Текелі тауларының баурайында «Ұлы дала дүбірі: саятшылар сайысы» ұлттық ойыны өтті. V дүниежүзілік көшпелілер додасы аясында қолға алған мәдени іс-шара рухымызды асқақтатты. Саятшылықты серік еткен серілер дала төсін дүбірге бөлеп, құс ұшырып, тазы жүгіртті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Дүниежүзілік көшпелілер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпелілер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз» деген еді. Осы мақсатта Жетісу төрінде байырғы баба дәстүрі қайта жаңғырды.
Көпке аян, биыл Астанада этникалық спорт түрлерінен өтетін дүниежүзілік көшпелілер ойындарына жүзден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатыспақ. Онда ат спорты, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, жамбы ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, арқан тарту сынды ойынның 20 түрінен жарыс ұйымдастырылады.
«Саятшылық өнердің сән-салтанаты, делебені қоздыратын өзгеше қасиетімен бірге тылсым құпиясы да жетерлік. Соған құмартып, саятшылар сайысын тамашалауға жиналған көпшіліктің көңіл күйі шалқып-тасып, бабында тұрған жүйрік ат, құмай тазы, қыран құстар көз қуантады. Арнайы көрме ұйымдастырылып, ер-тоқым, жүген, ноқта, айыл, кұйысқан, өмілдірік, қамшы секілді ат әбзелдері мен томаға, тұғыр, балақбау, іргебау, биялай секілді құс әбзелдері назарға ұсынылды. Бұл – ғажап дүние», дейді облыстық «Жетісу саятшылары» ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Бүркітбай Файзолла.
Сайыс басында Текелі қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертай Дүйсебаев бата беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ осы игілікті іске ұйытқы болған жандарға алғыс айтты.
Қыран құстың тілін тапқан құсбегілер қалалық сайысқа 6 бүркіт әкеліпті. Олар қолға шақыру, шырға тарту, қоян және түлкіге салу кезеңдерінде қырағылығы мен бабын көрсетті. Сайыс қорытындысында Ерке атты бүркітімен Әзен Шәймарданұлы топ жарды. Одан кейін Ақжелке атты бүркітімен Түсей Әбдікәрімұлы оза шапты. Ал үшінші орынды Айқабақ атты бүркітімен Жасұлан Бүркітбайұлы иеленді.
Құмай тазылар жарысында Текелі қаласы және іргелес жатқан Сырымбет, Жетісу ауылдарынан 14 тазы бақ сынады. Қадырхан Әділбековтің «Ұшары» жеңімпаз атанса, екінші орынды Бексұлтан Наухановтың «Қыраны» қанжығалады. Үшінші тұғырдан Керілбек Баянның «Ақтөсі» көрінді.
Сайыс соңында қала әкімі Алмас Әділ мен қалалық мәслихат төрағасы Бауыржан Тұғылбаев жүлдегерлерін құттықтап, арнайы диплом мен ақшалай сый-сияпат табыс етті.
Жетісу облысы