Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген бағдарламалық сұхбатында 2024 жыл еліміздің бесжылдық дамуына негіз қалайтын, жаңа экономикалық үлгіге көшетін айрықша маңызды кезеңнің басы болатынын атап көрсетті. Еліміздегі реформалар жүйелі әрі нақты сипатқа ие болатынын да ескертті. Себебі қоғамның да, ұлттың да саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді.
Президенттің сұхбатында қоғамды алаңдатқан көп сауалға нақты жауап беріліп, ел дамуының алда тұрған негізгі міндеттері айқындалды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып сайланғаннан бастап басты ұстанымы әділеттілік екенін, онсыз қоғам ешқашан дамымайтынын айтып келеді. «Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтып алумен бірдей», деген еді Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында. Қоғам әділеттілік салтанат құрғанда ғана жаңарады, дамиды. Елдегі келеңсіз жағдайлар: сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедей табысының алшақтығы, ұлттық байлықтың теңдей жəне əділ бөлінбеуі, азаматтар құқықтарының қорғалмауы, қолданыстағы заңдардың толыққанды орындалмауы – биліктегілердің қасиеті мен қағидатына байланысты. Сондықтан әділетсіздікпен аяусыз күресу басты міндетіміз болуы керек.
Мемлекет басшысы Қасіретті қаңтарға әкеп соқтырған алғышарттардың бірі қосарланған билік жүйесі екенін осы сұхбат барысында ашық мәлімдеді. Осы жағдайдан сабақ алып, мұндай қайғылы оқиғаның қайталанбауына, тек мемлекетіміздің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауымыз керек екеніне ерекше тоқталды. Билік, қоғам, баршамыз Қаңтар оқиғасының себеп-салдарынан сабақ алуымыз керек. Бұл үшін Президент айтқандай, заң мен тәртіп үстемдігін орнату – басты қағидатымыз. Осы тұрғыдан алғанда, ел тұрғындарының саяси өмірге көбірек қатысуына мүмкіндік беріп, әділетті, демократиялық қоғам құруға бағытталған мемлекет саясатын баршамыз қолдауымыз керек.
Еліміз үшін ең басты мақсат – халқымыздың әл-ауқатының артуы. Экономикалық жетістікті әр отандасымыз сезінуге тиіс. Оған қол жеткізу үшін үздіксіз дамып, үнемі өрлеп, өркендеуіміз қажет.
Президент сұхбатында алда тұрған экономикалық реформалар туралы айта келіп, еліміздің қарыштап дамуы, мақсаттардың орындалуы ел Үкіметінің жан-жақты ойластырылған стратегиясына тығыз байланысты екенін атап өтті. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің өздеріне жүктелген міндеттерді мінсіз атқаратын кəсіби маман, бастамашыл болуы, нақты істерімен елге пайда əкелетін, жаңалықтар мен өзгерістерді халыққа көрсетіп, қарапайым тілмен түсіндіре алуы өте маңызды. «Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын дөп баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтаждарын тыңдап-түсінуге, соған сəйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға жəне дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек», деп мемлекеттік қызметкерлердің халыққа жақын болу керектігін де қадап айтты.
Президенттің «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидасы жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілердің негізгі ұстанымына айналуға тиіс. Мемлекеттік қызметкерлер бекітілген график бойынша азаматтарды қабылдап, тұрғындардың арыз-шағымдарын, өтініштерін, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, шешіп немесе түсіндіріп отыруды жұмыс істеу тәжірибесіне айналдырғаны жөн. Сонымен бірге олар елді мекендерде халықпен жиі кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарға есеп беріп, алда тұрған міндеттер туралы хабарлап отырулары керек. Мұндай кездесулер мен қабылдауларда күнделікті түйткілді мәселелерге байланысты ашық ой-пікірлер, ұсыныстар, өтініштер айтылады. Оларды есепке алып, орындауын бақылап, келесі кездесулерде қалай орындалып жатқаны баяндалып отырса, халық айтылған ұсыныс-пікірлердің жерде қалмайтынын түсініп, қоғамдық жұмысқа белсене араласады.
Тыңдай білсең, халық – дана. Пікірлесу, ақылдасу барысында айтылған ой-пікірлердің ішінен талай ұтымды, ұтқыр идеяларды алуға болады. Халық жай әңгіменің өзінде мәнді ақыл айтады, талап қояды, міндет артады. Түйінді мәселелер көпшілік талқысына түскенде өз-өзінен шешімін тауып кетуі де мүмкін. Мұндай кездесулер алдағы жұмыстарға бағыт-бағдар беруі де ғажап емес. Ең бастысы, жұмыстың осындай бағыты билікті халықпен жақындастырады, халықтың билікке деген сенімін ұлғайтады, елдің бірлігі нығаяды.
Мемлекет басшысы сұхбатта Үкіметтің жұмыс стилін өзгертуге байланысты да тоқталып өтті. Бүгінде Үкіметке бірқатар қосымша өкілеттілік беріліп, Президент әкімшілігі атқарушы биліктің қызметіне араласпай, басты саяси штаб ретінде ғана жұмыс істейтін болды. Өңірлердің бюджетке қатысты дербестігінің арта түскенін Президент: «Қазір Үкіметтің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктері жеткілікті. Дербестікке жəне қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар», оларға қойылатын талап та күшейді. Үкімет мұны түсінуге тиіс», деп Үкіметке үлкен сенім артылғанын айтып өтті. Мемлекет басшысының қосымша өкілеттіктер мен дербестік беру туралы шешімі Үкіметтің жұмысына тың серпін беруге тиіс. Енді Үкімет экономиканы басқарудың жаңа, заманауи тəсілдерін қолданып, экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформаларды қатар жүргізіп, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту арқылы, халықтың тұрмыс жағдайын түзеуге бағытталған шараларды қолға алуы керек.
Тағы бір айта кететін мәселе. Жыл сайынғы халық асыға күтетін Президент Жолдауында еліміздің алдында тұрған міндеттер мен халқымыздың тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталған ауқымды іс-шаралар айқындалып, Үкіметке, басқа да атқарушы органдарға нақты тапсырмалар беріледі. Маңызды құжаттағы Мемлекет басшысының тапсырмаларын бүкіл ел естіп, орындалуын асыға күтеді. Ал бұл тапсырмалардың қайсысы орындалды? Қай тапсырма әлі қозғалмады? Бұл жөнінде көпшілік біле бермейді. Жолдаудағы, бағдарламалардағы айтылған міндеттер мен тапсырмалардың қалай орындалғаны туралы халық біліп отыруы керек. Үкімет Парламентте бюджетті бекітіп, оның орындалуы туралы есеп берумен бірге, Президент Жолдауын орындау мақсатында əзірленген Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын да, оның орындалуы туралы есебін де тыңдап бекітуі (немесе бекітпеуі) қажет. Мұндай тәжірибе Үкіметтің жауапкершілігі мен орындаушылық тәртібін көтеріп, қоғамның сенімін нығайтады.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы