Сәтбай ата ұрпақтарының тағдыры теперішті. Қаныштың әкесі – Имантай заманында елге белгілі би, халық соты болғанын дәлелдейтін жәдігер-дерек Керекудің төрінде сақталып тұрғанын көпке дейін білмей келген екенбіз.
Қазақтың маңдайына біткен таутұлға Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантай кеңес әдебиетінде момын, ел арасында беделді адам ретінде ғана сипатталып келді. Бірақ ел арасында Имекеңнің тұлғасы, оның дау-дамайды шешуде әділетті қазы болғандығы туралы деректер жиі айтылған.
Жуықта Баянауылдың Мұса Шорман ауылынан ардагер педагог, өлкетанушы Қайриден Мұзафаров хабарласты. Ол Қаныш жайында біраз деректермен бөлісе келе, Имантайдың «халық судьясы», яғни би болғандығын, сонау бір жылдары ауылдағы музейден патша өкіметі сыйлаған арнайы белгіні облыстық соттың өкілдері алып кеткенін жеткізді. Қарияның нұсқауымен жедел түрде облыстық соттың музейіне барып, олжаның үстінен түстік. Музейдің қақ төрінде, алтын түстес, мойынға ілетін жуан алқасы бар «Народный судья» деген төсбелгі көзге оттай басылды. Төсбелгіде түйе мен айдың бейнелері кескінделген, бұл заманында Семей губерниясының таңбасы болған. Екінші бетінде «25 наурыз 1891 жыл» деп жазылыпты.
Бұл төсбелгіні 2017 жылы Баянауыл аудандық сотының төрағасы Дулат Салатов Теңдік (қазіргі Мұса Шорманов) ауылындағы музейде көзі шалып, облыстық соттың музей қорына алынуына ықпал еткен. Ол қазір Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы. Дулат Сақанұлына хабарласып, сөзге тартқанымызда былай деді:
«Қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың 1920 жылдың 23 маусымы мен 1921 жылдың 13 қарашасы аралығында Баянауылда сот болып істегенін екінің бірі біле бермейді. Бұл қызметке оны уездік ревком Павел Поздняк шақырған. Ревком Сәтбаевпен кездесуде ата-тегі туралы, халық арасындағы билердің, яғни ру ішіндегі судьялардың рөлі туралы айтып беруді өтінген. Қаныш ағаның әкесі Имантайдың ел арасында қара қылды қақ жаратын әділ би болғаны жөнінде сол тұстағы кеңес басшылары жақсы білген. Тарихи деректерге сүйенсек, Имантай Сәтбайұлы Павлодар уезі Ақкелін болысында 1887 жылдан бастап 14 жыл халық судьясы, яғни би болған. Патша өкіметі бекіткен қағидаға сәйкес, билер отбасы-неке, жер пайдалану мәселелерін және оларға қатысты қылмыстық жайттарды қараған. Ал арнайы төсбелгі 1891 жылдан бастап Ресейде, Шығыс халықтары үшін арнайы жасала бастаған. Кезінде мұндай төсбелгіні билер жуан алқамен мойындарына іліп жүрген. Төсбелгіні 2017 жылы мектеп музейінен көріп, аттай қалап сұратып алдық».
Төсбелгі жайында хабарлаған Қайриден Нұхұлына қайта хабарласып, Имантай Сәтбайұлына қатысты біраз тарихи мәліметке қанықтық. Ақсақалдың сөзінше, кезінде Сәтбай мен Шорман әулеттері қоныстас болыпты. Шормандардың Ақкелінде ашқан мектебіне бала Қаныш 7 шақырым жерден алғашқыда таймен, кейін Кербесті деген атымен келіп жүрген екен.
– Қаныштың үлкен шешесі Нұрым бәйбішеден Күнше есімді қызды дүниеге әкеліп, ол кішкентай кезінде шетінеп кеткен. Сәтбай жұрағатының тұяқсыз қалмауын ойлаған Имантай бірде сәби тілеп, Бұқар жыраудың басына қоныпты деген аңыз бар. Сонда түс көріпті. Түсінде екі жағында екі арыстан отыр екен. Бір сәт көкке аққу ұшып көтеріледі. Келесі күні бұл түсін Бұқар жыраудың немересі Құрымбай абызға жорытқанда: «Имеке, Алла қаласа, сен тағы үйленеді екенсің. Одан арыстандай екі ұл, бір қыз көресің. Тұңғышың қыз болады» депті. Айтқаны дәл келіп, Нұрым бәйбішенің ұсынысымен Имантай екінші рет отау көтеруге шешім қабылдайды. Сол заманда Мұстафа Шормановтың Қанапия деген ұлы қаржастың талас руынан шыққан Исаның 17 жастағы қызы Әлиманы айттырып алған ғой. Алайда Қанапия көп ұзамай ауыр науқастан көз жұмып, Әлима жесір қалған. Имантай соған құда түсіп, «Сәкен ағай» – Сәдуақас Шорманов елге беделді азаматтың ұсынысын қабыл алыпты. Содан Әлимадан ең әуелі Ғазиза деген қыз баланы көреді. Ғазизадан туған Кемел Ақышев кейін елге танымал мықты ғалым болғаны мәлім. Қаныштың ағасы Ғабдулғазиз одан кейін, 1894 жылы туған, – деп әңгімеледі Қайриден ақсақал.
