлекеттік тілде білім алмағандар. Ондай жандардың ұлттық құндылықтарды бағалауы екіталай. Тағы бір жағдай – қалада тұратын ата-аналардың көпшілігі қазақ мектептерінде білім деңгейі төмен деп ойлайды. Ке­йінгі жылдары таныла бастаған ал­ғыр жастарға назар аударып көріңіз, олардың дені – қазақша оқығандар. Өкініштісі, жоғары оқу орындарында, әсіресе техникалық мамандықтар бо­йынша қазақша оқулықтар жетіспейді. Оның басты себебі – заманауи қазақша оқулықтар жазатын ғалымдар бар, бірақ оларды ынталандыру жағдайы жасал­маған, яғни қаламақы не еңбекақы төлен­бейді. Оқулық жазу – оңай шаруа емес. Ол да – инемен құдық қаздыратын еңбек. Аударма оқулықтар бар, бірақ ұлттық оқулықтар патриоттық сезімді оятар еді. Білім алушының өз ұлтына деген мақтаныш сезімін бекіте түсер еді. Тек аударма оқулық немесе басқа тілдегі өзге елдің авторларының оқулықтарымен білім берілсе, жастардың санасында біздің қазақта оқулық жаза алатын ғалым да жоқ, яғни деңгей жоқ деген ұғым қалыптасады. Сөйтіп, ұлттық ғылымды менсінбейтін жағдайға келеді.

Ал құндылықтар мәселесіне келетін болсақ, озық ойлы ұрпаққа, ең алдымен, отаншылдық сезім керек. Озық ойдың арғы жағында отаншылдығы болмаса, елі мен жерін тастап кете береді, яғни өзінің озық ойын басқа елді дамытуға жұмсайды. Былайша айтқанда, басқа бір елдің өзінің отанынан, өзінің ата-анасынан, өзінің бауырларынан озып кетуіне қызмет қылады. Бұл, әрине, опасыздық емес шығар, бірақ отансыздық деуге келеді. Оның озық ойлы болып шыққаны  жеке басының еңбегі ғана емес қой, ол – ұлттық генетикамен келген алғырлық. Жаратқан Иеміздің осы ұлтқа қызмет етсін деп берген дарыны. Ал ол соны басқа елді дамытуға жұмсайды.

Аз санды халық ретінде бізге әрбір дарынды жастың құны өлшеусіз. Демек оларды елге қызмет еткізудің механизмдерін ойластыруға тура келеді. Жастарды «Осы біліміммен мен кімге қызмет етіп жүрмін?» деген ой мазалауы керек. Ондай ой мазаламаса, «тәрбиесіз берілген білімнің» зардабы сезіледі.

Сұхбатта Президент айтқан маңызды мәселенің тағы бірі туралы айта кетсек, ол – Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу. «Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да маңызды екені сөзсіз», деді Мемлекет басшысы. Бұл жерде тек ойын емес, рухты көтеру мәселесі айтылып отыр деп ойлаймын. Менің ұсынысым, біз бұл ауқымды іс-шараны тек спортшыларға қатысты оқиға деп қабылдамай, тереңірек назар аударуымыз қажет. Атап айтқанда, еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstan» бетінде көшпелілер ойындарының рухты көтеруге қосар үлесі, оның ерек­шелігі, одан елімізге қандай пайда бар, біз не ұтамыз деген тақырыптарда сүбелі дүниелер жарық көрсе, құба-құп болар еді. Журналистер қауымы осы ойындарды насихаттауға атсалысса деген тілек бар.

