• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қаңтар, 2024

Қазақ балаларын Африка елдеріне берген жоқпыз, бермейміз де - СІМ өкілі

166 рет
көрсетілді

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Сенат депутаты Дархан Қыдырәлінің шетелдіктер асырап алған қазақ балалары туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еске салайық, бұған дейін сенатор Оңтүстік Африкадағы 30 баламен, АҚШ-тағы 104 баламен, Белгиядағы 113 баламен байланыс үзілгенін айтып дабыл қаққан еді.

Айбек Смадияровтың айтуынша, қазақ балаларын асырап алған шетел азаматтары міндетті түрде консулға есеп беріп тұруы керек.

«Ең алдымен шетелдіктер асырап алған бала 18 жасқа дейін Қазақстан азаматы болып саналатынын айта кеткім келеді. Біздің шетелдегі консулдар арнайы бағдарлама бойынша олардың жағдайын бақылап тұрады. Керек кезде көмектеседі. Бірақ 18 жасқа толғаннан кейін бала қай елдің азаматтығын алатынын өзі шешеді. Ол 18 жасқа толғанға дейін сол елдің азаматтығын алса, біз ешқандай әрекет жасай алмаймыз», деп түсіндірді спикер ведомство алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Осы тұста СІМ өкілі сенатордың «Шетелдіктер асырап алған балалар туралы ақпарат жоқ» деген сөзін жоққа шығарды.

«Біз шетелдіктер асырап алған барлық бала бойынша ақпаратты түгендейміз. Кейбір кезде олар бір мекенжайдан басқа мекенжайға көшуі мүмкін. Мұндай жағдайда ақпарат болмай қалуы мүмкін. Сондай-ақ «Қазақ балаларын экзотикалық елдерге алып кетті» деген ақпаратты да естідім. Бұл да шындыққа жанаспайды. Себебі, Қазақстанда 1990 жылдары балаларды тек Батыс елдерінің өкілдеріне беретін талап болған. Батыс елдерінің азаматтары сол елде дипломат болып жұмыс істеуі мүмкін. Олар асырап алған. Ондай елдерге біз балаларды бермейміз. Қазір 18 жасқа толмаған 1 993 бала консулдық есепте тұр. Тағы да айтамын, біз Африка елдеріне балаларды берген жоқпыз. Ақпарат шындыққа жанаспайды», деп қорытындылады Айбек Смадияров.