Би өзінің кенже ұлы Ғабдулғани, яғни Қаныш туғанда құран мұқабасының ішкі жағына араб әріптерімен: «Доңыз жылында, яғни 1899 десек, наурыз айында, яғни 31-жұлдызында жаппар жаратушы Имантай деген құлына ұл берді. Нәрестесінің есімін Ғабдул-Ғани деп қойдық» деп жазған екен.
Имантай Сәтбайұлының өзі Баянауылда 1845 жылы, Абаймен бір жылда туған. 1862 жылы Омбыдағы Әбдірахим медресесінде оқыған, араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін меңгерген. Бұқар жыраудың біраз өлеңі хатқа түсірілуіне ықпал еткен. Шәмшиябану Сәтбаеваның «Сәулелі әулет» кітабында жазылғандай, би 1896-1902 жылы Қазақстанның 12 уезін зерттеуге шыққан экспедицияға материал жинауға көмектескен. Құрымбай абыздан Бұқар жыраудың жырларын жазып алып, Мұса Шорманов арқылы Г.Потанинге жеткізген. Сол нұсқа кейін Санкт-Петербургтегі Шығыстану институтының архивінде сақталып қалған. Әлкей Марғұлан осы архивтен Имантайға жазылған хатты және Бұқар жыраудың өлеңін тауып, Ш.Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағында жариялайды.
– Имантайдың өте әділ би болғанын көнекөз қариялар бертінге дейін айтып жүрді. Менің әкемнің немере ағасы Қамыш Сқақовтың айтуынша, Павлодар уезіндегі билер сайлауы қазіргі Павлодар облысының Ақсу қаласы тұрған жерде өткізілген. Имантай алғашқы сайлауда әділетсіз жеңді деп бай-бағландар шулаған соң, сайлау екінші рет өткізіліп, Сәтбайұлы тағы көпшіліктің басым дауысын иеленеді. Ол заманда теріден жасалған үлкен шар пішіндес ыдысқа әркім тас салып, дауыс береді екен. Халық кейін оның әділетті би екеніне көздері жетіп, қатарынан бірнеше мәрте сайлаған, – дейді баянауылдық өлкетанушы.
Академик Арықтай Қайыпов «Заман елшісі» естелігінде Имантай ақсақалды көргені жөнінде былай жазады: «1926 жылдың жазында Тұзащыда отырғанда Имекең (Қаныштың әкесі) бастаған жиырмадан астам салт атты қонақ біздің ауылға келіп түстенгені әлі көз алдымда. Ескіден келе жатқан қазақтың дәстүрі бойынша, қонақтар Әбдінің «қарашаңырағы» деп біздің үйге түсті. Әбді – біздің бесінші атамыз. Қонақтардың ішінде Қаныш, оның ағасы Ғазиз болды. Имекең – ұзын бойлы, ат жақты, қыр мұрын, селдір шоқша сақалы бар, өткір қой көзді, қара торы, келбетті кісі, ал Қаныш та ұзын бойлы, талдырмаш, кең маңдайлы, бұйралау шашты, «орысша» киінген аққұба жігіт екені көз алдымызда. «Сібірдің бір үлкен қаласында көп жыл оқып, ірі маман инженер болып келген Имантайдың Қанышын көрелік» деп, көрші отырған ауылдардан келгендер де аз болмады».
Ал ғалым Евней Бөкетов «Сөнбес жұлдыз» мақаласында Қаныш әкесінің 56 жасында дүниеге келгенін, әкесі маңдайы кере қарыс Қанышқа көп көңіл бөлгенін жазады. «Академик Сәтбаев Имантайды ақылды қарт деп бекерге атамаған. Академик Әлкей Марғұлан Сәтбай ауылында студент, аспирант шағында талай болған көрінеді. Сол кісінің айтуы бойынша, қартайса да бұрынғы сымбаттылығынан айрылмаған Имантай қарт өте көп біледі екен. Ақсақал өз елінің тарихын, қазақтың ауыз әдебиетін, ақындардың көптеген шығармаларын, түркі нәсілдес тілдегі шығыс әдебиетін көп білетіндігі сондай, тіпті сағаттар бойы ешбір жалықпай тыңдауға болатын. Имантай ақсақал өз төңірегінде аса сауатты адамдардың бірі болып есептелген. Академик Әлкей Марғұланның айтуынша, бұл кісі Омбыдағы Азия мектебінде оқыса керек. Орыс тілінде де азды-көпті сауаты бар ақсақал өткен ғасырдың аяқ кезінде елдегі бүкілроссиялық халық санағы ісіне белсене кірісіпті. Оның үстіне Имекең орыстың географиялық қоғамының корреспондент-мүшесі болып, халықтың ауыз әдебиеті шығармаларын жазып алып жіберіп тұрған. Имекеңнің осы еңбектерін Шоқан Уәлихановтың атақты досы Н.Г.Потанин көп пайдаланған» делінген естелік мақалада.
