Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданына қарасты Бисен ауылында су жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа ғимарат «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған.
Ауылдағы мәдениет үйінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Қайыпов пен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сайран Дүйсентегі арнайы келді.
– Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту үшін мемлекет тарапынан іргелі бағдарламалар қолға алынып отыр. Бір ғана біздің Батыс Қазақстан облысында 2023 жылы 17 мектептің құрылысы аяқталды. Осы ауданның өзінде бірнеше фельдшерлік-амбулаториялық пункт салынғанына өздеріңіз де куәсіздер. Бүгін, міне, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша мәдениет үйі пайдалануға беріліп отыр. Осындай жақсы істер 2024 жылы да жалғасады, – деді Тілепберген Қайыпов.
Жаңа ғимараттың құрылысына 500 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған екен. Мердігер «Қалдығайты» ЖШС 15 айға жоспарланған құрылыс жұмысын мерзімінен бұрын 9 ай ішінде аяқтап шыққан. Екі қабатты ғимаратта кең фойе, концерт залы, жекелеген қызметтік кабинеттер, жайлы әжетхана, тіпті душ кабиналары да бар. Бес адамдық штаты бар мәдениет үйінде домбыра, көркемсөз, вокал және ән-би үйірмелері жұмыс істейтін болады.
Ауылдағы мәдениет ошағының жаңа маусымы аудандық халық театры әртістері дайындаған Г.Хугаевтың «Қара шекпен» атты әпсана-қойылымымен ашылды.
Батыс Қазақстан облысы