• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мирас 22 Қаңтар, 2024

Солтүстіктегі айтыс мектебі

314 рет
көрсетілді

Қызылжар өңірі ұзақ жыл бойы ұлттық өнерден, соның ішінде әсіресе айтыстан қағажу көріп келді. Қолдаушы, қорғаушы ішінара табылып жатса да, алқалаған орта, белсенді ұйымдастырушы болмаған соң өнердің оты маздамай, шоққа айналып жүрді. Айтыс жиі өтіп, басқа облыстардағы додаларға үнемі қатысып тұрмаған соң ақындар қожырап, үлкен өнерден қол үзіп кетті.

Арғы тарихқа бармай-ақ Тәуел­сіздіктің 30 жылын ғана айтсақ, Қы­зыл­жарда айтыс ұйымдастыру оңай болмайтын. Жалғасқан дәстүр жоқ, тек Наурыз тойының қарсаңында «ал, айтыс ұйымдастырыңдар», дейді жоғары жақтағылар. Содан ұйымдастыру­шы­лар аннан-мыннан ақындар іздеп, басқа облыстардан шақырып, әйте­уір халықты бір серпілтетін дүрмек жасайды. Сонымен келесі Наурызға дейін тым-тырыс. Ал келесі Наурызда «былтыр жасадыңдар ғой, биыл қоя қойыңдар» деп дәлдүріш бастықтар тиып та тастайтын. Солай 2-3 жыл үзілген соң басқа облыстар­дағы айтыстың дүрмегіне елеуреген ха­лықтың талабымен төртінші жылы тағы да қолға алынады. Бұл арада суып қалған шабыт қайта қоздана алмайды, ұйымдастырушылар тағы да басқа облыстардың ақындарына жүгініп, әйтеуір бірдеңе құрастырады...

Осы олқылықтың орнын Моңғо­лиядан оралған жас ақын Жарқын Жұпархан толтырып, айтысты бір ар­наға түсіріп, үзілмейтін үрдіске айналдырып келеді. Айтыстың қызуымен ана тіліне деген құрмет те артып, қа­зақ­ша сөйлейтіндер саны да көбейе бас­тады. Қазақ түгіл орыс жастарының арасында қазір қазақ тілі бұрынғыдай жат емес, құлаққа сіңімді, сөйлеуге құштарлықты оятқан әсем, әрлі болып танылып жатыр.

Жарқын Жұпархан атажұртқа орал­ған соң М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің дайындық курсында оқып, одан әрі осы оқу орнын аяқтаған. Бірер жыл облыстық газетте журналист болып, бала жасынан тауып сөйлейтін, сөзге ұста екені көзге түсіп жүретін ол басқа ақындар аз болған соң, айтысқа төтеннен қосылып кеткен. Содан бергі жиырма жылдай уақытта ол Қызылжар өңіріндегі айтыс өнерінің ту ұстаушысына айналды. Бірнеше халықаралық, респуб­ли­калық айтыстардың жүлдегері болып, Қызылжар өңіріне олжа салды. Екі білекті түріп тастап, Мағжан Жұма­баев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсі­репов, Сафуан Шаймерденов, Ерік Ас­қаров сияқты ағаларының, Нау­рыз, Тәуелсіздік күні сияқты мере­ке­лердің құрметіне айтыс ұйымдас­тыр­ды. Оларға айтыстың ақтаңгері Жүрсін Ермановтан бастап барлық мар­ғасқаны қатыстырды.

Әйтсе де Жарқын Жұпарханның солтүстіктегі ұлттық өнердің дамуы­на қосқан ең үлкен еңбегі басқа. Ол Солтүстік Қазақстанның мектеп оқу­шылары, колледж бен ЖОО сту­дент­тері арасындағы айтысқа бейімі бар балаларға жөн-жоба сілтеп, қабі­­лет­терін ұштауға ақыл-кеңес бере­тін ақын­дар мектебін ашты. Бұл туралы ке­йіпкеріміздің өзі былай дей­ді: «2019 жылы наурыз айында жер­лесіміз, бел­гі­лі ақын, елімізде айтыс­ты дамытуға зор үлес қосқан Ерік Асқаровтың 60 жылдығында біз ретро-айтыс өткізіп, сол жиында ақындар мектебінің ашы­латынын жарияладық. Оған дейін екі жыл бойы аудан, қала мектепте­рін­дегі жас таланттарды іздеп, олармен әңгіме өткізіп жүретінбіз. Сол ізде­нудің нәтижесінде облыстық бі­лім және мәдениет басқармалары­на ақын­­дар мектебін ашқымыз келеті­нін айтып, ұсыныс түсірдік. Сол ұсыны­сы­мыз ақыры қабыл болып, ақындар мектебі шаңырағын көтерді. Оның ашылу салтанатына Жүрсін Ерман аға­мыз бастаған «Қазақстанның халық ақыны» атағын алған, кезінде Ерік Асқаровпен өнер көгінде қатар жүзген Әселхан Қалыбекова, Әсия Берке­нова, Қонысбай Әбілев, сонымен бірге Баянғали Әлімжанов, Қуа­ныш Мақсұтов, Дәулеткерей Кәпұлы, Аман­жол Әлтаев т.б. ақтаңгерлерді шақырып, қатыстырған едік. Ақын аға-апаларымыз тұсауын кесіп, ақын­дар мек­тебіне Ерік Асқаровтың есімі бе­рілді. Міне, содан бері ақын­дар мектебі жас таланттардың жо­лын ашып келеді. Облыс әкімі Құмар Ақса­қаловтың қолдауымен оған Оқу­­шылар сарайынан арнайы орын берілді».

