Бір-екі жыл бұрын Маңғыстау даласынан қызыл қасқыр кезіккен еді. Биыл «Қызылсай» саябағының қызметкерлері бейнекамерасына Бейнеу ауданындағы Үстірттің Батыс шыңының солтүстік шетінде орналасқан «Манашы» жергілікті маңызы бар мемлекеттік кешенді табиғи қорығы аумағынан ақ қасқыр ілікті. Мұндай оқиға аймақта өте сирек кездесетіндіктен, желі арқылы жария болған жаңалыққа жұрт елең ете қалды.
– Азия барысының және өзге де жабайы жануарлардың фотосуреттері Қазақстандағы жабайы мысықтарды зерттеу және қорғау жөніндегі ұзақмерзімді халықаралық жобаны іске асыру мақсатында «Қызылсай» саябағы қызметкерлерінен алынған. Жоба 2023 жылдың мамыр айында National Geographic гранты мен Segré қорының қолдауымен және Conservation x Labs қатысуымен басталған. Жобаны іске асыруға қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы қатысады, – дейді Қазақстандағы жабайы мысықтарды зерттеу және қорғау жөніндегі жоба командасының қатысушысы Марк Пестов.
М.Пестов қасқырдың әртүрлі табиғи аймақтарда – арктикалық тундралардан тропикалық ормандар мен шөлді аймақтарда да өмір сүретінін атап өтті. Бүкіл диапазонда қасқырдың көптеген түрі бар. Олар түс ерекшеліктерімен және мөлшерімен ерекшеленеді.
– Мәселен, Еуразияның солтүстігінде арктикалық немесе тундра қасқыры өмір сүреді. Ол, әсіресе, үлкен көлемімен және терісінің ақ түсімен ерекшеленеді. Әдетте қасқырдың жүнінде сұр түс басым болады. Алайда аталған жануар генетикалық ерекшелігіне сай ақтан қызғылтқа, сұрдан қараға түсі өзгере алады. Мұндай өзгергіштік қасқырдың бүкіл диапазонында кездеседі. Бір тұқымды қасқырлар әртүрлі түсте болып тууы мүмкін. Яғни кәдімгі сұр қасқырларда кейде ақ, қызыл-сұр немесе қара түсті қасқырлар пайда болуы мүмкін. Бірақ бұл өте сирек кездеседі, – дейді сарапшы.
Маманның айтуынша, Қазақстанның бүкіл аумағында, оның ішінде Маңғыстау облысында қазіргі уақытта қасқырлардың жалғыз түрі – қарапайым қасқыр мекендейді. Шартты түрде елімізде қасқырдың 4 кіші түрі, оның ішінде батыс және Орталық Қазақстанда дала қасқыры кездеседі, алайда Қазақстанда қасқырдың нақты түрішілік жүйелілігі жеткілікті зерттелмеген.
– Ақ қасқырдың Маңғыстау облысының аумағында кездесуі кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында айтылғандай, аса қатыгездікпен ерекшеленетін қасқырлардың қандай да бір жаңа түрінің немесе кіші түрлерінің пайда болуын білдірмейді. Бұл – Қазақстан үшін қасқырдың ерекше түсінің пайда болуына әкелген гендердің сирек кездесетін үйлесімінің көрінісі ғана. Екі жыл бұрын Маңғыстау облысында «қызыл қасқырдың» кездескені жөнінде де айтуға болады. Нағыз қызыл қасқыр – орталық және Оңтүстік Азия тауларында тұратын ит тұқымдасының жеке түрі. Қазақстанда ХХ ғасырдың ортасына дейін Қызыл қасқырдың кездесуі тек Тянь-Шань тауларында ғана тіркелген. Қазіргі уақытта қасқырдың аталған түрі Қазақстан аумағында жоғалып кетті деп саналады. Әрине, Маңғыстау өңірінде де жоқ, – дейді М.Пестов.
Ол фотосуреттегі ақ қасқыр альбинос емес екенін баса айтты. Өйткені оның мұрны мен көздері әдеттегі түске ие (альбиноста олар қызғылт болады). Жүндері ақ түсті, бірақ альбиносқа жатпайтын мұндай дара қасқырларды ғалымдар лейцист деп атайды.
Бір қызығы, ақ қасқыр түскен камера тұзағына бір минуттан соң сұр түсті қасқыр ұсталған.
– Бұл жануарлардың бір ұядан шыққаны анық. Яғни аталған жағдай бір ұядағы қасқырлардың әртүрлі түсте кездесетінін дәлелдейді. Айтпақшы, назар аударсаңыз, екінші қасқырдың артқы және оң аяғы жоқ. Бұл – аңның қақпанға түскенінің белгісі. Қасқыр өмірін құтқару үшін табанын тістеп, қашып кете алады, – дейді маман.
Аяғы жоқ жануар жабайы аңды қуып жете алмайды. Сондықтан үй жануарларына шабуыл жасауға мәжбүр болады. Адамдар тұзақ құру арқылы жыртқышты өздері ызаландырып алады.
– Бұған дейін Маңғыстау облысында біз қарақұйрықтар мен уриалдардың суару шұңқырларына үлкен мөлшердегі тұзақтарды орнату фактілерімен бірнеше рет бетпе-бет келдік. Бұл, әдетте, «қасқырлармен күресу» деген сылтаумен жасалады. «Қасқырға» тұзақ орнатқан кезде басқа да ерекше қорғалатын «Қызыл кітап» жануарлары, мысалы, қарақал, бал қоңызы және бүркіт зардап шегуі мүмкін. Қазақстан аңшылары мен балықшылар қоғамының мамандары мен мүшелерінің қатысуымен, ең болмағанда, жыртқыштардың барыс, қар барысы, қарақал, сабаншы, барқыт мысық, түркістан сілеусіні, т.б. «Қызыл кітапқа» енген түрлері мекендейтін жерлерде үлкен мөлшердегі тұзақтарды пайдалануға толық тыйым салу қажет деп санаймыз, – деді М.Пестов.
Маңғыстау облысы