Қаныш Имантайұлын ерекше зерттеген қаламгердің бірі Медеу Сәрсеке «Сәтбаев» кітабында: «Шақтап ұстаса, ел арасындағы дау-дамайға билік айтқан сайын өз жөнін, құлқын қамын ұмытпаса – бөлек ауыл шыққаннан бергі он шақты жылда қолындағы дәулет қаншаға жетер еді? Алайда Имантай би парамен мал жиып, шіріген бай болуды ту бастан тәрк етті: алдында жүгініске келген даугерлерге әділ төрелік айтып, тура қазы болуды мақсұт көрді... Сондықтан да шығар, Имантай қаржастың мың айдаған байы болмай, қолы ашық, сері көңілді, аузы дуалы, билігі баянды әділ азаматы атануы... Оның билік қадірі уысында отырған екі ауылмен ғана шектелмейді, бірауыз сәлемін ат шаптырым төңіректегі қаржас, бабас отырғанда, тіпті жалпақ сүйіндік те, қала берді бүкіл Ақкелін болысында екі айтқызбай орындау – рәсімге айналған үлгі» деп келтіреді.
Жоғарыда Шоқан Уәлиханов пен Имекең бірін-бірі жақсы білген дедік қой. Қайриден Нұхұлының дерегінше, Шоқан Алтынемелде дүниеден өткенде Мұса Шорманов 20 жастағы Имантайды жұмсайды. «Шормановтың өтініші бойынша Имекең Баянауылдан арнайы шығып, Алтынемелге жерленген Шоқанның басына апарып тас орнатады. Сол тас болмаса, қазақтың тарихи тұлғасының жерленген жерін білмей қалар ма едік... Шорман әулеті Сәтбаевтарды ерекше қадірлеген, олардың біліміне тәнті болған. Ел ішіндегі маңызды істердің көбін Имантайға сеніп тапсыруы содан болса керек», дейді ақсақал.
Имантай Сәтбайұлының өмірден өтуі кеңес өкіметінің ызғарлы саясатының күшейе түсуіне парапар келді. Бидің бұған дейін ауқаттылар тізімінде болғанын ескерген НКВД адамдары оны жиі-жиі тергей бастаған. 1928 жылы қария қазіргі Қарағанды облысының Ақжар деп аталатын жердегі медресеге барады. Онда Жыржыс есімді атағы елге жайылған қожа болыпты. Кезінде Қаныш сауат ашқан Жұмаш молда осы медреседе білім алған. НКВД жендеттері осы медресеге 83 жастағы Имекеңді іздеп келіп, өзімен бірге жүруді бұйырады. Сонда қария намаз оқып алуға мұрсат сұрайды. Жаратқаннан абақтыда өлтіре көрме деп жалбарынған қарт бидің тілегі қабыл болды ма екен, жайнамаз үстінде өмірден өтіп кетіпті.
– Сәтбаевтар әулетінің тағдыры трагедияға толы. Қаныштың ағасы Ғабдулғазиз (Ғазиз) кеңестік саясаттың салдарынан Омбыда жүрген жерінен тұтқындалып, жаламен атылды. Ол қазақтың көзі ашық, оқыған азаматының бірі болған. Ал Сәтбай атаның төрт ұлының бірінен туған Әбікей Зейінұлы Фрунзеде өлтірілді. Тағы бір немере ағасы Әбдікәрім Жәмінұлы жалған жаламен Қарағандыда ұсталып, ол да құрбан болды. Имантай бидің қыстауы Айрық деп аталатын жерде. Әкесі қайтыс болған соң Қаныш ауылға түнделетіп келіп, біраз затты өзімен әкеткен. Имантайдың әлгі қыстауы кейін бұзылды. Сонда ауыл адамдарының бірі мына алқаны тауып алыпты. Бидің өте ақылды, парасатты адам болғанын естіген әлгі азамат төсбелгіні ырымдап, үйдегі сәбиінің бесігіне іліп қойған. Теңдік мектебінде Қаныш Сәтбаевтың музейі ашылғанда сонда берген ғой. Бұ төсбелгінің тарихы осындай, – деп тәмамдады әңгімесін Қайриден Нұхұлы.
Павлодар облысы