• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 23 Қаңтар, 2024

Отынның жаңа түрін өндіреді

261 рет
көрсетілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға ресми сапары аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, италиялық «Green spark italy srl» компаниясы және Қазақстанның жасыл сутегі одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту үшін отынның жаңа түрін өндіру технологиясын әзірлеуге ниетті.

«Natural Gas + H2» бірлескен жобасы «жасыл сутегі» өндірісін құруға және оны табиғи газбен оңтайлы араластыруға бағытталған. Жаңа технология атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл диоксиді қалдықтарын азайтуға және экологияны жақсартуға жол ашады. Университет ғалымдары тәжірибелік-өнеркәсіптік учас­кеде алынған нәтижелер бо­йынша жаңашылдықты Алматы мен Ақтау қалаларындағы жылу электр орталықтарына енгізуді ұсынатын болады.

«Еуразия ұлттық универ­си­те­тінің ғылыми әлеуеті зор әрі мықты кадрлары да жеткілікті. Біз ғалымдарымыздың ғылы­ми зерттеулерін қолдауға басым­дық береміз. Университет зерт­теушілері өнеркәсіптік кәсіп­орындардың ауаны лас­тау деңгейін төмендету үшін ғылымды қажетсінетін және экологиялық таза жаңа тех­нологияларды әзірлеу бағы­тын­да белсенді еңбек ететінін атап өткім келеді. Біздің профессор Қайрат Күтербековтің жетек­шілігімен ғалымдар тобы алғаш рет елімізде сутегі энергетикасы технология­ла­рын дамыту жобаларына бас­та­машылық танытып, оларды іске асырды. Бұл меморандум шеңберіндегі халықаралық ынты­мақтастық экологиялық таза сутегін өндіру және пайдалану бағытында қанатқақты жобаларды қолға алуға мүмкіндік береді. Бірлескен күш-жігеріміздің нәтижесі экологияны едәуір жақсартатын және зиянды қалдықтарды азайтатын отын өндірісінің жаңа технология­лық желісінің іске қосылуы болады деп сенемін», деді университеттің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов.

Университет ғалымдары сутегі энергетикасы саласында 15 жылдан бері ғылыми қызметпен айналысып келеді. Білім ордасында Еуразиялық физика-энергетикалық зерттеулер және ғылымды қажет ететін технологиялар институты табысты жұмыс істеп тұр. Өткен жылы университет пен «Алматы электр стансалары» АҚ қоршаған ортаны қорғау және газ-сутегі отынының қоспасын пайдалану бағытында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойғанын айта кеткен жөн.