 

Көшпелілер ойындары – қатардағы іс-шара емес

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Рахмет, Оңайгүл ханым, ұсыны­сы­ңызды назарға аламыз. Жалпы, қо­ғам­да қордаланған қиындықтар біршама. Сол қиындықтардан құтқа­ратын үлкен күш бар. «Әлемді мәдениет құтқарады» дегенге бәріміз пейіл­діміз. Сол мәдениеттің бір бөлшегі – музыка. Қазақ үшін музыканың да құдіреті ерекше. Осы орайда арамызда «Egemen Qazaqstan» газетінің белсенді автор­ла­рының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, зерттеуші Жанғали Жүзбай ағамыз отыр. Сіз де бүгінгі тақырып аясында өз пікіріңізді білдірсеңіз.

 

Жанғали ЖҮЗБАЙ:

– Бүгінгі мәнді жиында пікірін ортаға салған бауырларымның сөздері көкейкесті. Оңайгүл ханымның «көшпелі мәдениет ойындарына баса мән беру керек» деген пікірі құптарлық. Шын мәнінде, бұл жай ғана спорттық ойындар емес. Бұл – әуелі мәдениетіміздің бір көрінісі. Түркі әлемінің ішіндегі қазақтың бар сән-салтанатын паш ететін үлкен оқиға болмақ. Осы мәселеге сіздің алаңдаушылық білдіруіңіз – дұрыс бас­тама. Себебі өзіміздегі ұлттық спорт түрлерінен өтетін талай доданы көріп жүрміз. Атжарыс, тайжарыс, көкпар, аламан т.б. спорттық іс-шаралар өтеді. Сосын отандық шоу-бизнес жұлдыздарының фонограммадағы әнін тыңдап қайтармыз. Ұлттық спорттың бар көрінісі осы ғана. Алдағы көшпелілер ойындары мұндай қатардағы іс-шаралардың бірі болып қалмаса екен дейміз. Мейлінше тарихи деректер қамтылған, қазақтың арғы-бергі өткенін жалпақ дүниеге ұсынатын дода болуы керек. Ойындар аясында өтетін концерттік іс-шараларда ұлттық өнеріміз, айтысымыз, термеміз, поэзиямыз көбірек насихатталады деп үміттенеміз.

Жалпы, Президент сұхбатында ай­тылған «озық ойлы ұлт» – елдің ғасыр­лар бойы жинақталған құндылығын әлемге паш ете алатын бірегей сапа. Өнерден бөлек, білімнің де маңызы жоғары. Оны Қасым-Жомарт Кемелұлы таратып айтты. Қазіргі заман талабына сай түрлі ғылымды оқыту, жас ұрпақтың қалауына лайық білім беру кешенін қалыптастыру керектігі кеңінен қозғалды.

Сұхбаттағы тағы бір ұнаған жері – болашақ мәселесі. Жаңа ғана Еркін бауырым жақсы ойлар айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, қазақтың тарихы жөнінде көптомдық еңбектер жазылуға тиіс. Осыған дейінгі миф ара­ласқан, дерегі күмәнді әсіре тарихтан арылуымыз керек. Қазақ – өзінің тарихынан ұялмайтын халық. Соны мейлінше нақты дәйек-деректермен қайта жазып шығу – бүгінгі күннің талабы. Біздің өткеніміз әлемдік тарихтың бір бөлшегі ретінде ұлтты сапаландыруда үлкен рөл атқаруы керек.

Бұның бәрі – қазіргі жастардың мойнына жүктеліп отырған үлкен міндет. Буын оны сенімді ақтап, атқарып шыға алатынына күмәнім жоқ. Өйткені бүгінгі жастар шетінен алғыр, мықты. Отандық өнерді дамыту жолында еңбек етіп жүрген жастардың талабына қуанамын.

 

Санаға серпіліс керек

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Рахмет, Жанғали Әлімханұлы. Жастар тәрбиесі мен отаншылдығы жайында қажетті ой айттыңыз. Жалпы, біз «Жастарға үлкен сенім артамыз» деген сөзді жиі ауызға аламыз. Шын мәнінде, жастар – қоғамның қозғаушы күші. Қазір біздің ұжымымыздың да басым бөлігін қаламы қарымды жас­тар құрайды. Сол секілді басқа да мем­ле­кеттік құрылымдарда жұмыс істеп жатқан білімді де жігерлі азаматтарымыз баршылық. Олардың көзімен озық ойлы ұлт қандай болуы керек? Бұл сауал­ды сол жастардың өкілі ретінде Айбол Арғын­ғазиновке қойып көрсек.

 

Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ:

– Мемлекет басшысының сұхбаты қоғамның көп мәселесін қаузаған келелі, толымды сұхбат болғаны рас. Қаңтар басында басқа елде жүрсем де, бірнеше қайтара оқып шығып, тіпті кейбір тұстарын жақындарыма дауыстап оқып бердім. Әсіресе Қаңтар қасіретіне қа­тысты ойда жүрген түйткілді мәселе­лер­ге нүкте қойғандай болды. Көптеген ашық сұраққа жауап берілді. Ойлана қарасақ, мұндай дағдарысты жағдайдың туындауына не түрткі болды? Меніңше, тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жыл­дағы бұл көріністер жаңа қоғамға да­йындықсыз, дамусыз күрт көшуімізден туын­даған секілді. Себебі халыққа үлгі етер ұстанымдар болмады, саяси-білік дәстүрінде дағдарыс туындап бос кеңіс­тік пайда болды.

Кейінгі уақытта ұлттың сапасы көте­­­­ріліп келе жатыр. Біз жолайрықта тұр­­мыз. Бағдарымызды түзеп, бағыты­мыз­­ды анықтап алмасақ, «Ұлттың сапасы қандай болады?» деген сауалға жауап іздеп, қоғамдағы құндылықтар жү­йесін қалыптастырмасақ, келешек буынның бағыт-бағдары мүлде басқаша құрылады. Бүгіннің өзінде батыстық қоғамға тән иммунитеті бар құн­ды­лық­тар жүйесі орнықты. Осыған сыни тұрғыда қарамасақ, жат құндылықтар жүйесі біртіндеп санамызға сіңіп, қа­лыпты жағдайға айналғалы тұр. Еуро­палық дамудың озық үлгісі саналатын Скандинавия елдері – Швеция мен Нор­вегияда дәстүрлі құндылықтар дәріп­теліп, өзіндік иммунитет сақталып отыр. Иммунитет болмай ұлт сапасы да арт­пайды.

Екіншіден, білім – біз үшін ең басты құндылық. Онсыз экономика дамымайды. Әлемдік экономикаға қатысты көптеген зерттеуді оқысақ, білім сапасы артқан сайын экономиканың да деңгейі артады. Экономиканың күрделілік ин­дексі деген ұғым бар. Білімді ұлттың индекс деңгейі де жоғарылай береді. Біз қазір әлемде 86-орында тұрмыз. Өйткені біздің экономикамызда күрде­лі­лік жоқ. Экономикамыз тәуел­сіздік алғаннан бері күрделенбеген. Сол кеңес­тік өндірістердің деңгейінде қалып қойған. Қарапайым тілмен айтқанда, мұ­найы­мыздың өзі – күрделі өнім. Қара­пайым асфальт жасайтын битумнан бас­тап полиэтилен, полипропилен секілді бірнеше өнім жасауға болады. Бірақ біз сол деңгейге әлі күнге дейін жетпей отырмыз.

Оның себебі білімге келіп тіреледі. Тәуелсіздіктен кейін біз үшін экономис­тер мен заңгерлер культ болды. Көп жас­тар сол салаға барды да, техникалық салалар бос қалды. Қазір кейбір жерде еңбек күші жетіспей, шетелдік мамандарды әкеліп жатамыз. Бірақ бүгінде солардан бір мысқал кем түспейтін қазақтың озық ойлы азаматтары АҚШ пен Еуропада, Корея мен Қытайда да еңбек етіп жүр. Сол себептен білімге құндылық ретінде басты мән беру маңызды деп ойлаймын.

