Бүгінде Үкімет басында жұмыс берушілер мен кәсіподақ бірлестіктері арасында 2024-2026 жылдарға арналған Бас келісімді дайындау қызу жүріп жатыр. Мамандар аталған құжаттың мүмкіндігі мол екенін айтады. Әсіресе жұмысшылар мәселесімен етене таныс салалық кәсіподақтар келісім жобасын белсенді түрде талқылап, өз ұсыныстарын беріп жатыр.
Бұл ретте Энергетиктер кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбас: «Әлеуметтік серіктестер арасында бәрі ашық және прагматикалық тұрғыда болуға тиіс. Тараптардың кеудемсоқтыққа жол беруіне орын жоқ. Бұл салалық деңгейде де, елдік деңгейде де солай болуға тиіс. Құжатты қабылдағанға дейін оған қол қоюшылардың ұмтылысын, ынта-ықыласын анықтау үшін алдын ала жұмыстар жүргізілетіні түсінікті жайт. Қазірдің өзінде осы деңгейде серіктестер тараптардың мүдделерін ескеретін белгілі бір ымыраға келуі керек. Демек, өзара түсіністікке деген жол да осыдан бастау алады. Оның үстіне кәсіподақтар бір мақсаттағы келісімдердің барынша әлеуметтік бағытқа ие болғанын қалайды», дейді.
Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінде аймақтық электр желілері компанияларының қызметтеріне тариф деңгейін белгілеген кезінде еңбек нарығындағы ахуалға және өңірлердегі қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге бағдарлануы қажет болған. Аталған министрлік 2019 жылдың 19 қарашасындағы бұйрығымен бекітілген тарифтерді қалыптастыру қағидаларындағы «Экономикалық қызмет түрлері бойынша» деген сөзді алып тастауды энергетиктер кәсіподағы ұсынып отыр.
Кәсіподақ саласының басшысы: «Бір қарағанда, зияны жоқ болып көрінетін бұл сөздер еліміздің салалық кәсіподақтың барлық жұмсаған күш-жігерін толығымен жойды. Энергетиктердің материалдық жағдайын жақсартудағы инстанцияларға жазылған 60-тан аса хат, отандық Электр энергетикалық қауымдастығымен бірге де, бөлек те жазылған 20 өтініш, сансыз кездесулер мен БАҚ-тағы 30-дан аса сөйленген сөздер бар. Жылына жасалатын тарифтерді түзету санына қатысты шектеулерді алып тастау және тарифтерді қарау кезінде кәсіпорындар қызметкерлерінің нақты санын емес, нормативтік санын ескеруі керек», деп отыр.
Жалпы, еліміздегі аталған салалық кәсіподақ ұйымы бірнеше жылдан бері энергетиктердің жағдайын билікке жеткізуді қаншалықты қаласа да, жарты жолдан қалып қоятындығын, жеке бастың шаруасы емес, жұмысшылардың аймақтардағы басқа өндірушілермен жалақы жағынан теңестіру маңызды екенін, Монополияға қарсы агенттік мамандары жағдайды түсінген сыңай танытқанымен, республикалық маңызы бар үш мегаполистегі электр желісі компанияларындағы жұмысшылардың орташа жалақысына келісіп, бірақ мағынасын өзгерткен, жұмсаған еңбектің бағаланбағанын айтады.
«Мемлекет басшысы көтеріңкі тарифті қолдануға бұйрық берді. Бұндағы алынған пайданы негізгі активті жаңғыртуға және жөндеуге, сондай-ақ кадрларды бекітуге бағыттау керек. Бұл бірінші кезекте кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы лайықты деңгейде болуға тиіс дегенді білдіреді. Бірақ кәсіпорындарда оны қолданылуына тиісті бақылау болған емес. Соның салдарынан кейбір басшылар алынған пайданы мақсатсыз пайдалануға жол берді. Әрине, ол жұмысшылардың жалақысын көтеруге бағытталмаған. Сондықтан біз қазір осы бағдарламаны жүзеге асыруға қатысатын кәсіпорындардың кәсіподақтар ұйымы алынған пайданың қолдануын бақылау жөніндегі жұмыс комиссиясына қосуды ұсынып отырмыз. Бұл – жұмысшылар үшін өте маңызды, сондықтан біз осы ұсынысымыздың Бас келісімге енгізілгенін қалаймыз», дейді О.Бекбас.
Әзірге энергетиктердің материалдық жағдайын жақсарту күн тәртібінен түспей тұр. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша 2023 жылдың екінші тоқсанында жалақының орташа мәні 2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 17,1 пайызға өсіп, 365 502 теңгені құраған. Оның үстіне энергетиктердің орташа жалақысы 304 712 теңге шамасында тоқтап, орташа республикалық жалақыдан 17 пайызға артта қалғаны бар. Бұл сол кезеңде жылу мен электр энергиясын өндіруші және таратушы кәсіпорындарда жалақы орта есеппен 20,6 пайызға көтерілген еді.
Осылайша, еліміздің салалық энергетиктер кәсіподағы өз ұсыныстарын жеткізді. Әрине, аталған жайдың жаңғырығында электр энергетикасы саласындағы қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделері қорғалуға тиіс.