Жылыжай шаруашылығы дамыған еліміздегі ең ірі өңір – Түркістан облысында аумағы 1 640 гектарлық 3 366 жылыжай бар. Алайда осыншама жылыжайда өндірілетін өнім бағасы өңір тұрғындарының көңілін көншітпейді. Қарапайым тұтынушы түсінігінде жылыжай көбейген сайын, бәсекелестік бәсі өсіп, өнім арзандауға тиіс. Бүгінде қызанақ пен қиярды жылыжайы көп өңір тұрғындарының дастарқанынан сирек көресіз. Өйткені бағасы қарапайым халық үшін қымбат. Неге?
Тура бір жыл бұрын, яғни былтыр қаңтар айының екінші онкүндігінен бастап, ауа райының күрт суып, қардың қалың түсуі жылыжай шаруашылықтарының қысқа дайындығы тиісті деңгейде болмағанын аңғартты. Яғни жылыжайлар қажетті көмір қорын қалыптастырмағандықтан, қатаң қыс мезгіліне дайын болмай шықты. Жылыжайлардың 94%-ы фермерлік қолдан жасалған жеңіл конструкциялы болғандықтан, 167 тауар өндірушінің 36 гектар жылыжайы қар салмағын көтере алмай, жарамсыз күйге түсті. Осыған орай, облыс әкімдігінің үйлестіруімен шұғыл іс-шаралар атқарылып, көмірмен жылытылатын 591,0 гектар жылыжайға, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы арқылы 186,7 мың тонна көмір жеткізіліп, жағдай тұрақтандырылған еді.
Міне сол қаңтардағы қиындықтар кезінде шығынға батқан шаруалар Үкіметтен көмек сұрап, алдағы уақытта жылыжай өнімдерінің қымбаттайтынын да айтқан-ды. Осы жайттан хабардар өңір тұрғындары кей көкөніс бағасының өсуін былтырғы қиындықпен де байланыстырады.
Жылыжайдың жайын айтып, былтыр жыл басында және одан кейін де Сенат, Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысына депутаттық сауалдар жолдады. Күзге дейін көп нәрсе өзгермеді-ау деймін, былтыр қарашада Түркістан облысына сапарлап қайтқан Мәжіліс депутаттары Премьер-министрдің назарын тағы да жылыжай мәселесіне аударды. Депутаттық сауал жолдап, саланың әбден құлдырағанын айтты. «Соңғы екі жылда жылыжай саласы құрдымға кетіп барады. Шаруалар жылыжайларын бұзып, қаңқасын темір-терсекке өткізіп жатыр. Себебі қордаланған мәселелерін шешуде Үкімет тек уәде берумен шектеліп отыр. Аграрлық несиелік корпорация тарапынан фермерлік жылыжайларды арнайы жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы әзірленбеген. Шаруалар кәсібін жүргізуге микроқаржы ұйымдарынан 45%-бен несие алуға мәжбүр. Осы уақытта шаруалардың жартысы несиесін жаба алмай банкроттық жағдайға жетті. Мысалы, қысқы уақытта жұмысты жүргізу үшін түркістандық жылыжайшыларға 450 мың тонна көмір керек. Облыс әкімшілігі мен Энергетика министрлігінің көмір кеншілерімен арзандатылған бағамен көмір алуға келіскен лимиті 150 мың тоннадан аспайды. Ол да жеткізу шығындарын, делдалдардың қосатын бағасын есептегенде тоннасына 25 мың теңгеге шығады (былтырғы баға – 17,6 мың теңге). Шаруаларды тығырыққа тіреп отырған ең басты мәселе – маусымдық импорт. Былтырдан бері шаруалар Түрікменстан мен Өзбекстаннан демпингтік бағамен қызанақ пен қияр кіріп жатқанда дабыл қағып, Үкіметтен шара қолдануды сұрады. Алайда еститін құлақ болмады. Биылдан бастап біздің жылыжайшылар қызанақ өсіруді қойды, себебі шығынын ақтамады. Ал нәтижесін қазір көріп отырмыз. Дәл қазір базарға барсаңыз килосы 1000 теңгеден төмен қызанақ таппайсыз. Ал Жаңа жылда үстелдеріңізге қызанақ пен қиярды еттің бағасымен сатып алып қоюға дайын отырыңыздар», деді депутат А.Ходжаназаров өз сауалында. Расында да биылғы қаңтарда қызанақтың бағасы 1000-1200 теңге болып тұр. Осы орайда депутаттар өз ұсыныстарын да жеткізген болатын.