Одан кейін сыни ойлау жүйесін қалыптастыру керек. Өткеннен қоры­тынды шығарып, болашаққа да сыни көзбен қарасақ, ұлт ретінде сапамыз артады. Өткенге зер салсақ, бос мақтан, бос кеудесоғушылық бар. Тарихқа ашық қарай алмаймыз. Жалпы, біз тұлғалардың өмірін көрсеткен кезде қалтарыс жағын көрсетуден қорқамыз. Идеал адамның образын ғана көруге үйреніп қалғанбыз. Кез келген тұлғаның пенделік тұстары бар. Мысалы, шетелдік басылымдар мен кітаптарды оқысаңыз, киноларын көрсеңіз, тұлғаларының қалтарыс тұсын да көрсетіп жатады. Адамның өмірі сол жағынан да қызықты. Адамды тұлға ретінде көру үшін болмысын да тану шарт. Прагматизм деп жатырмыз, осы дарақылықты тоқтату да түйткілді мәселеге айналды. Әлі күнге дейін мақтан, қаражатты шашу, артық нәрсеге қаражат жұмсауға бейімбіз. Ауылға барсақ, көше-көшенің бойымен жарысып үй салып жатқан жұртты көресің. Әлі күнге дейін материалдық құндылықтардың артынан жүгіріп жүргенде сананың төмен деңгейіндегі құндылықтар жүйесі жемісін беріп жатыр. Сол себептен экономикамыздың кенжелеп жатқаны санада өзгерістердің болмауынан шығар.

Санадағы тәуелсіздік те біртіндеп келіп жатыр. Шетелде оқыған жастардың үлесі артып, бес-алты жылда қоғамның ойлау жүйесі өзгере бастайды. Сол кезде біз ұлттық құндылықтарды сақтап қалу үшін идеологиялық жұмысты жандандыра алмасақ, көп нәрседен айырылу қаупі бар. Осы жерде біз санамызды дұрыс жолға бағыттап жібер­ме­сек, құндылықтар жүйеміз батыстық жүйемен ары қарай кетіп қалады. Өйткені оның алғышарттары көп. Ашық өркениеттегі қоғамда адамдар қажет ақпа­ратына оңай қол жеткізе алады. Шектеген күннің өзінде іздегенді табатын көптеген мүмкіндік бар. Осындай тұста ақпараттық жүйеде қарсы иммунитет қалыптастырып, заңнамалық тұр­ғы­да реттеген дұрыс.

Соңғы отыз үш жылда нарықтық экономика біршама тәжірибеден өтті, жаңашыл мемлекет ретінде қалыптаса алдық. Енді руханиятқа көңіл бөліп, санамызға сілкініс тудырып, сол бағытта жұмыс істейтін уақыт келген секілді. Президент сұхбатын мен осы айтылған ойлардың алғышарты ретінде көремін. Өйткені қазір халық жыл құсындай жақсы жаңалық күтіп отыр. Бүгінгі заман – білім мен ғылымның заманы. Сондықтан еңбек адамдарын халыққа дәріптеп, халықтың культіне айналдыру керек. Әйтпесе қазір әншілер мен әлеуметтік желі «жұлдыздарының» культі ғана салтанат құрып тұр. Бұл дұрыс емес. Білім мен мәдениеттің, парасаттылықтың культі болғанда ғана еліміз алға басады.

 

Төлеуғали БӨРІБАЕВ:

– Айбол бауырым, жастарға қатысты жақсы ой айтып жатырсың. Шынында, қазір қазақ қоғамында балаларды ұлт­тық мәдениет, дәстүр негізінде емес, батыстық мәдениет негізінде тәрбиелеу үрдісі байқалатын секілді. Оған толып жатқан фильмдер, компьютер ойындары ықпал етіп жатыр. Бұның белгілі бір деңгейде қазақтың болмысын өзгертетіні анық. Осы тұрғыда ұлттық идеология, ұлттық тәрбие бізге ауадай қажет.

