Әділет министрлігі республикалық Жеке сот орындаушылар палатасымен бірлесіп, Тараз қаласында жеңілдетілген атқарушылық істі жүргізуді енгізу бойынша қанатқақты жобаны іске қосты.
Осыған дейін азаматтар салынған айыппұлды уақытында өтей алмаған жағдайда айыппұлдың 25 пайызға дейінгі сомасын жеке сот орындаушыға төлеуге міндетті болатын. Енді бұл қызметті робот тегін-ақ атқарады. Жаңа жобаның нәтижесінде ел азаматтары 2 млрд теңгеге жуық соманы үнемдей алады.
Жүйе алгоритмі келесідей тәртіппен жұмыс істейді: алдымен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 50 күн ішінде төленбеген әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл сомасын өндіріп алу туралы ұйғарым жібереді. Бұдан кейін робот 5 күнтізбелік күн ішінде талапты орындау қажеттігі туралы SMS хабарлама жөнелтеді. Үшінші қадам – айыппұл бойынша ерікті төлем болмаған жағдайда, жүйе жеке сот орындаушысына мәжбүрлеп орындауға атқару парағын ұсынады. Төртінші қадам – төлем уақтылы жүргізілсе, атқарушылық іс жүргізу артық шығынсыз тоқтатылады.
Жоба сәтті жүзеге асатын болса, оны тұтастай ел аумағына енгізу жоспарланып отыр.