Өткен аптада Ресей тарапы елімізге құс жұмыртқасын жеткізуді ұлғайту туралы өтініш түсіргені мәлім. Көрші елге жасалатын экспортты өсіруге Үкімет деңгейінде мән беріліп отыр. Дей тұрғанмен отандық тұтынушылар өнімнің барлығы шекара асып, өзіміздің нарықта тапшылық туындап қалмай ма деп алаңдайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, еліміздегі құс фабрикалары отандық нарыққа қажет өнімді толығымен қамтып қана қоймай, экспортқа сұраныс жасаған елдерді де жарылқап отыр. Мәселен, былтыр өндірілген тауық жұмыртқасының саны 5 млрд-тан асып, ішкі сұраныстың 102 пайызын құраған. Қазіргі күні құс жұмыртқасын өндіретін 32 фабрика бар.
Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин аталған өнім бойынша нарықтағы жағдайды баяндады. Оның айтуынша, елімізде тауық жұмыртқасы бойынша ешқандай тапшылық жоқ.
«Отандық нарықта құс жұмыртқасы барынша жеткілікті екені байқалып отыр. 2022 жылы отандық өндірушілер 5 млрд дана, былтырғы жылдың алғашқы 11 айында 4,9 млрд дана жұмыртқа өндірген. Жұмыртқаның бұл көлемі елдегі сұраныстың 102 пайызын құрайды. Яғни кәсіпкерлердің қолында сыртқа шығаруға арналған артық өнім бар деген сөз. Оның үстіне қазір еліміз бойынша 10 құс фабрикасының (жұмыртқа бағытында) құрылысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта біздің министрлік мұндай өндірістік кәсіпорындар жоқ Ұлытау, Жетісу, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында 25 пайыздық инвестсубсидия енгізуді жоспарлап қойды. Өткен жылдың 11 айында өндірушілеріміз сыртқа 264 млн дана жұмыртқа экспорттаған. Егер отандық нарықта шын мәнінде жетіспеушілік болса, біз әкімшілік амал қолданып, оған жол бермес едік. Тек Ауғанстанға 10 ай ішінде 115 млн дана жұмыртқа жіберіппіз. Жалпы, Ресей, Ауғанстан және өзге де елдерге экспортталып жатыр», дейді вице-министр.
Агроөнеркәсіп кешенінде 34 бройлер типіндегі және 32 жұмыртқа бағытындағы фабрика бар. Инвестициялық субсидиядан бөлек, кәсіпкерлерге бір күндік балапан сатып алғаны үшін 60 теңгеден демеуқаржы төленеді. Бұған қоса алдағы айларда жұмыртқа өндіру бойынша ішкі резервтер іске қосыла бастайды деп күтіліп отыр. Бұл дегеніміз – бұған дейін тоқтап қалған фабрикаларды қайта жүргізу.
«Еліміз бойынша жұмыртқа өндіріп келген 5 фабриканың жұмысы тоқтап тұр. Біз ертеңнен бастап олардың мәселесін талқылауды бастаймыз. Әрқайсысының тоқтау себебін анықтап, тезірек іске қосылуына мүдделіміз. Егер қаражат тапшылығынан тұрып қалған болса, бюджеттен қаржы беріледі. Кейбір кәсіпорындар жергілікті нарықта жұмыртқаның көбейіп кетуінен тежеліп қалған болуы мүмкін. Мұндай өндіріс орындарына жұмысын қайта жаңғыртуға жағдай жасалады. Қазір жұмыртқаның бағасы өсті, оның босату құны кәсіпкерлер үшін тиімді. Осындай резервтер есебінен алдағы уақытта Ресей еліне жұмыртқа экспортын жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Ал өзіміздің нарықта тапшылық қалыптаспайды, бізде қор жеткілікті», деп нақтылады вице-министр.
Павлодар облысының тұрақтандыру қоры 2022 жылы 6,5 млн дана жұмыртқа сатып алған. Оның 1,5 млн данасы былтыр жергілікті сауда саласындағы кәсіпкерлерге арзан бағада босатылды. Қойма есебінде тұрған 5 млн дана құс жұмыртқасы алдағы жазға дейін жетеді деп болжанып отыр. Әдетте аймақта жұмыртқа бағасы нарықта өнім көбейген уақытта, сәуір–мамыр айларында төмендейтіні мәлім. Қазір өнімнің ондығы (І сұрып) қордан 426 теңгеден босатылса, ал әлеуметтік дүкендерде 468 теңгеден сатылып жатыр.
Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағытындағы құс фабрикаларының да қайта жандануына ықылас танытып отыр. Павлодар облысында бұған дейін Қызылжар құс фабрикасы тоқтап қалған еді. Жақын уақытта мемлекет қолдап жіберсе, кәсіпорынның тамырына қайта қан жүгіруі ғажап емес.
Павлодар облысы