Білім беру саласы, ата-аналар да бұл істен тысқары тұрмағаны абзал. Ұлттық тәрбие отбасынан бас­та­латыны белгілі. Озық ойлы ұлтты тәр­биелеуде ата-ананың рөлі ерекше. Біз «мемлекет негізі – отбасы» деп өскен ұрпақпыз. Ата заңымызда осы жағдайды нақты көрсететін уақыт келген сияқты. Өйткені отбасы мәртебесіне сырттан шабуыл күшейіп тұр. Онсыз қоғам, мемлекет құру, озық ойлы ұлт құру мүмкін емес.

Сонымен қатар ұлттың дүниета­нымын, болмысын сақтау қазірдің өзінде үлкен проблемаға айналды. Бұндағы ең үлкен қасірет – еліктеушілік. Жаппай еліктеу. Біреудің қаңсығына таңсық болу. Бізге жат нәрселерді тықпыштай берудің де шегі бар. Еліктеген, солықтаған, көшірген адамдарда жасампаздық болмайды. Олар тек бейімделгіш, жетекке ергіш келеді. Бойында сыни, жүйелі ойлау қабілеті үнемі кемшін соғып жатады. Олар үшін кейде өзің болғаннан өзге болу оңай. Сондықтан қандай қиын заманда да болмысты сақтай білу – озық ойлы ұлт ретінде қалыптасудың басым бағыты.

Тағы бір айтатын мәселе – діни бі­лім­ді насихаттау. Қазір байқаймын, жиындарда дін адамдары қазақтың дәс­тү­рін көбірек айта бастады. Бұл – жақсы өзгеріс, құптарлық үрдіс. Осы үр­дісті жалғастыруымыз қажет. Діни білім ұлт дәстүрінен алшақтамай, керісінше содан нәр алуы қажет.

 

Діңгегі берік ұлттың сенімі айқын

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Дін жайында жақсы ой қозғап қалдыңыз. Өткенге қарасақ, озық ойлы тұлғаларымыз елдің елдігіне қызмет етті, сөзін ісімен көрсетті. Руханият туралы айтқанда, халықтың сенімін қозғамай кету дұрыс емес. Мәдениетті адам – иманды адам. Кезінде Ресей империясы мұсылман түркі халықтарын отарлауы ең алдымен татарлардан, яғни Қазан хандығын жаулап алудан бастады. Бірақ талай ғасыр өтсе де, ағайын татар жұрты ұлт ретінде жойылып кеткен жоқ. Сонда олардың айтатыны: «Бізді сақтап қалған – дін», дейді. Ортамызда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Жұманазар Өсерханұлы отыр. Сізге «Озық ойлы ұлт, сапалы ұлт қалыптастыруда діннің орны қандай?» деген сауалды қойсақ...

 

Жұманазар САДЫРХАНОВ:

– Президентіміздің сұхбатын дін саласының мамандары да үлкен қызығушылықпен оқып шықты. Таяу күндері Бас мүфтидің қатысуымен мүфтияттың үлкен төралқа жиыны өтеді. Ол жерде дін және ізгі қоғам тақырыбын әңгімеге арқау етпекпіз. Бұл жиынның өзі Президенттің сұхбатында көтерілген ізгі ойлармен сабақтас өрбитін болады.

Осы сұхбатта Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның Наурыз мерекесі туралы ой айтуы қоғам санасына қозғау салғандай болды. Дініміз ислам дәстүрі­мізге тыйым салмайды. Сондықтан атадан жеткен дініміз бен дәстүріміз егіз қозыдай қатар жетіліп дамыған. Шын мәнінде, Наурыз – нағыз мереке, тіршіліктің бастау алып, жердің түлейтін кезеңі. Биыл біз, дін мамандары алға жоспарланған елеулі іс-шараларымызда осы дін мен дәстүрді насихаттап, олардың өзара байланысын нығайтып, үлкен жобаларды жасауға бел буып отырмыз.

