• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қаңтар, 2024

«Иорданиядан да ұрлайтын болдық». Сазгер өнердегі жиендік турасында айтты

489 рет
көрсетілді

Эстрада өкілдері өзге елдің әнін қазақша орындауды жолға қойып алғаны белгілі. Орталық Азия елдері, оның ішінде Өзбекстан мен Қырғызстан сазгерлерінің туындысын қазақша сайрату сәнге айналған. Эстрада әншілері Иордания сазгерлеріне де жиендік жасауды ар санамайтын көрінеді.

Отандық әншілердің тамаша туындыларды құрлық асырып әкеп орындап жүргенін білеміз. Десе де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнер зерттеушісі, сазгер Жанғали Жүзбаев өз құндылығымызды дәріптеу міндет екенін айтты.

«Биыл күзде Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Осынау дақпырты басым додада біз той тойлауды ғана емес, ұлттық спортымызбен қатар өнерімізді де дәріптей білуіміз керек. Мәдениетіміздің ұстынын танытып, түркі әлемінде өнеріміздің салтанатын көрсететін мүмкіндік екенін естен шығармаған жөн. Шетелден келетін қонақтардың алдында өткізетін концерттік шараны да ұлттық құндылыққа қарай икемдеген абзал. Оны айтқаным,  бізде кейде бір келеңсіздік орын алады. Ауқымы кең концерттік іс-шара өткізіп, алыс-жақын шетелден де өнерпаздар қатысқан  думанда әншілеріміз шырқаған  туындысын тыңдағанда ұялып та қаламыз. Өйткені бүгінгі эстрада сахнасында ән шырқап жүрген әншілердің  көпшілігі қырғыз, өзбек, қарақалпақ, армян халқының әндерін алады да, қазақшалап орындайды. Парсы мәдениетіне де қол салдық, тіпті, Иорданиядан да ән алдық. Әрі осындай кірме туындылардың насихаты сұрапыл: телеарнадан да көрсетіп, радиодан да таратады», деді Ж.Жүзбаев. Өнер зерттеушісі елімізде зияткерлік меншіктің тәртібі жиі бұзылатындықтан да шетелдік сазгерлер әншілерге жиі шағым айтатынын жеткізді.