Үкімет басшысы Ә.Смайылов Түркістан облысындағы жылыжай шаруашылықтарының проблемалық мәселелеріне қатысты депутаттық сауалға желтоқсанда берген жауабында жылыжай аумақтары 233 гектарға азайғанын мәлім етті. Өткен жылы өсімдік шаруашылығы саласын, оның ішінде жабық топырақта өсіруді дамытуға барлығы 125,7 млрд теңге бөлінген. Бұдан басқа, инвестициялық субсидиялар шеңберінде жылыжай кешендерін салу және кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру кезіндегі шығындарды өтеу көзделген. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі өтеу үлесін 25%-дан 30%-ға дейін ұлғайту жұмысын жүргізді. «Отандық жылыжай шаруашылықтары Өзбекстан мен Түрікменстанның көкөніс өндірушілері тарапынан демпингке ұшырауда. Аталған елдерде өндірістің өзіндік құны климаттық жағдайларға, жұмыс күшінің, электр энергиясының, газдың арзандығына байланысты әлдеқайда төмен. Бұл ретте көрші елдерден жеміс-көкөніс өнімдерін әкелуге шектеулер белгілеу және маусымдық кезеңдерде кедендік баждардың ұлғаюы ішкі нарықтағы бағаның өсуіне, сондай-ақ маусымаралық кезеңде осы өнімдердің тапшылығына алып келуі мүмкін» делінген Премьер-министрдің жауабында. Ал көмір құнын арзандатуға қатысты Үкімет басшысы жылыжай шаруашылықтарының қауымдастығы мен «Шұбаркөл көмір» АҚ арасында 2024 жылғы қаңтардан бастап ай сайын 12,5 мың тоннадан 150 мың тонна көлемінде көмір жеткізуге арналған коммерциялық шарт жасалғанын жеткізген. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығын субсидиялау қағидаларының талаптарына сәйкес Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктері өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайлар үшін ағымдағы жылы арналған субсидиялардың көлемі мен нормативтерін бекітті. Өнеркәсіптік жылыжайлар үшін норматив – гектарына 8,1 млн теңге, фермерлер үшін – гектарына 4,8 млн теңге. Былтыр субсидиялауға Шымкент қаласы бойынша – 767 млн теңге, Түркістан облысы бойынша – 500 млн теңге көзделген. Премьер-министрдің жауабына қарағанда, аталған тетік биылдан бастап еліміздің барлық өңірінде таратылады.