Озық ойлы ұлт – дін мен дәстүр секілді рухани құндылықтарын берік ұстанатын ел деп білеміз. Ойлы ұлт болудың бір кепілі – мемлекеттік тілдегі сапалы білімге келіп тіреледі. Бұл тұста ауыз толтырып айтар жетістіктер де, кемшін тұстар да бар. Біртұтас ұлт болудың бір жолын қазақ тіліндегі сапалы контенттерді көбейтуден бас­таған құба-құп. Қазір кез келген ақпарат қолжетімді. Іздегенді интернеттен тауып алуға болады. Алайда қазақ тіліндегі сапалы контенттер аз. Көбі ел сұранысына толық жауап бере алмайды.

«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегенді жиі айтамыз. Мәселен, жапондықтардың өз ұлтына, өз тілі мен діліне, дініне деген құрметінен көп нәрсені үлгі етуге болады. Бұл елде алғаш мектеп табалдырығын аттаған өскінді өз тілінде оқытады, діңгегін өз тілінде қатайтып, төл руханиятына бағыттап, бағдарлап алады. Тілі арқылы ділі мен мәдениетін, дәстүрін дәріптеп оқытады. Ал озық ойлы ұрпаққа өз тілінде берілген білім мен тәрбие елшілдік, адалдық, әділеттілік, Отанын, ұлтын, жерін, тілін сүйетін қасиетті оңай сіңірте алады. Біз үшін қазір осындай патриоттық сезімді оятатын контенттерді көбейту парыз.

Өскелең ұрпаққа Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Алаш қайраткерлері, одан бергі халыққа қызмет еткен Қаныш пен Әлкей бастаған ұлт зиялыларын насихаттау жолында алға қадам басуымыз керек. Былтыр көпшілікке көрсетілген «Ұлт ұстазы. Ахмет Байтұрсынұлы», «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмдері ел жастарының бойында отаншылдық рухты серпілтті. Орыстілді қазақтардың өзі фильмнен алған әсерін айтып, жылап шығып жатқанын көрдік. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан айтып кеткендей, жаһандық дәуірдің жат ағымына жұтылып, бөгде руханияттан сусындап кетпес үшін елдік мінезді қалыптастырып, мемлекетке жауапты болуға көңіл бөлу керек.

ҚМДБ да өз тарапынан әулие абыздар мен Алаш арыстарын, ұлтымыздың ұлт болып қалыптасуына көп еңбек сіңірген ірі тұлғаларын насихаттауға көңіл бөліп келеді. Бұл мемлекеттік деңгейде кең әрі жүйелі жүргізілсе, ұлттық идеология тезірек жемісін берер еді. Заман ағымына қарай саясат пен экономиканы алға жылжыту бар, ал ұлттық салт-сананы кенжелетуге болмайды. Бұл елдің ертеңі үшін қажет. Дәстүрін берік сақтап, өз діңгегінен ажырамаған ұлттың сенімі айқын, арманы асқақ болары заңдылық.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Біз қай салада қызмет етсек те, бәріміз елге жауапты екенімізді сезінеміз. Оны сіздер атқарып жатқан еңбектеріңізбен, бүгінгі жиында ортаға салған ойларыңызбен дәлелдеп жатырсыздар. Дөңгелек үстел басында айтылған әрбір салиқалы пікір газетіміздің 80 мың, сайтымыздың күнделікті 40 мың оқырманына жетіп, солар арқылы қалың қауымға тарайды деп үміттенеміз. Президентіміздің сұхбатына орай біз бірнеше тақырыптық дөңгелек үстел өткізуді жоспарладық. Соның алғашқысы бүгін, міне, өздеріңіздің қатысуларыңызбен сәтті өтті деген ойдамыз. Осы үшін баршаңызға алғыс айтамыз.

 

Дөңгелек үстелді жүргізгендер –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»