Биыл ұлт руханиятының шамшырағы «Қазақ әдебиеті» газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толды. Соған орай Ұлттық академиялық кітапханада «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Мәдени іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырды.
Ұлт айнасына айналған басылымның тоқсан жылдық торқалы тойы Алматыдан бастау алғаны белгілі. Оған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Газет ұжымына Президенттің арнайы сыйлығы ретінде автокөлік кілтін табыс етті. Енді, міне, осы мазмұнды іс-шара елордада жалғасын тауып отыр.
Жиын тізгінін ұстаған жоғарыда аталған филиал директоры, белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы алдымен 1934 жылы 10 қаңтарда тұңғыш саны жарық көрген «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихына қысқаша шолу жасады. Алғашқы редактор Ғабит Мүсіреповтен бастап, сол тұста редакцияның алқа мүшелері болған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхамеджан Қаратаев секілді қаншама тұғырлы тұлғаның қолтаңбасы қалған басылымның күні бүгінге дейін руханиятымыздың шырақшысы, тамыршысы болып келе жатқанын атап өтті.
Дөңгелек үстелде әдеби газеттің мерейтойы ғана сөз болған жоқ, сонымен бірге ұлт баспасөзінің қазіргі жағдайы, хал-ахуалы туралы да ой-пікірлер айтылды.
«Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы халқымыздың тұтастығы мен бірлігіне қызмет етіп келе жатқан басылымды тоқсан жылдығымен құттықтап, ұлт баспасөзінің бүгінгі кезеңіне кеңірек тоқталды.
– Ұлттық мерзімді басылымдар қашаннан халқымызға қатысты көкейкесті мәселелерді қозғап, оны билікке жеткізетін алтын көпір. Алайда, қазір ұлт баспасөзі қиын сынды бастан кешіріп отыр. Бұрын кітап, газет-журнал оқитын оқырманы көп елміз деп мақтанушы едік. Қазір олай айта алмаймыз. Бұған 90-жылдардан бері жалғасып келе жатқан қиындықтың әсері бар. Бір кездері қоғам қалай жаңғырады, инновациялық тың жаңалықтарға қалай аяқ басамыз дегенде, бізде дәстүрлі классикалық бағыт емес, технократтық ойлау басым болды. Біздіңше, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Қазақ газеттері» құрамына енетін «Ана тілі» газеті еліміздегі бастауыштан бастап жоғары мектепке дейінгі филолог ұстаздардың оқу-әдістемелік кешені тізіміне кіруі керек. Сонда ғана руханият басылымдары дәйекті, жүйелі таралады. Әр мұғалім мен оқытушының біліктілік деңгейін арттырып, қоғамға қызмет етеді, – деді серіктестік басшысы.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып онлайн байланыс арқылы әдеби басылымның бас шаһар төрінде өтіп отырған мерейтойлық жиынына ризашылығын білдіріп, оны ұйымдастырушыларға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма хатшылығы атынан алғысын айтты.
«Қазақ әдебиетінің» тоқсан жылдық тарихында, газеттің іргетасын қалаған Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Ғабит секілді айтулы тұлғалардың жарқын жолы бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Өткен жолы Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдік, Оралхан Бөкей ағаларымыз басылымға басшылық жасаған жылдардың тігіндісін қарасам, сол тұста газет небір елдік мәселелерді тереңнен қозғапты. Ұлтымыздың тұтастығы дейсіз бе, тәуелсіздік туралы дейсіз бе, тіл саясаты дейсіз бе, қоғамды жаңғырту жолдары дейсіз бе, Алаш зиялылары дейсіз бе, қысқасы, халқымызға қатысты барлық маңызды мәселе қамтылған. Біз сол кездерді ұмытпаймыз. Басылым әлі сол ұстанымынан тайған жоқ. Ұлт сөзін сөйлейді. «Қазақ әдебиетінің» мерейтойы Алматыдағы бірнеше кітапхана мен мектепте аталып өтілді. Биыл әдеби басылыммен бірге Қазақстан Жазушылар одағына да 90 жыл толады. Сондықтан қос мерейтойды кең көлемде атап өтпекпіз. Астанада Қазақстан Жазушылар одағының 200-ге тарта мүшесі тұрады. Бас шаһарда жас ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған көшпелі пленум өтеді. Осындай іс-шара Атырау мен Түркістанда жалғасады. Мерейтойды Алматыда ауқымды жиынмен қорытындылаймыз», деді айтулы ақын.