Яғни Үкімет тарапынан қолдау көрсетілуде. Оны жылыжай иелері де растап отыр. Мысалы, Сарыағаш ауданындағы «Исламбек» шаруа қожалығының төрағасы Акрамбек Умаров көмірмен қамтамасыз етуде, субсидия беру бойынша жақсы қолдау көрсетілгенін айтты. «Біздің жылыжайдың аумағы – 1,9 гектар, 550 тонна көмір жағамыз. Мемлекеттік қолдау шеңберінде 350 тонна көмір алдық. Бұл да – үлкен көмек. Сондай-ақ фермерлер үшін гектарына берілетін 4,8 млн теңгенің жартысын алдық, қалғаны ақпанда қолға тиетіні айтылды. Жалпы бұрынғыдай емес, мемлекет тарапынан, облыстық әкімдік тарапынан қазір жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Ендігі үмітіміз көрші мемлекеттерден, яғни Түрікменстан, Өзбекстаннан кіретін тауарларға тосқауыл қойылса, дұрыс болар еді. Оларда өнімнің өзіндік құны арзан, бұл жағынан біз бәсекелесе алмаймыз. Өйткені электр қуаты, көмір бағасы қымбат, яғни жұмсалатын шығын көп. Осыдан он жыл бұрын қызанақты келісіне 500 теңгеден беретінбіз, сол бағаны өсірген жоқпыз. Керісінше жұмысшыларға төленетін еңбекақы, электр қуатына, көмірге жұмсалатын шығын өсті. Мысалы, көмір 23 мың теңге, электр қуаты 42 теңге, өткен айда электр қуатына 526 мың теңге төледім. Жылыжай жабындысын, яғни пленканы ауыстыруым керек. Жұмыс күшін жергілікті азаматтардан іздестірдім, олар 1 млн 250 мың теңге сұрады. Амал жоқ көрші елден 700 мың теңгеге жұмысшы жалдауға тура келеді. Міне осы сынды шығындар өнімнің өзіндік құнын арзандатуға мүмкіндік бермейді. Яғни мысалы қызанақ арзандамайды. Былтыр 110 тонна өнім алдық, бірақ өз шығынын өтемеді. Біз негізінен «оптовиктерге» өткіземіз. Нәпақаны осы жылыжайдан тауып отырған соң, ізденеміз, көрші елдердегі жағдайды зерттейміз. Мысалы, көрші өзбек елінде отандық өнімді қолдау бағытында жақсы жұмыстар қолға алынған. Заң тұрғысынан да. Олар сырттан келген транзиттік тауарларды шекарадан шыққанынша қатаң қадағалайды, яғни тоқтатпайды», дейді Акрамбек Умаров.
Өткен жылдың қорытындысымен облыстағы жылыжай шаруашылықтарынан 140,0 мың тонна өнім жиналды. Бұл маусым аралық кезеңде (қазан-наурыз) ел халқы қажеттілігінің 42 пайызын қамтамасыз етеді. Облыстағы жылыжайларда биыл 681,5 гектарға – қияр, 792,8 гектарға – қызанақ, 154,6 гектарға – болгар бұрышы, қырыққабат, құлпынай сынды басқа да дақылдар және 4,4 гектарға көшет, 3,6 гектарға лимон, 3,1 гектарға гүл егілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жылыжай шаруашылығымен айналысатын азаматтармен кездесулер өткізіп, жүйелі шешімдер қабылданды. Жылыжай шаруашылықтарын қолдау бойынша облыстық бюджеттен 565 млн теңгеге 100-ден астам шаруаға субсидия төленді. Қазіргі таңда, 2024 жылдың бірінші айналымына көшет отырғызу жұмыстары атқарылуда. Бүгінде жылыжай шаруашылықтары нарықтан 97,6 мың тонна көмір отынын сатып алып, пайдалануда.
Айта кетелік, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде баға индексі 100,6% болып, облыс бағаны тұрақтандыру бойынша өңірлер арасында 2 орынға шықты. Биыл азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында қажетті қор жасақталған. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, көкөніс өнімдері бойынша есептелген қажеттілік 6 376 тонна болса, шаруалармен жасалған келісімшарттар – 10 136 тонна. Жинақталған қор тұрғындардың тұтыну қажеттілігін 159%-ға қамтамасыз етуге жетеді. Өңірде күріш, қант, қарақұмық, күнбағыс майы және ұн бойынша қор жеткілікті. Нан және ұн бағасы тұрақты. Арзандатылған бидайдан жасалған ұн наубайханаларға төмен бағада босатылып, нан әлеуметтік дүкендерде 85-90 теңгеден сатылуда. Жалпы, тұрақтандыру қорында 32 мың тонна қор бар. Түркістан және Кентау қалаларында 30 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Қосымша 20 әлеуметтік дүкенді іске қосу, сонымен қатар барлық аудан және қала орталықтарынан 2 әлеуметтік дүкеннен орналастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ондағы азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан орташа есеппен 20-30% төмен сатылуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, картоп, қырыққабат, пияз өсіруге бөлінетін субсидия көлемі еселеп артқан. Өңірге 7763,2 тонна бидай жеткізілген.
Түркістан облысы