Ақындар мектебіне қабылданған дарынды балалар қоғамдық негізде төрт жыл оқиды. Жарқын Жұпархан оларды облыстың түкпір-түкпірінен жинап, оқушылар айтысында көзге түскен да­рындыларға жергілікті университет пен колледждердің гранттарын алып беріп, қаладағы оқуына көмек жасайды. Қазір осы мектепте оқып, тәлім-білім алған балалар рес­публикалық және облыстық деңгей­дегі көп­теген айтыс­қа қатысып, жүлделі орын­дар алып жүр. 2022 және 2023 жыл­­ғы Нау­рыздағы айтысқа тіпті алыстан еш­­кімді шақырмай, облыстық 18-20 ақын қатысқан үлкен айтыс ұйым­­дасты­­рылды. Соның дені – осы ақын­дар мек­­тебінің түлектері мен оқу­шылары.

Бойында ақындық дарыны бар жас­тар ақындар мектебінде бес бағыт бо­йынша тәлім алады. Ең бірінші бағыт – айтысқа баулу, бағыт-бағдар беру, айтыс үлгісімен таныстыру. Одан кейінгі бағыт – жазба ақындықтың жолдарын қарастырады. Одан соң өлең­ді мәнерлеп оқу, сөз шеберлігі. Төртін­ші бағыт – домбыра тарту, шеберлік­ке жету. Ең соңғы бағыт – сахнаның сырларын игеру, тіл мәдениеті. Соны­мен бірге мектепте ақынның таным көкжиегін кеңейту мақсатымен облыс пен республиканың мақтан тұтарлық жетістіктерін, тарихын, әдебиетін, жеке адамдардың, жерлестерінің өнердегі, соғыстағы, бей­біт замандағы ерлік істе­рімен таныстырады.

Қызылжар өңірінде ақындар мек­тебін ашуды бірден қолдап кеткендер бола қоймағаны анық. Өздері де қазақша сөйлей алмай жатқан бала­лардың арасынан ақын­ды қайдан табасың деп теріс сөйле­гендер де болды. Бірақ Жарқын қо­лға алған істі аяқсыз қалдырмай, өз деге­нінен қайтпай, білім және мәдениет бас­қар­маларынан бес орынға штат ашқы­зып, білімді де білікті деген жандарды ұстаз етіп, жас ақындармен жүйе­лі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Ұс­таз­дар өздерінің жылдық жоспарын жа­сайды, еңбекақы алып отырған соң, мін­детіне жауапкершілікпен қарай­ды. Олар ресми түрде облыстық халық шы­ғармашылығы орталығына бекітілген.

Ақындар мектебін биыл бітірген алғашқы түлектері өмірден өз орындарын тапқан. Мысалы, Абылайхан Әшімов, Дәулет Құрмаш, Диас Аяған т.б қазір журналист, ұстаз әрі ақын болып жүр. Кейбірінің алғашқы кітап­тары да жарық көрген. «Алайда халық бізден бірден таудай нәтиже кү­теді. Ол да орынды, бірақ оған көп тер төгіп қана жетуге болады. Құ­дайға шүкір, бізде қазір 70-ке жуық оқу­шымыздың арасында көзінде оты, жүре­гінде жалыны, бойында дарыны, қарымды қабілеті бары жетерлік. Олар­дың арасынан өрен жүйріктердің шығарына сенімдімін», дейді Жарқын Жұпархан.

Ақындар мектебі айтыс қана емес, басқа да өнер додаларының өтуіне мұ­рындық болып отыр. Мәселен, Абай мен Мағ­жанның өлеңдерін барынша көп жаттау бойынша да жарыс­тар өткі­зіп, дана ақындарымыздың сөздерін жас буынның үнімен шал­қытты. Былтыр облыста өткізілген «Мағ­жанның мар­­жан жырлары» ат­ты бай­қауда ақын­дар мектебінің шә­кір­ті Ақниет Дүйшен­бі бас жүлде ал­ды. Додаға қатысқан барлық 70 өрен ақын­ның кем дегенде 30 өлеңін жат­қа қа­зы­ларға айтып берді. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері де болды. «Ба­лаларды ынталандыру үшін үлкен бәй­ге тіктік. Мысалы, бас бәйгеге 300 мың теңге бердік. Мұндай ынталандыру болмаса, қазіргі балаларды тарту қиын. Ал­дағы уақытта Мұқағалидің, Ерік Асқа­ровтың өлеңдерін жатқа айту және мәнер­леп оқудан осындай байқаулар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонда ақындарымыздың өлеңдері халық арасына тарала түсе­тін болады», дейді Жарқын Жұпархан. Айта кетерлігі, 2022 жылы Семей­дегі Абай оқуларына Кәусар Төрехан деген ақындар мектебінің шә­кірті қатысып, ақынның өлеңдерін көп айту және мәнерлеп оқу бойынша бас жүл­дені алып келген. Ал Елнұр Оңда­сын Абайдың 50 өлеңін жатқа айтқан.

Міне, Қызылжар өңіріндегі ақын­дар мектебінің бүгінгі тыныс-тіршілігі осын­дай. Қазақ тілінің халық арасына та­ралып, дами түсуіне оның қосып жат­қан үлесі зор.

 

ПЕТРОПАВЛ