Одан кейін сөз алған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров әдеби газетте жарық көрген бір мақалаға қатысты оқиғаны әңгімеледі.
«1991 жылы тәуелсіздік алдық. Өте қиын кезең еді. Елімізде әр түрлі жағдайлар болып жатты. Мен сол кезде Президент аппаратының Ішкі саясат бөлімінде қызмет істеймін. Бөлім меңгерушісі – Алтынбек Сәрсенбаев, оның бірінші орынбасары – Сауытбек Абдрахманов. Бөлімде бас-аяғы 6 қызметкерміз. Бір күні «Қазақ әдебиетінде» осы газеттің тілшісі Досымхан Қапасовтың «Астананы Ақмолаға көшірсек» атты мақаласы жарық көрді. Бұған біраз адам қарсылық көрсетті. Қарсы мақала да жазылды. Оралхан Бөкей – басылымның бас редакторы. Содан ол кісіні Сәукең кеңсеге шақырып, сөйлеседі. Ол бұлталақтап түк жауап бермеген. Сөйтсек, сол тұстағы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияға ресми сапармен ұшып бара жатқанда, өзімен бірге шыққан Орағаңды жанына шақырып алып, «Қазақ әдебиеті» қоғамдық-саяси емес, ұлттық басылым ғой, астананы Ақмолаға көшіру туралы мақала жариялап, барлау жасап көрсеңдер қайтеді» деп айтыпты. Міне, елорданы көшіру идеясы осы әдеби басылымнан басталған. Сондықтан газеттің тоқсан жылдығы құтты болсын!», деп ізгі лебізін білдірді.
Кеңес дәуірінің қаһарынан ықпай ұлтымызды оятуды мұрат тұтқан газет жұмысы 1940 жылдан 1955 жылға дейінгі аралықта түрлі себеппен тоқтап қалған. Содан араға он бес жыл үзіліс салып, 1955 жылы 14 қаңтардан бастап, қайта жарық көрді. Бас редакторлыққа көрнекті ақын Сырбай Мәуленов тағайындалды. 1956 жылы басылым бетінде ұлттық мәселелер көтерілді. Сол жылдары жарияланған белгілі ғалым Рахманқұл Бердібайдың ана тіліміз туралы «Ең үлкен байлық» атты мақаласы оқырмандарды дүр сілкіндірді. Кейін осы материалы үшін автор жұмыстан қуылды. Бас редактор жазаға тартылды.
Осы тарапта сөз қозғаған шоқантанушы қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы дөңгелек үстел тақырыбының өзі «Қазақ әдебиеті» газетінің барлық болмысын ашып тұрғанын баяндады.
«80-жылдардың басында басылымға Шерхан Мұртаза бас редактор болып келді. Сол кезде газеттің беделі қайта өсіп, деңгейі көтерілді. Ұлт санасын сілкіндіретін мақалалар жарық көрді. Халықтың рухын оятты. Соның бәрі біртіндеп тәуелсіздікке алып келді. Сол кезде газет таралымы жоғары болатын. Қарымды қаламгерлер қызмет істеді. Қазір таралым азаюының бір себебі – ауылдағы ағайындардың көбі қалаға қоныс аударды. Олардың денінде үй-күй жоқ, мекен жай жоқ. Бір жағынан, таралым азайды деп қапаланудың реті жоқ. Болашақта газет-журналды электрондық нұсқада оқуымыз мүмкін. Мәселен, газет сайтында жарық көрген мақаланың қаралымын есепке алуға болады», деді Ж. Бейсенбайұлы.
Сондай-ақ басқосуда жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, танымал қаламгерлер Қуаныш Жиенбай, Баянғали Әлімжанов, Ораз Қауғабай, көрнекті жазушы Сәкен Жүнісовтің қарындасы Роза Жүнісова сөз алып, әдеби басылым туралы сағынышқа толы жылы естеліктерімен бөлісті. Ақын Сұраған Рахметұлы «Қазақ әдебиеті» газетін сонау 60-жылдардан бері шетелдегі қандастар қызығып оқитынын айта келіп, қазіргі «Қазпошта» мекемесінің оны сырттағы жазылған ағайындарға Еуропалық стандартпен жеткізіп беретін мүмкіндігі бар екенін жеткізді.